Ержет ЕРЗАТҰЛЫ: Қазақтың намысын қорғасам деп армандаймын!

21.07.2011, 20:37
Ержет ЕРЗАТҰЛЫ: Қазақтың намысын қорғасам деп армандаймын!

10 маусым. Сағат 15:00 шамасында белгісіз біреу қоңырау шалды: – Тыңдап тұрмын. – Ассалаумағалейкүм аға, біз келдік! – деген жас жігіттің қуанышты дауысы естілді. – Уағалайкүмассалам! Кешір інім, сені танымадым… – дей бергенімде, сөзімді аяқтатпай: – Аға, мен ғой, Ержет Ерзатұлы. Бір жыл бұрын Президент кубогына келіп едік қой. Есіңізде ме? – деді. Енді есіме түсті. Өткен жылы Астанада өткен ҚР Президент кубогына Қытайдың «ШҰАР-94» командасы да келген еді. Сол команданың бас қақпашысы Ержет бауырымыз-тұғын. Жат жұртта жүрген өреннен сұхбат алған болатынбыз. Сол кезден бастап Ержетпен байланысымыз үзілген емес. – О-о, бауырым қалың қалай, қайдасың? – Астанада. Жарысқа келдік. Сіз келесіз бе? – Міндетті түрде. Бірақ, сәл кейіндеу. – Аға, ертерек келсеңізші, әңгімелесейік. Сізге айтар жаңалығым көп. – Онда қазір барамын. – Жарайды, күтемін… Сүт пісірім уақытта «Астана-Аренаға» жеттім. Стадионға кірген бетім сол еді, телефоным безек қақты. Ержет қайта қоңырау шалып жатыр екен… – Иә, Ержет, тыңдап тұрмын! – Аға, жақындап қалдыңыз ба? – Мен стадиондамын. Сен қайдасың? – Стадионның батыс жағында. Мен міне, қолымды бұлғап тұрмын. Ә-ә, аға сізді көрдім. Сол жағыңызға қараңыз… Дауысы жарқын, құдды өзінің туған бауырын көргендей қуанып тұрған Ержетті бірден таныдым. Қандасымыз «Астана-Аренаның» батыс жағында команда футболшыларымен бірге отыр екен. Ал жоғарыда футбол федерациясының төрт бірдей вице-президенті Сейілда Байшақов, Саян Хамитжанов, Виктор Катков, Михаил Гурман, «Астана» командасының директоры Григорий Лория және оның ұлы, «Ертіс» командасының негізгі қақпашысы Давид Лория жайғасыпты. – Аға, сізді көргеніме қуаныштымын. Жолықпай қаламыз ба деп уайымдап едім… Айтпақшы, құттықтай беруіңізге болады. Біз тәжіктерді 4:2 есебімен ұтып, үшінші орын алдық. – Өткен жылы жүлдесіз қайтып едіңдер, биыл қола медальға ие болыпсыңдар. Құттықтаймын, – дедім де, ары қарай өзінің жағдайын сұрауға көштім. – Ал, өзіңде не жаңалық? Бір жылдың ішінде өміріңде не өзгеріс болды? – Жаңалық көп қой. Қайсысынан бастасам екен… – Жағымдысынан. – Мен қазір өзімнен жасы үлкен футболшылардың қатарына қосылдым. – Керемет қой. Деңгейің өсіп жатыр десейші… – Солай десе де болады. Өткен жылы Астанадан кейін бапкерлер мені ересектер тобына қосты. – Дұрыс болған екен. Бізге берген сұхбатыңда ересектер командасында екі қазақ өрені доп теуіп жүр деп едің ғой? – Иә, әне отыр, Алмас пен Серікхан. Қазақтың қара домалақ қос оғыланын шақырмақ болып едім, Ержет: – Аға, оларды шақырмай-ақ қойыңыз, өйткені бапкеріміз қатал. Ешкімге сұхбат бермеңдер деген. – Сұхбат берулеріңе неге рұқсат етпейді? – Астанаға келер алдында команда басшылары үшеумізге: «Қазақстанда сендерді қазақ екендеріңді білсе, журналистер сұхбат алып, шаршатуы мүмкін. Сондықтан тілшілерден аулақ жүріңдер», деген еді. – Түсінікті. Ал өзіңнің атажұртқа келмек ойың жоқ па? – Биыл көктемде «Қайсар»-дың жастар құрамасы Үрімшіге келіп, біздің командамен жолдастық кездесу өткізген. Сол ойында біз жеңдік. Ойыннан кейін қызылордалық бапкер мені командасына шақырды. Бірақ, жаттықтырушыларым Фархад пен Қайрат ағайлар жібермейтінін айтып, үмітімді үзді, – деп күрсінген Ержет, кейіннен «Ертіс»-тен де қоңырау шалынғанын әңгімелеп берді. – Аты-жөнін ұмытып қалдым, қазақша-орысша араластырып: «Мен «Ертіс» командасының директорымын. Сен бізге келе аласың ба? Ойыныңды көрсек деп едік. Құжаттарың дұрыс па?» дегенін ғана ұқтым. Мен тек «иә», «иә» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Өйткені, біріншіден, сөзін дұрыс түсінбедім. Екіншіден, Павлодарда, тіпті Қазақстанда ешкімді танымаймын ғой. Әке-шешеме айтып едім, олар жыраққа жібере алмайтынын, уайымдайтынын айтты. Оның үстіне, мына жақтан да жібермейді. – Қазақстандық клубтар жағдай жасаса келесің бе? – Әлбетте. Қытайдан келу үшін бапкерлерден рұқсат сұрамай кетіп қалу керек. Егер атажұртта тым болмаса 