
«Оқжетпес» клубының көшбасшысы Дәурен Жұмат Қазақстан құрамасы туралы ойын ортаға салды.
Айта кетейік, жартылай қорғаушы ұлттық команданың алдағы екі кездесуіне шақырылған футболшылардың негізгі тізіміне енген болатын. Маусымның бесінде Беларуське қарсы жолдастық ойын бар, ал 4 күннен кейін «Астана Аренада» Әли Әлиевтің командасы Солтүстік Македонияны қабылдамақ. Сол ойындардың бірінде Дәурен Жұмат өзінің дебюттік кездесуін өткізуі ықтимал.
«Мұндай қолдаудан керемет әсер алдым. Команданың бір бөлшегі болу жеткіліксіз, оған пайдаңды да әкелуің керек. Жаттығу кезіндегі деңгей бірден байқалды. Команда ішінде достық атмосферасы орнаған, барлығы көмектесуге дайын тұрады. Басынан бастап қуаныш пен жауапкершілік жүгін сезіндім. Ұлттық құрама команда жейдесін кию – үлкен абырой. Бұл жай команда емес – бұл елдің нышаны. Менің мақсатым – команда құрамындағы орнымды шегелеп, пайдамды тигізу, Отанымның намысын қорғау», - деді жартылай қорғаушы.
Дәурен Жұмат биыл «Оқжетпес» сапында нәтижелі өнер көрсетуде. Жартылай қорғаушы ҚПЛ-де 11 кездесуде 7 голдың авторы атанды. Дәурен көкшетаулық клубқа дейін «Мақтаарал», «Тараздың» жастар командасының намысын қорғаған. 26 жасар футболшының нарықтық бағасы 100 мың еуро.
Біздің серіктес: FONBET