Чемпиондар лигасы Лиссабонда өтеді

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
12.06.2020, 18:16
Матчтардың барлығы бір қалада және аз уақыттың ішінде өте шығады. Басқа амал жоқ.
Чемпиондар лигасы Лиссабонда өтеді

Бірден айтайық нақты шешім 17-маусым күні қабылданады. Дегенімен оған дейінгі жиналыста көп мәселе шешілді. Яғни еурокубок ойындарының соңғы ойындарын жылдам әрі жинақы өткізу басты тақырып болды. Жарысты топтық турнир қылып өткізе салу идеясы да қарастырылды. Сонымен жарыс бір қалада немесе 100 шақырымның радиусында орналасқан стадиондарда ғана өтуі тиіс. Чемпиондар лигасының биылғы ерекше жарысын Мәскеу, Франкфурт және Лиссабон қалалары өткізгісі келді. Бірақ, Ресейде коронавирус өршіп тұр. Ал Франкфуртте Еуропа лигасының плэй-офф матчтары өтетін болды. Себебі, "Лейпциг" пен "Бавария" сияқты неміс клубтары әлі жарыстан шыққан жоқ. Португалия клубтары болса жарыстан шығып қалған. Демек, Лиссабонда Чемпиондар лигасы өтеді деген сөз.

Лиссабон қаласында "Эштадиу да Луш", "Жозе Алваладе" деген екі керемет стадион бар. Бірі "Бенфиканыкі", екіншісі "Спортингтікі". Сонымен қатар жақын жерде "Белененсеш" клубының стадионы тұр. 25 мың адам сиятын "Эштадиу ду Рештелу" стадионы да жарайды. Сосын "Эштадиу Насиональ" бар. Бұл кешенге 37 мың жанкүйер сияды. Бұл жерде жанкүйер сияды дегенді өзге мағынада түсіну қажет. Себебі, чемпиондар лигасының бұл ойындарына фанаттар кіргізілмейді. Сонымен Португалияда 4 стадион дайын және елдегі вирустың да қарқыны бәсеңдеген.

Франкфурттың Еуропа лигасы жарысын өткізетіні айдан анық болып тұр. Себебі, бұл қала бәсекелес жоқ. 100 шақырым радиуста "Майнц", "Хоффенхайм", "Дармштад", "Карлсруэ", "Висбаден" және "Айнтрахт" клубтарының стадионы бар екен. Бәрі бір-біріне жақын орналасқан. Сондықтан да, еурокбоктың бұл додасы неміс жерінде өтетініне ешкім қарсы болмады. УЕФАның бұл жиынында сонымен қатар Германия вируспен тамаша күресіп, Бундеслигасын елден ерте бастағаны да мақтау сөздермен көмкеріліп жатты.

"Мундо Депортиво" газетінің жазуына сенер болсақ, еурододалар ширек финалдан бастап бір ғана матчтан тұрады. Тамыз айында берілген 2 аптаның ішінде Чемпиондар лигасы да, Еуропа лигасы да түгел ойналып бітеді. Оған дейін 1/8 финалдың жауапты матчтары бұрынғы тізім бойынша ойналып үлгеруі тиіс. Блиц-додаға шығып тұрған 4 команданың есімі белгілі. Олар: ПСЖ, "Атлетико" М, "Аталанта", "Лейпциг".


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×