Чемпиондыққа кім лайық?

25.10.2022, 19:33
«Ақтөбе» қорғаныста жақсы ойнайды, бірақ шабулына көңілі толмайтындар көп.
Чемпиондыққа кім лайық?

Соңғы кездері «Ақтөбе» командасына қатысты сан қилы пікірлер жазылып жатыр, айтылып жатыр. Соның ішіндегі 2 өзекті тақырып – «Ақтөбе» матчтарындағы төрешілер жұмысы мен «Ақтөбе» командасының ойын өрнегі жайлы пікірлерді атап өтуге болады. Сол жайында тарқатып кеттер болсақ.

Ең үлкен жанжал «Тобыл» - «Ақтөбе» матчында орын алды. Сәкен Байымбеттің жұмысын микроскоппен қарап, талдап жатты жұрт. 

Бұл жердегі мәселелер:

  1. «Тобылға» пенальтиді қайта тепкізуі;
  2. «Ақтөбе» ойыншыларына үйіп сары қағаз беруі;
  3. «Тобыл» қақпасына пенальти белгілемеуі;
  4. Ойынға 3 минут қосуы сеп болып отыр. 

Әрине бастапқы 3 пункт бойынша ұзақ дауласуға болады, төрешіні ақтап алуға да болады. Бірақ дауласуға келмейтін бір факт – ойынға қосымша 3 минут қосқаны. 2-ші тайм барысында 7 ойыншы алмасты, 7 сары қағаз, пенальти, 2 рет ВАР қарады және бір рет тыңдады. 3 минут қосу – қай жағынан алып қарасаң да субъективті әрі ақтап алуға еш келмейтін шешім екені анық. 

Ал кешегі матчтағы 2 пенальти, Байтанының қызылы, Ерлановқа сары қағаз мәселесі бойынша. Бірінші пенальти – күмәнсыз таза. Тіпті Керімжановты алаңнан қуса да болатын еді, өйткені арттан, өкшеден, екі аяғымен шалды. Байтанының қызылы да таза. Талқылағым да жоқ. Екінші пенальти де таза, «Тұранның» бір де бір ойыншысы дауласқан жоқ, төреші ВАР да қарамай бірден көрсетті, көз алдында болды. Руслан Жанысбаев қолына тигенін мойындап, басын ұстады. Ал Ерлановқа қызыл қағаз көрсетуі бойынша. Иә, Ерланов қауіпті ойнады, бірақ соңғы мезетте аяғын тартып үлгерді, сөйтіп тіке тимей, жанап қана өтті. Төреші осыны ескерсе керек.

«Ақтөбенің» ойын өрнегіне келер болсақ. ҚПЛ – әдемі футбол конкурсы емес. Ол спорт, әр команданың өз стилі болады. Менің жеке ойым бойынша, қазақстандық клубтар қорғаныста ойнауды алға қою керек. «Шахтер» 2 жыл қатарынан аут лақтырып чемпион болды, «Селтикке» ауттан гол салды, алғаш болып Еурокубоктің топтық кезеңінде ойнады. «Реал» кеше ғана финалда «Ливерпульдің» 23 соққысына бір соққымен жауап беріп, трофейді алды. Биылғы ойыны керемет деген «Астана» мен «Тобылдың» Еуропадағы нәтижесін білесіздер, ал қорғаныста жатып алған «Қызылжар» бәрімізді қуантты. Тіпті Ұлттық құрамамыз да ойқастап шабулдаған жоқ. Бізге Еуропада әдемі футбол ойын ойнауға әлі ерте. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×