Италиялық «Аталанта» клубының жартылай қорғаушысы Элиф Элмас УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда Алматылық «Қайратқа» қарсы өтетін матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футболшының айтуынша, «Аталанта» соңғы сәтсіздіктерден кейін жағдайды түзетуге және жанкүйерлер алдында жақсы ойын көрсетуге ниетті.
Элмас команда ойыншылары арнайы оқу-жаттығу жиынында өзара сөйлесіп, қалыптасқан жағдайды талқылағанын жеткізді.
«Біз бәріміз бірге сөйлесіп, жағдайды мүмкіндігінше тезірек түзету керектігін түсіндік. Уақыт жоғалтсақ, кейін бәрі қиындай түседі. Сондықтан келесі матчта команда ретінде жауап беруіміз керек. Бізде мықты футболшылар да, білікті бапкер де бар. Алғашқы минуттан бастап жанкүйерлерге жеңіске деген ұмтылысымызды көрсетуіміз қажет», – деді Элмас.
Сонымен қатар футболшы Aлматылық «Қайратты» әлсіз қарсылас деп бағалауға болмайтынын ерекше атап өтті.
«Мен «Қайратты» жақсы білемін. Бұған дейін Қазақстанда ойнағанмын және бұл команданы жеңу оңай емес екенін білемін. Қазір барлық команда футбол ойнай алады, ешкіммен кездесу жеңіл өтпейді. Чемпионаттарда фаворит саналған клубтардың жеңіліп жатқанын талай көрдік», – деді жартылай қорғаушы.
Элмастың пікірінше, «Аталанта» ойыншылары қарсыласты бағаламау қателігін жібермеуі тиіс. Ол команда матчтың алғашқы минуттарынан бастаманы қолға алып, өз алаңындағы жанкүйерлердің қолдауын тиімді пайдалануы қажет екенін айтты.
«Бір сәтке де ойын оңай болады деп ойламауымыз керек. Алғашқы минуттан басымдық танытуға тырысамыз. Бұл кездесу біз үшін өте маңызды. Жеңіс Eурокубоктағы жағдайымызды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан міндетті түрде жеңіске жетуге ұмтыламыз», – деп түйіндеді Элмас.
Осылайша, «Аталанта» футболшысы «Қайратқа» қарсы матчтың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстандық клубқа құрметпен қарайтынын жеткізді.