Дрогба. Менің өмірбаяным

Қосанбай Уалихан
Бас редактор
17.07.2020, 21:28
Аңыз шабуылшы Дидье Дрогбаның «Бәрімді бердім» атты ғұмырбаяндық хамсасын қалың оқырманға аударып беруді жөн санадық.
Дрогба. Менің өмірбаяным

Алғы сөз

Менімен осы деңгейге жету жолында бірге жұмыс істеген барлық бапкерлеріме рақмет айтқым келеді. Бірақ, алдымен маған қолдау білдіріп, осы дәрежеге жетуіме септігін тигізген адамдарға, мені жігерлендіріп жүрген азаматтарға алғыс айтамын. Олардың барлығын тізіп шығу әрине қиын. Меніңше ол үшін тағы бір кітап қажет болады. Барлық командалас әріптестеріме рақмет. Мен көптеген талантты адамдармен жұмыс істедім. Қуанышыма орай, олардың көпшілігі менің жақын досым болып қалды. Маған жақсы тәрбие берген ата-анама алғыс айтамын. Көкем Мишель Гобаға мың алғыс: сенің арқаңда менде арман пайда болды және мен оны жүзеге асыра алдым. Левалуа-Перреде мені жаттықтырған барлық бапкерлеріме рақмет. Кәсіпқой футболға ауысқан кездегі алғашқы төрт жылда мені жаттықтырған Марк Вестерлопп пен Ален Паскальға ризашылығымды білдіремін. Маған шүбәсыз сенген Ги Лякомбқа алғыс. Сондай-ақ Жозе мен Романға ризамын. Сіздер менің және отбасымның өмірін өзгерттіңіздер деп бұған дейін де айтқан болатынмын және өмірімнің соңына дейін сіздерге сол алғысымды айтудан жалықпаймын. Керемет талант иесі Стефан Реноға да шексіз ризамын. Кэролайн МакАтир және сіздердің Sports PR компания командасына көп рақмет. Тьерно, Пьер мен Матиас және XL Sport агенттігіне, сондай-ақ Папа Диуфқа алғыс айтамын.

 Сонымен қатар Дэвид Лакстано, Дебби Бекерман және Родди Блумфилд пен «Ходдер мен Стоутон» баспасының барлық командасына ризашылығымды жеткіземін.

 

Пролог

«Қайта көріскенше!»

Мен «Челси» сапында соңғы ойынымды «Стэмфорд Бриджде» өткізгім келді. Бұл жайтты көпшілік ерте білгенін қалап, маусымның соңғы ойынына бірнеше сағат қалғанда жарияладым. Бізге Премьер-лиганың чемпиондық кубогін табыстау керек болатын. Сол үшін мен барлығымен қалағанымдай қоштаса алатын мүмкіндік болатынын білдім. Бұл сәттің маңыздылығын ешкім дәл мендей түсінбеген де шығар. Алайда мені жақсы танитындар бұл қоштасудың мен үшін қаншалықты тарихи сәт екенін біліп жүрген еді.

 

Бар саналы ғұмырымда мен жақсы көретін адамдарыммен және ұнататын жерлермен қоштасуға мәжбүр болдым. Кейде мұндай қоштасулар мен үшін күтпеген жағдай болса, кейде еркімнен тыс та болып жатты. Алайда бұл жолы барлығы менің қалауымша болуы керектігін сездім. Себебі бұл жолы қоштасу туралы шешімді мен қабылдадым. Дәл осы жолы барлығына «Оревуар!» деп айтқым келді. Бұл француз тілінен аударған «Қайта көріскенше» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан бұл жолғы қоштасудың әсері тым бөлек болды.

