Дастан Сәтпаевтың командасы, Лондондық "Челси" тізгінін Хаби Алонсо ұстайтын болды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Давид Орнштейн растады: Алонсо Лондонға келді
Анық әрі сенімді инсайдерлік ақпараттарымен белгілі The Athletic басылымының тілшісі Давид Орнштейннің хабарлауынша, "Челси" жақын арада Хаби Алонсоны команданың бас бапкері ретінде ресми түрде таныстырмақ.
44 жастағы Алонсо Лондондық клубпен 4 жылдық келісімшартқа қол қояды. Осы аптаның басында "Ливерпульдің” бұрынғы жұлдызы келісімшарттың егжей-тегжейін талқылау үшін Лондонға арнайы барып қайтты. Ресми мәлімдеме жақын уақытта жарияланады.
Сәтпаев және басқалар: "Челсидің” болашағы жарқын
Хаби Алонсоның келуімен қатар, “Ақсүйектер” осы жазғы трансферлік терезеде бірнеше жас талантты өз қатарына қосады. Олардың арасында "Қайраттың” түлегі, 17 жасар Қазақстандық Дастан Сәтпаев та бар.
Лондондық клубтың құрамы жазда төмендегідей жастармен толықпақ:
– Дастан Сәтпаев (17 жас, Орталық шабуылшы)
– Жеовани Кенда (19 жас, Оң қанат шабуылшысы)
– Деннер Эвангелиста (18 жас, Сол қанат қорғаушысы)
– Эмануэль Эмегха (23 жас, Орталық шабуылшы)
"Челси” басшылығы Алонсоның қол астына Еуропа ғана емес, әлем футболын бағындыруға қауқарлы 23 жасқа дейінгі ең үздік таланттар шоғырын жинап беріп отыр. Эстевао, Кендри Паэс, Жоррел Хато, Алехандро Гарначо, Ромео Лавия және Леви Колвилл сияқты жарық жұлдыздардың қатарында енді біздің отандасымыз Дастан Сәтпаев та доп тебеді.
Ауқымды трансферлік саясат пен Хаби Алонсо сияқты тактиктің келуі "Челсидің” алдағы маусымда үлкен белестерді бағындыруға дайын екенін көрсетеді.