Биыл Бірінші лигадағы тартыс сұрапыл. Жоғары дивизионға шығу үшін бірнеше клуб бәсекеге түсуде.
Бұл қатарда «Каспий», «Шахтер»,«Ертіс» пен өскеменнің «Алтайы» бар. Барлығының мүмкіндігі тең, командалар арасындағы ұпай айырмашылығы да соншалықты көп деуге келмейді. Тек сол ақтаулық ұжым тұрақты ойынының арқасында бәсекелестерінен аздап қара үзіп кетті демесеңіздер (30 ұпай, екінші орындағы «Шахтерде» 26) жалпы әлі ештеңе анық емес.
Биыл павлодарлық жанкүйерлердің үміті ерекше, әсіресе, маусым басы көп үміт күттіріп еді. Тұрақты бюджет, тәжірибелі маман Қайрат Нұрдәулетов бастаған бапкерлік құрам. Бірақ, бұл оқиға орта жолдан үзіліп, Қайрат Жұмабекұлы қызметінен өз еркімен кеткені көңілге қаяю салғаны рас. «Ертіс» біраз уақыт есеңгіреп, еңсе тіктей алмай жүрді. Тіпті, бірнеше тур ұпайдан шашау шығарып, фавориттер қатарынан ақырындап ысырыла бастағандай көрінген. Павлодарға отандық тағы бір перспективті маман келді - Ринат Алюетов жағдайды тұрақтандыру үшін шақырылғаны анық. ҚПЛ тарихындағы ең жас бас бапкерге бұл үлкен сынақ! Ерекше айтарлығы, команда қатарын Арман Кеңесов толықтырды. «Астанада» ашыла алмаған Павлодар футболының түлегі туған ұжымын өрге сүйрейді деп сенеміз.
Сондай-ақ, қорғаушы Асқар Сатышевтің трансфері де назар аудартады. Қазақстанда жоғары дивизионда тәжірибесі бар (Тұран сапында) Испанияда «Гранаданың» жастар командасында ойнаған «Тараз футболының түлегі де павлодарлықтарды күшейтуі тиіс.