
Алматылық «Қайрат» футбол клубы өз тарихында үшінші мәрте кәрі құрлықтың басты додасы саналатын Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Алматылықтар үнемі азулы қарсыластарға тап болғанымен, үнемі соңына дейін күресіп, сенсация авторы атануға қауқары бар. 2005 жылы Словакияның «Артмедиасынан» (3:4) өтуге шақ қалса, 2021 жылы Израильдің «Маккабиінен» (3:1) өтті. Ал биыл «Қайратты» айқын аутсайдердің қатарына қоса аламыз ба?
Қарсылас тәжірибелі ме?
Словения астанасының «Олимпия» клубы 8 мәрте ел чемпионы саналғанымен, олар Чемпиондар лигасында төртінші рет бақтарын сынамақ. Бұған дейін 2016 және 2018 жылдары бірінші айналымнан аса алмап еді. Бірақ 2023 жылы үшінші кезеңге жетіп, Түркия чемпионы «Галатасарайға» жетіп, тоқтады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде доп теппесе де, бұл ұжым 2 жыл қатарынан Конференциялар лигасында өнер көрсетіп келеді. Тіпті былтыр 1/16 финалға шығып, «Борацқа» (Босния және Герцеговина) жол берді.
Бағасы
«Қайрат» пен «Олимпияның» құны шамалас. Алматылық футболшылар 12,40 млн еуроға бағаланса, словениялықтардың бағасы 13,88 млн еуроны құрайды. Transfermarkt порталының мәліметінше, клубтың ең қымбат ойыншылары — жартылай қорғаушы Димитар Митровский (1,5 млн еуро), қақпашы Матевж Видовшек (1,2 млн еуро) және тірек жартылай қорғаушы Питер Агба (1 млн еуро).
Қандай стадионда ойнайды?
Команда өз матчтарын 16 038 көрерменге арналған «Стожице» стадионында өткізеді. Бұл арена 2010 жылы ашылып, құрылысына 43 миллион еуро жұмсалған. Бұл стадионда Словения ұлттық құрамасы да өз ойындарын өткізеді. 2023 және 2024 жылдары бұл алаңда Қазақстан құрамасы да өнер көрсеткен болатын. Бірақ Словенияға қарсы алаңға «Қайрат» сапынан қазіргі Еркін Тапалов ғана 81-минутта қосалқы құрамнан шыққан.
Кім жаттықтырады?
44 жастағы португалиялық маман Жоау Коррейя 1 шілдеден бастап, «Олимпия» клубын тізгіндеді. Жаттықтырушы өткен маусымда Португалия чемпионатында соңғы орын алған «Боавишта» клубын баптаған.
Словениялық ұжым шілде айында Албанияның күміс жүлдегері «Влазнияны» 4:0 және Болгарияның вице-чемпионы «ЦСКА София» клубымен жолдастық ойын өткізіп, 3:0 есебімен жеңген.
Біздің серіктес: FONBET