
Қазақстан құрамасы мен "Зениттің" қорғаушысы Нұралы Әліп ҚФФ-ның баспасөз-қызметіне сұқбат беріп, ұлттық команданың жаттығу жиыны жайлы айтты. Ұлттық команда көшбасшысы сондай-ақ, жас футболшыларды қолдауға қатысты пікірімен де бөліскен болатын.
«Баршаңызға ассалаумағалейкум! Қазақстанға келіп қалдық. «Астана Аренада» ойнамағанымызға 562 күн болыпты. Соңғы рет Сан-Мариноны қабылдап едік. Бұл стадиондағы атмосфераны барша қазақ жанкүйерлері сағынған шығар. Кеше Асхат та айтып жатыр: «бұл жердің атмосферасы бөлек қой, шіркін» деп. Барлығымыз ұлттық құраманы сағынып қалдық. Алдағы Солтүстік Македонияға қарсы матч сәтті өтеді деп ойлаймын. Беларусьқа қарсы жолдастық кездесуді пайдаланып, Солтүстік Македониямен болатын маңызды матчқа дайындаламыз. Бас бапкер барлығына ойын уақытын беретінін айтты. Бұйырса, 4 маусым күні Борисов қаласына аттанамыз. Ең бастысы, барлық футболшылар жарақат алмай, 9 маусымдағы матчқа дайын болуы тиіс. Ұлттық құрамадағы атмосфера клубтағыдан бөлек. Мұндағы жігіттер жаңадан келген футболшыларды қалай қарсы алу керектігін біледі. Тек қана қолдау көрсетеді. Өзім де 2018 жылы ұлттық құрамаға алғаш келгенімде, Исламхан, Қуаттар қолдау көрсетті. Қазір мен де жастарға көмектесемін», - деді қорғаушы.
Қазақстан алда екі кездесу өткізеді – 5-маусымда Минск қаласында Беларусьпен жолығады. Ал тоғызыншы маусымда Солтүстік Македониямен шеберлік байқасады. Бұл ӘЧ-2026 іріктеуінің аясындағы бәсеке. Әли Әлиевтің командасы іріктеу компаниясының 3 турынан кейін J тобында үш ұпаймен үшінші орынға жайғасқан. Алғашқы екі кездесуде Уэльстен ұтылсақ 1:3, екінші турда Лихтенштейннен басым түстік 2:0.
Біздің серіктес: FONBET