Чемпиондар Лигасы. Плэй-офф – 2

23.08.2012, 22:38
Чемпиондар Лигасы. Плэй-офф – 2
     Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде ойнау кез-келген командаға бұйыра бермейтін бақ. Кешкілік түнде осы топтық кезеңге өту үшін жасыл алаңдағы шайқасқа бес жұп шыққан болатын. Назарларыңызға плей-оффқтық ойындардың қызықтары мен шыжықтарын ұсынуды жалғастырамыз.     Португалиялық «Брага» өз алаңында италиялық «Удинезені» қабылдап, тең тарқасты. Бұл ойында қонақтар португалиялықтардың мазасын әбден қашырды. Душан Баста бірінші таймның орта тұсында қонақтарды алға шығарып, матчты көріктіре түсірді. Бұл голдан кейін алаң иелерін тек шабуылда ғана көретініміз белгілі еді. Ойын дәл осы «сценарий» бойынша жүрді. «Браганың» сансыз шабуылдарын бірде «Удинезе» қақпашысы Бркич тоқтатса, бірде португалиялықтардың өзі мүлт кетіп жатты. 68-минутта алаң иелері өз дегеніне жетті. Исмаилдың керемет голы «Браганы» жеңілістен құтқарып  қалды. Бұл аптада нағыз мықтыны таба алмаған бұл жұпқа келесі аптада назар аударамыз.    Нағыз драма Хорватия төрінде орын алды. Загребтік «Динамоға» «Марибор» қонаққа келген еді. Былтыр осы турнирдің топтық кезеңінде өнер көрсеткен алаң иелері бұл жолы да көрсеткішін қайталауға тырысатыны белгілі. Алаңға дәл осыны көздеп шыққан «Динамо» тез есеп ашып алды. Дуйе Чоп 10-минутта өз жанкүйерлерінің төбесін көкке жеткізіп тастады. Алайда хорватиялықтар қонақтарға өз қолдарымен сый жасап берді. Милан Бадель «қақпаны шатастырып», допты өз қақпасында тулаты. Бірінші тайм осы нәтижемен аяқталғаннан кейін, екінші қырық бес минут «Динамоның» допқа иелік етуімен өтті. 74-минутта әлгі өз қақпасына гол соққан Бадель «Марибор» қақпасынан саңлау тауып, өз қатесін түзеді. Есеп – 2:1. Осылайша, қос ұжым да келесі айналымға шығатын мүмкіндігін сақтап қала алды.       Қазір қиын уақыттарын басынан өткізіп жатқан испаниялық «Малага» өз стадионында грекиялық «Панатинаикосты» қабылдап, сенімді жеңіске жетті. Бұл ойынды барша қазақстандықтар КТК арнасынан көруге мүмкіндік алған болатын. Чемпиондар Лигасының дебютанттары бұл жолы тіс қаққан тәжірибелі қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Алдымен 17-минутта аргентиналық қорғаушы Демикелис бұрыштама добынан кейін есепте «Малаганы» алға шығарса, 34-минутта Исконың пасынан кейін Элизеу есепті еселеді. Екінші таймда да атақты бапкер Пеллегрини шәкірттері ойынды бақылауында ұстап, грекиялықтардың есеп айырмасын қысқартуына мүмкіндік бермеді. Есеп – 2:0, қарымта матчқа пиренейліктер сенімді аттанса болады. Дәл осындай нәтиже «БАТЭ»-«Хапоэль» жұбында да орын алды. Қос таймда бір-бір голдан енгізген алаң иелері «Хапоэль» ойыншыларының бір рет те көзге түсуіне мүмкіндік бермеді. Айта кетерлік жәйт, «БАТЭ» ойыншысы Радионов дубль жасап, екі мәрте қанжығасын майлады. Осылайша келесі аптада өтетін қарымта матчқа, «БАТЭ» үлкен үмітпен, сеніммен бара алады. Нағыз сенсация «АЕК»-«Андерлехт» ойынында орын алды. Кипр чемпиондары өз алаңында Бельгияға ғана емес, Европада танымал «Андерлехтті» қабылдаған болатын. Бірінші таймда «Цирин Атлетик Центр» стадионына жиналған жергілікті қауымның бақытында шек болмады. 34-минутта Доса Жуниор өз жанкүйерлерінің көзайымына айналды. Десе де азулы «Андерлехт» екінші таймда таразы басын теңестіре алды. 62-минутта қонақтар сапынан көзге түскен Мбокани. Бұнымен әлі де тоқтамаған кипрліктер араға он минут салып Мигелдің көмегімен тағы да  алға шықты. Бұл жолы қонақтарға есепті теңестіру қиынға айналды, үш минуттан соң Йованович қызыл қағазбен «марапатталып», алаңнан қуылды. Бас төреші Мажичтің ақырғы ысқырығы аяқталғанша осы есеп сақталып қалды. Міне, алғашқы ойындар осылайша аяқталды. Егер бұл командалардың біреуі немесе бір ойыншы көңіліңізден шығып жатса, төменге пікір қалдырыңыз. Есет ТӨЛЕШ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×