 

Ойын басталғанға дейін командаластарым маған білдірмей дайындалыпты. Жексенбі күні кешке өтетін матчтың алдында бапкер Джон Терримен сөйлесіп, маған капитандық белгіні маған беру туралы шешімге келген екен. Бұл шешімге шамалы қобалжып қалдым. Олар мұны жасамай-ақ қойса да болар еді. Одан бөлек, әдеттегіден тыс, пенальти болып жатса, айып допты тебу қызметін де маған жүктепті. Бұл идея Жозе Моуринью мен Дик Адвокатқа тиесілі. Идеяны барлық команда ойыншылары қолдаған. Әрине, менен басқалары. Сондықтан мен барлығын білген кезде, ешқандай қарсылық білдіре алған жоқпын. Қайтсем де мен бәрібір ештемені өзгерте алмайтын едім.

 

Кездесу қиын болды. Матчтың жарты сағаты өткеннен соң мен алаңнан кеттім. Тізем қатты ауырып, мазамды ала бастады. Алаңнан кетейін деп жатқанымда, команда мені қоршап алды. Джон Оби Микел мен Бранислав Иванович мені көтеріп, алаңнан алып шыққысы келді. Мен үшін күтпеген жағдай болғандықтан, өзімді шамалы ыңғайсыз сезінгенімді жасырмаймын. Мен үнемі адамдардың көңілін көтеріп жүргеніммен, іштей ұялшақ адаммын. Егер өз еркімсіз адамдардың ортасына түсіп кетіп, көпшіліктің назары маған ауған болса, қатты ыңғайсызданамын. Әрине, менің командаластарым мұны да білетін. Бастапқыда аздап қарсылық білдіргеніммен, артынша қарсыласудың мәні жоқ екенін түсіндім. Менің ойымша, олар менің қандай көңілшек екенімді ескеріп, дәл осы сәтте іштегі эмоциялар тоғысынан жылап жіберуімді қалаған секілді. Бірақ олардың жоспары іске аспады! Алаңнан кетіп бара жатып қоштасу үшін қолымды бұлғағанымда стадион толық тік тұрып құрмет көрсетті. Мен үшін бұл қуанышты сәт еді.

 

Біз ойынды асқан сенімділікпен жеңдік. Қызықтың бәрі содан соң басталды. Бізге кубок берілді. Мен ешқашан жеңіп алған жүлделеріме бей-жай қараған адам емеспін. Олардың барлығы маған оңай келмеді. Қаншама маңдай тердің арқасында ұттым. Оған өмірімнің әрбір кезеңі дәлел бола алады. Сен бүгін жеңіске жетсең, келесі жолы да кубокті оңай алатындай масайып кетуің әбден мүмкін. Бірақ өмірдің келесі қалтарысында сен тіпті басқа клуб сапында жүруің әбден ықтимал. Олай болмаса, дәл Челсидің басынан өткендей, команданың жағдайы қиындап, бұл кубокті жеңу үші тағы бес жыл еңбек етуің де ғажап емес. Сол үшін мен әрбір жүлдеме карьерамдағы соңғы кубогім сияқты қараймын. Шындығында ол кубок соңғысы болмайтынына ешкім кепіл бола алмайды.


Сол күннің барлық керемет сәтін түсіріп алу үшін мен кішкентай видеокамерамды алып жүрдім. Естеліктер менің жүрегім мен жадымда жақсы сақталатынын білемін. Алайда отбасым үшін, балаларым үшін бұл сәтті камераға жазып алғым келді. Олар да менің осы қуанышты сәтімді сезінгендерін қаладым. Уақыт өте бұл видеоны көріп отырып адамдардың бақытты жүздері маған қайта қуаныш сыйлайтыны да анық.

Жеңісті тойлап жатқанда бірнеше қуанышты сәт болды. Солардың бірі – бапкердің басынан тәжін шешіп, маған кигізуі. Ол мені бейне бір «Стэмфорд Бридждің» патшасындай етті. Қолыма кубокті алып, жеңісті жанкүйерлермен бөлісу үшін лық толы стадионды айналып шықтым. Себебі кубокті жеңу жолында олардың да еңбегі бар деп білемін. Ал жанкүйерлер алдында соңғы сөздерімді айтқан сәтім естен ешқашан шықпайтынына сенімдімін.

