Соңғы кездері Қазақстан футболында даулы мәселелер көп. Соның бірі "Ертіс" командасының бас бапкері Димитар Димитровке байланысты. Бұл маман баспасөз арқылы қазақстандағы төрешілікті сын садағының ұшына ілді. Оның айтуы бойынша төрешілер анық пенальтиді белгілемейді екен. "Ертіс" командасы шабуылдаған кезде қарсыластар да осы күні жиі ойын тәртібін бұзады. Ал ол матчтарда жұмыс істейтін төрешілер "жоғарғы жақтың" тапсырмасымен "Ертісті" тоқтатумен айналысады дейді-міс.
Қазақстан чемпионатында соңғы 5 ойында жеңілген керекулік команданың қазіргі жағдайы қиын. Олар үшінші орында нық тұрған еді. Алайда, осы күні бұл позицияға "Ордабасы" нықтап отырып алды. Баспасөзде енді осы күні Димитар Димитровтың орнынан кетуі жайлы ақпараттар пайда болуда. Бапкер себебі ашықтан-ашық федерацияны және төрешілер комитетін сынап жүр. Бұрындары тіпті Димитров бір сөзінде "Төрешілердің барлығын бір жерге жинап, өртеп жіберу керек" деген секілді ащы мысқал да айтып өткен. Одан кейін біршама тынышталғанымен соңғы кезде ескі әніне қайта басты. Оның да екінші бір ұшы бар.
Қазақстан құрамасының Қытайға қарсы өтетін кездесуінің алдында Қазақстан Футбол Федерациясына қарсы шыққан 2 клуб болған. Соның бірі осы "Ертіс" болатын. Содан бері қауымдастықтың қабағы "Ертіске" келгенде қатулы. Қабағынан қар жауып тұрған ұйым ешкімді де аямайтынын білесіздер. Демек, "Ертіске" соңғы турларда тағы да қастандықтар ұйымдастырылып, команда 4-орынға да жете алмай қалуы мүмкін.