Дербиден кейінгі делебе

22.03.2012, 07:42
Дербиден кейінгі делебе

Әлемдегі ең мықты дербилердің бірінен саналатын Галатасарай-Фенербахче матчы көрермен күткен ләззатты ұсына алды. Фенербахче өз алаңында өліспей беріспей келе жатқанына жарты жылдың жүзі болды. Сырттағы ойыны ала-құла болғанымен, өз алаңында жеңісв тойлап, немесе өздерін бір ұпаймен жұбатып үйреніп қалған олардың Галатасарайға үш ұпай ұстата салғысы жоқ-ты әрине. Олар үшін Галатасарай матчы үш ұпайдан да үлкен маңызға ие екені айтпаса да белгілі. Ал Галатасарай қанша аптадан бері іште де, сыртта да жеңілісті ұмытқан. Ізін қуалап келе жатқан Фенербахчеден 9 ұпай алда. Қай жағынан алып қарасаң да мүлтіксіз, формада. Осыдан кейін Фатих Терим шәкірттері де жеңісті қолдан бере қосын ба?! Сезонның алғашқы кезеңінде Галатсарай стадионындағы кездесу, алаң иелерінің жеңісімен аяқталған-ды. Аталмыш кезеңде азуын көрсеткен «Арыстандардың»(Галатасарай-ред) ойын өрнегі Фенербахче қақпашысы Волканды састырса керек, ол бір сөзінде Галатасарай қақпашысы Муслераның өзінен мықты екенін мойындады. Сонымен, «болғанынан боладысы қызық» дерби күні де келіп жетті. Жаңа қаулыға сәйкес дербиге қонақ команда жанкүйері алынбады. Аталмыш шешім Стамбұлдық Эль-Классиконың ләззатын қашырса да түріктердің «ТФФ айтты, біз көндіктен» басқа шаралары жоқ еді. «Он екінші аяқдопшылардың» (оның үстіне түрік жанкүйерлері болса) команданың жеңіске жетуіндегі үлесі айтпаса да ұғынықты. Осыдан кейін 55 мың Фенербахче жанкүйерінің алдында тең ойнап шыққан қарсы команданы жеңді деп санауға болатын шығар. Кездесудегі алғашқы гол 10-минутта соғылды. Фенербахченің су жаңа ойыншысы сенегалдық Муса Соу аптаның ең әдемі голын қарсы қақпаға тоғытты. 16 минутта екінші голдың авторы және Фенербахче атанды. Алайды Фенербахченің қауқары алғашқы 20 минутқа жетті. Бірінші таймның бітуіне санаулы минуттар қалғанда Галатасарай шабуылшысы Эльмандер қауіптің бетін қайтарды, осылайша Фенербахче 2, Галатасарай 1 голмен үзіліске кетті. Екінші 45-минутта Галатасарай күшейіп, доп Фенербахче қақпасын торуылдауын тоқтатпады. Фенербахче әлсіреген сайын Галатасарай шабуылын үдете түсті. Нәтижесінде 83-минутта қонақ команда Хакан Балтамен есепті теңестірді. Түрік газеттерінің сөзімен айтсақ, «Хакан Фенербахченің үмітін «балталады». Ойынның соңғы минуттарында Терим Милан Барошты ойынға қосқанымен чех футболшы айтарлықтай нәтиже үстелей алмады. Қосымша минуттапда аталмыш футболшы тепкен доп қақпа маңдайына соғылып кері қайтты. Сонымен Галатасарай Фенербахчемен арадағы ұпай айырмасын ұлғайта алмаса да тең нәтиже Фатих Теримді қанағаттандырды. Алдыда тағы үш ойын бар. Егер play off жүйесі енгізілмегенде Галатасарай өзін чемпионбыз деп жариялайтын еді. Десек те, осыған дейінгі ойындарымен Фатих Терим шәкірттері чемпиондыққа әбден лайық екендерін көрсетті.

ҒАЛИЯ СЕРІКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Неймар «Барсаны» таңдады
Келесі жаңалық
Қайта оралған - Тевес
Серіктес жаңалықтары
×