Сол сәтте өз-өзімді ұстау қиын болғанымен, барлығы керемет өтті. Мен еш қысылмастан осы уақытқа дейін көмектесіп келген айрықша адамдарға алғысымды айттым. Алдымен клуб үшін бар жағдайды жасаған Абрамович мырзаға алғыс білдірдім. Оның еңбегі ақталды. Біз қатысқан барлық турнирімізде жеңіске жеттік. Кейін Жозе Моуринньоға кезек келді. Ол маған осы клубқа ауысуға және қайтып келуге мүмкіндік берген адам еді. Содан соң командаласым, мен үшін ерекше жандардың біріне айналған Фрэнк Лэмпардқа ризашылығымды жеткіздім. Оның нәтижелі керемет пастарынсыз біз мұнша гол соғып, көп кубок жеңе алмайтын едік. Футболист ретіндегі Англиядағы соңғы күнім болғандықтан, Фрэнк үшін де бұл күн ерекшелердің бірі болды. Ол әдепкі тиянақтылығымен таңертең бәрінің алдын алып, маған және өзінің командалас «бауырларына» біріншіліктегі жеңіспен құттықтап хат жіберіп үлгеріпті.

Киім ауыстыратын бөлмеде мереке әнмен, бимен және шампанмен жалғасты. Мен ешкімді қалдырмай барлығының үстіне шампан құйып шыққан шығармын. Абрамович мырзадан басқа ешкімнің киімін шампансыз қалдырмаған сыңайлымын. Бір кезде президенттің өзі маған ешкімнің шампан құймағанын байқап қалып, тағы бір шампан алып келуді тапсырып, менің төбемнен құйды. Сол күні киім ауыстыратын бөлмеден соңғы болып кеттім. Әрбір секундтан ләззат алғым келді. Әрбір детальды сақтап қалуға тырыстым. Тарихтың бір бөлшегі болудың құрметін сезіну үшін, сол сәтті есте мәңгі сақтау үшін мен киім ауыстыратын бөлмеде ұзақ болдым.

Қанша оғаш естілгенімен, мен бұл күні мүлде жыламадым. 2012 жылы командадан бірінші рет кетіп жатқанда, мен өз-өзімді ұстай алмаған ем. Сол уақытта біз жаңадан ғана Чемпиондар лигасын жеңдік. Мен үшін маусым қаншалықты қиын болса да, команда жұмылған жұдырықтай болып, көп күттірген кубокке қол жеткізген болатынбыз. Ол кезде менің кеткім келмегендіктен, қатты қобалжыдым. Одан бөлек, сол уақытта «Челсиға» қайта оралмайтындай күйде болғанымды жасырмаймын. Бірінші рет командадан кеткен сәттегі әсерімді айтып жеткізе алмаспын. Мансабымның бір кезеңі аяқталғанын білдім.

Ал екінші қоштасу мүлде басқаша болды. Мен қайта келетінімді білдім. Бұл ортақ тарихтың соңы емес екенін клуб та, мен де білдік. Қоштасу сәтінен бірнеше күн бұрын клуб басшылары карьерамды аяқтағаннан кейін командаға қайта орала алатынымды айтып, уәде берді. Мұны клуб та, мен де қаладым. Алдымда не күтіп тұрғанын іштей сездім және ол маған берілген бармақтай бақ екенін түсіндім.

Киім ауыстыратын бөлмеде қасыма Жозе келді. Ол кезде барлығы кетіп қалған. Біз бір-бірімізді керемет түсінетінбіз. Қарым-қатынасымыз жақсы болатын! Екеумізде өте эмоцианалды адам болғандықтан біз артық әңгіме айтпайтынбыз. Ол мені жай ғана құшақтап, жымиып: «Бара ғой. Сосын қайта орал», - деп еш артық сөзсіз жалғыз қалдырды да бөлмеден шығып кетті.


Жалғасы бар. Сайтымызда алдағы уақытта жарық көруі мүмкін, егер әрине Сіздерге қызық болса...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×