Өзбекстан құрамасының бас бапкері, Италиялық маман Фабио Каннаваро қызметінен кетуі мүмкін. Бұған Азия кубогының өткізілу мерзімінің кейінге шегерілуі себеп болуы ықтимал, деп хабарлайды Aladop.kz.
Фабрицио Романоның мәліметінше, Азия кубогының мерзіміндегі өзгерістер Каннавароның Өзбекстан құрамасындағы болашағына әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін Азия футбол конфедерациясы (AFC) Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Сауд Арабиясында өтетін Азия кубогының мерзімін өзгерту туралы шешім қабылдаған.
Бастапқы жоспар бойынша турнир 2027 жылғы 7 қаңтар мен 5 ақпан аралығында өтуі тиіс еді. Алайда жаңа күнтізбеге сәйкес жарыс 2027 жылғы 23 желтоқсанда басталып, 2028 жылғы 21 қаңтарда аяқталады.
Азия кубогына барлығы 24 ұлттық құрама қатысады. Қазіргі чемпиондық атақ Катар құрамасына тиесілі.
Айта кетейік, 53 жастағы Фабио Каннаваро Өзбекстан ұлттық құрамасының тізгінін 2025 жылдың қазан айында ұстаған.
Италиялық маманның жетекшілігімен Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысып, Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасы командаларымен бір топта өнер көрсетті. Алайда Өзбекстандық футболшылар бірде-бір ұпай жинай алмай, топтағы соңғы орынға тұрақтады.