Дель Пьеро. Асыл адам айнымас

20.11.2014, 02:52
Дель Пьеро. Асыл адам айнымас
Әлемде есімі тек бір командамен ғана байланысты  футболшылар бар. Рауль десе "Реал Мадрид", "Рома" десе Тотти, Лэмпард десе "Челси", Джеррард десе "Ливерпуль" дегендей. Сол секілді Алессандро Дель Пьеро деген есімді естісек есімізге бірден "Ювентус" түседі. Басқаша болу мүмкін емес, себебі 20 жылдай уақыт Дель Пьеро "кәрі сеньораның" намысын қорғаған. Футбол әлемі бұл есімді 90-шы жылдардың ортасында тани бастапты. Б сериясының "Падова" деген ортан қол командасынан "Ювентусқа" ауысып келгеннен кейін. Кем дегенде әр 3 жылда Чемпиондар Лигасының финалына шығып, жеңіп тұратын "Ювентуста" ол кезде жұлдыздар жеткілікті еді. Бірақ, 1 жылдан кейін-ақ Дель Пьеросыз "Ювентусты" елестету мүмкін емес-тұғын. Жас кезінен бастап-ақ оның басты қаруы алыстан бағыттайтын соққылары болатын. Оның сүйікті ісі, қарсылас айып алаңының тура алдында тоқтап, алдындағы қорғаушыны бір-екі қимылмен басын айналдырып, қапыда қалдырып, қақпаға допты бағыттай салу. Оның футбол ойнау мәнерін бәрі де білетін, қорғаушылар да, қақпашылар да қалай, қайда тебетінің болжайтын, бірақ қарсы айла таба алмайтын. Қарсыласты білу мен, оған қарсы айла табу екеуі екі бөлек нәрсе емес пе? "Дель Пьеро бөленген махабатқа мен де бөленгім келеді. Мен-Римнің патшасымын, ал ол бүкіл Италияның патшасы!" Тотти "Маған Дель Пьероның тылсым күшін берсеңіз, мен Марардонадан да үздік болар ем". Роналдо Екі он жылдықтың ішінде Дель Пьеро команда сапында 289 гол салды. "Ювентустың" тірі аңызына айналды. Оның "кәрі сеньораға" деген адалдығы соншалықты, уақыт өте келе өзге алпауыт клубтар оған қандай ақша ұсынсаң да туриндік клубтан кетпейтінін түсініп, күдерді бірден үзетін. 2006 жылғы Италия футболындағы жағдай есіңізде ме? Сәтті де сәтсіз жыл еді Италия футболы үшін. Сәттісі ұлттық құрама тарихта төртінші мәрте әлем чемпионы атанды. Сәтсіздігі, А Серия жанжалдарға толып кеткен еді. Қатарынан екі рет Италия чемпионы болған Ювентусты, "екі маусым бойы төрешілерді сатып алып, сол арқылы матчтарда жеңіп отырған" деп айтыптап, тура Б Сериясына бір-ақ аттандырған еді. Сол кездегі "Ювентустың" сапын көрсеңіз. Буффон, Каннаваро, Патрис Виера, Недвед, Ибрагимович, Трезеге, Дель Пьеро... "Бұндай масқараны кім көтерсің? Бәрі де жан-жаққа қашады"-деген болжағыштар. Иә, басында кете бастады.. Каннаваро, Виера, Ибрагимович. Енді Дель Пьеро, Буффондарды кетуін күтіп отыр. Кез келген команда бұларды құшақ жая қарсы алатыны түсінікті. Бірақ, Дель Пьеро бастаған, Буффон қостаған жігіттер командада қалады. Жоқ, кетсе бәрі түсінер еді. "Жұлдызды футболшылар, Б Сериясы, одан команданы алып шығу керек, одан кейін жоғарғы элитаға оралған соң бірден алыптардың арасына еніп кету қайда?"-дегендей. Жарайды, қалды. Қалған себебін түсінер едік, егер де жастары шамамен 35-36, немесе одан да кәрі болғанда. Бірақ, спорттық мансаптың нағыз қызған шағы ғой. "Барселонаға", "Манчестер Юнайтедқа", "Челсиға" барам десең де сыртқа теппейді. Жоқ, Буффон да, Трезеге, Недвед, Дель Пьеро да сүйікті клубы үшін адал болуды шешкен екен. Сол кезде "Ювентуста" қалып, Дель Пьеро спорттық мансабындағы алтын 2-3 жылын жоғалтты. Бірақ, ол біз үшін ғана жоғалту болып көрінер. Ал, Дель Пьеро "Ювентус" қандай хәлге түссе де, клубпен бірге болуға дайын еді. Күйген дүние күйіп кетсе де, ол үшін "Ювентустың" жейдесін киіп алаңға шығудан асқан бақыт жоқ. Содан бері, 37 жасына дейін сүйікті командасының намысын қорғады. Бірақ, ол кеткенде жүрегі езілмеген жанкүйер болмаған шығар. Жетім бала секілді кетті. Клубтағы соңғы күндері аянышты еді. Сол маусымның басында-ақ, клубтың жаңа президенті Андреа Аньелли: "бұл маусым Дель Пьеро үшін "Ювентус" сапында соңғы"- деп мәлімдейді. Неге екені түсініксіз. Сол маусымның аяғында бәрібір де келісім-шарт мерзімі бітетін еді ғой. Асығыстық жасамай-ақ, футболшымен сөйлесіп тым болмаса қоштасу матчын өткізсе де болар еді. Бірақ, оның біреуі де болған жоқ. Өз үйіңде жат болды. Дель Пьеро "Ювентусқа" қаншалықты адал болса, "Ювентус" сол адалдығына адалдықпен жауап бере алмады. Тура, "Реал Мадрид" Раульдың адалдығын бағалай алмағаны секілді. "Рома" Тоттиге құрмет көрсетіп жүр. Римнің императоры деп бағалап, Тоттидің өзі кетем демесе, "Рома" оны ешқашан сыртқа теппейді. Бірақ, кейде ақша билеген мына заман адалдыққа адалдықпен жауап беруді де ұмытып бара жатыр. Жаңа президент келді, бітті. Қалтасы ақшалы, клубтың тарихына, аңыздарына түкіргені бар. Бірақ, бүкіл әлем жанкүйерлері үшін Дель Пьеро адалдықтың символы болып қалады. Соңғы матчтағы жанкүйерлердің көз жасы-тірі аңызды құрметтеудің, қимастықтың, адал адамның адалдығының алдында, асылдығының алдында бас иіюдің көз жасы еді.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×