Чемпиондар Лигасы. Плэй-офф

23.08.2012, 03:13
Чемпиондар Лигасы. Плэй-офф
   Осы аптада Европаның клубтық деңгейдегі ең ірі додасы Чемпиондар Лигасының плей-оффтық ойындары басталды. Бұл сында топтық кезеңге бір қадам қалған клубтар қарсыласынан басым түсу үшін бар күшін салып жататыны анық. Сонымен кеше ойналған бес жұптың нәтижелерін алдарыңызға ұсынамыз.    Ресейдің вице-чемпионы «Спартак» өз алаңында түркиялық «Фенербахчеден» айласын асырды. «Лужники» стадионына жиналған жанкүйерлерінің алдында алаң иелері екінші таймда ғана қарсыласының қақпасынан саңлау тапты. 59-минутта Эменике есепте өз командасын алға шығарды. Десе де, қонақтар да өз жауабын көп ұзамай қайтарды. Араға алты минут салып Кейт таразы басын теңестірді. Намысын қайрай түскен мәскеуліктер төрт минуттан кейін тағы да есепте алға шықты. Мәскеуліктердің жеңіс голын соққан - Комбаров. Есеп – 2:1 . Сырт алаңдағы жеңілісіне қарамай «Фенербахченің» топтық кезеңге шығуға мүмкіндігі зор. Түркиялық жанкүйерлерге осындай үміт сыйлайтын себеп – сырт алаңда соғылған гол.    2011/2012 жылы өткен Чемпиондар Лигасының нағыз «қаһарманы» деген атаққа әбден лайық швейцариялық «Базель» өз алаңында ЧФР-ге жол берді. «МЮ-ды» жолдан тайдырып, «Баварияның» жүйкесіне тиген «Базель» бірінші таймның соңына таман есепте алға шыққан болатын. Команда капитаны Марко Штреллер жанкүйерлерінің көзайымына айналды. Бірақ қонақтар да өз сөзін әлі айтатынын 66-минутта білдірді. Муду Сугу есепті теңестірді. Араға бес минут салып Муду Сугу швейцариялықтарды допты тағы бір мәрте ортадан бастауға мәжбүр етті. Есеп – 1:2 . Сырт алаңдағы жеңісінен кейін ЧФР-дің топтық кезеңге шығатын мүмкіндігі зор. Ал «Базель» қарымта ойында бар күшін салуға тиіс. Швециялық «Хельсинборг» өз жанкүйерлерінің алдында Шотландия чемпионы «Селтикке» тізе бүкті. Бас қазы Бенкеренса ысқырығы естілгеннен кейін бар болғаны екі минут салып, қонақтар алға шығып үлгерді. Алаң иелерінің қақпасына допты тоғытқан Коммонс болатын. «Хельсинборг» есепті теңестірмесе, жағдайының нашарлайтынын түсінгені белгілі. Тек қонақтар өз қақпасын қорғауда керемет ойын көрсетті. Алаң иелерінің есепті теңестіруге деген үмітін 75-минутта Самарас үзді. Есеп – 0:2. Ешқандай ғажайып оқиға орын алмаса, келесі аптада шотландиялық клуб топтық кезеңге өтері анық. «Базель» мен «Хельсинборг» секілді «Боруссия» да өз алаңында жеңіліс тапты. Киевтік «Динамоны» қабылдаған неміс клубы өз жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалды. Ойынның басында Ринг голымен алға шыққан «Боруссия» бүгінгі ойында-ақ топтық кезеңге шығатын мүмкіндікті қалтасына салуды ойлай бастағаны анық. Десе де, «Динамо» капитаны Михалик есепті теңестіріп, ойынның қызық болатын білдіргендей болды. Жасыл алаңдағы «майданда» украиналықтардың мысы басымдау болған секілді. Михалик голынан шабыттана түсіп, өз ойындарына жан бітіре бастады. 36-минут... Ярмоленко... Украиналықтар алға шықты. Бірінші таймда-ақ есептегі басымдықты өз қолынан жіберіп қойған немістер енді таразы басын теңестіруге ұмтылды. 81-минутта боррусиялық Люк де Йонг допты қақпаға енгізді. Тек қарсыласының емес, өзінің... Осылайша 1:3 есебімен жеңілген «Боруссияның» топтық кезеңге шығу мүмкіндігі жоқтың қасы. Карымта ойында Киев төрінде 0:3 есебімен басым түсуі қажет.     Даниялық «Копенгаген» өз алаңында француздық «Лилль» командасын жалғыз доп айырмашылығымен жеңді. 38-минутта бразилиялық Сезар Сантиннің баспен бағыттаған соққысы Ландро қорғаған қақпадан табылған еді. Француздықтардың есеп теңестіру үшін жасалған шабуылдарының барлығы да нәтижесіз аяқталды. Тіпті Пайе он бір метрлік айып добынан мүлт кеткен еді. Есеп – 1:0. Бірақ әлі де қос ұжымның да топтық кезеңге шығатын мүмкіндігі мол. Кім мықтыны қарымта ойында біле жатармыз. Осылайша өткен түнде ойналған бес ойынды назарларыңызға ұсындық. Кейбір ұжымдар өте жақсы нәтижеге қол жеткізіп, Европаның мықты 32 клубының қатарына енуге аяқ басса, тиісінше кейбірі сүрең ойын көрсетіп, қарымта ойынға сеніммен ғана қарауда. Кім біледі, доп домалақ деген... Есет ТӨЛЕШ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×