1 бөлмелі пәтер, сосын күнкөрісіме жететін жалақы берсе, келуге дайынмын. – Өлке командасында жалақы бере ме? – Қайдағы. Біз мектепті енді ғана бітірдік қой. Көк тиын ұстатпайды. – Командамен келісімшартқа қол қойдың ба? – Әзірге жоқ… Аға, сізден сұрасам бола ма? – Әрине. – Осы біздің Қанат Сләмнің жағдайы қалай? Атажұртқа келіп еді ғой. Екеуміз бір өлкенің тумасымыз… – Оның жағдайы жақсы. Осында келіп үйленді. Қазір «Астана Арландары» кәсіпқой бокс командасында жаттығып жүр. Құдай қаласа, Лондон олимпиадасына баратындардың қатарында. – Керемет екен. Қанат ағама жасаған жағдайды маған да жасаса ғой, шіркін… – Ержет, бір реті болар деп келе бермедің бе? – Аға, онда сіз менің жұмыс тауып беретін агентім болсаңызшы. Қазақстанда Алмас ағам бар деп келейін… – Агентің болмай-ақ қояйын. Бірақ, Талғат бапкермен сөйлесіп көрейік. Осы әңгімеден кейін Ержет жымия бастады. Тіпті, маған Қытайдағы әке-шешесінің, өзінің де үй телефонын жазып берді. – Ержет, жоғарыда кімдер отырғанын білесің бе? – Жо-оқ, кім отыр? – «Ертіс» командасының қақпашысы Давид Лория. – Қане? (Орнынан тұрып, артына бұрылды.) Мәс-са-ған, Лорияның нақ өзі ғой. Аға, естелік фотоға түсу үшін оған қалай бара аламыз? А-а, ұмытып кетіппін ғой, бапкерім жібермейді, – деп ұнжырғасы түсіп орнына қайта отыра кетті. – Қам жеме. Қазір сенің қатал бапкеріңмен сөйлесейін, – деп «ШҰАР-93» командасының бапкерлері Фархад Азамат пен Қайрат Болат екеуімен сөйлесуіме тура келді. Олар турнирдің жоғары деңгейде өткізіліп жатқанын, «ШҰАР-93» командасында 22 футболшының үшеуі қазақ, біреуі өзбек және қалғандары ұйғыр екенін айтты. – Шәкірттерімді ұлтына қарап бөлмеймін, – дейді ұлты ұйғыр Фархад бапкер. – Ең бастысы, олар – мұсылмандар. Алып Қытайдың ішінде менің шәкірттерім қазір екінші команда саналады. – Ал Ержет Ерзатұлы туралы не айтасыздар? – Бұл сұрағыңызға мен жауап берейін, – деді бапкер Қайрат. – Ержетті қазір көп командалар шақырып жатыр. Оның ішінде қазақстандыкі де бар. Бірақ, бұл баланы аулада доп теуіп жүрген жерінен футболға мен алып келдім. Бастапқыда ол шабуылшы болатын. Кейін оның қақпаны қорғауға икемі бар екенін біліп, қақпаға тұрғыздық. Алты жыл қарамағымда жаттыққан шәкіртімді, енді ысылып жатқанда қалай бөтен командаға жібермекпін? Ол бізге керек. Оның үстіне Ержеттің үлкендер қатарына қосылуына әлі ерте, – деді. Әңгімелесіп болған соң Ержеттің бапкерлері оның Давид Лориямен естелік фотоға түсуіне қарсы болмады. Оған бара жатқан кезде Ержеттің бойы әжептәуір өскенін байқадым. – Бойың да өсіп қалыпты? – 185 сантиметр. – Салмағың ше? – 70 келі. – Өткен жылы бойың аса бір ұзын емес еді… – Иә, ол кезде сізден сәл кіші едім ғой. Жолай әңгімелесіп футболдың майын ішкен тұлғаларға да келдік. Алдымен Ержетті футбол федерациясының басшылары Сейілда Байшақов және Саян Хамитжановпен таныстырдым. Сөз барысында қақпашы бауырымыздың отандық клубтың бірінде ойнағысы келетінін айтқанымда, Саян Хамитжанов: «Егер болашақта қақпаны бұдан да жақсы қорғаса, команданың басшылары міндетті түрде алады ғой», – деуден әріге бара алмады. Ал Сейілда ағамыз қола жүлде үшін тәжіктермен болған «шайқаста» Ержеттің қақпада керемет тұрғанын айтып, алдағы уақыттарда тек сәттілік тілейтінін жеткізді. Кезек «Ертіс» қақпашысына да жетті. Давид Лорияға барып, Ержеттің онымен суретке түскісі келетінін жеткіздік. Ол: «Да, да, конечно!», деп жанына шақырды. Фотоға түсіп болған соң аяғы гипстеулі Давид Ержетке қарап: «Я этого парня знаю. Он прошлом году участвовал Кубка Президента, да?» деді. – Да, в будущим он хочет стать кипером «Иртыша», – деп қойып қалдым мен. Давидтің түрі алғашында бұзылып кетті. Кейіннен күлген сыңай танытып: «Конечно, конечно. Он сегодня блестяще защитил свои ворота», – деді. Қайтып келе жатып, Ержетке Давидпен болған екі арадағы әңгімені айтып бердім. Оған екеуміз әбден күліп алдық. Орнымызға жайғасқан соң, қақпашы қандасымызбен әңгімені қайта жалғадық. – Ержет, бапкерің сендерді Қытайдағы нөмірі екінші команда деп қалды. Бұны қалай түсінуге болады? – Жалпы, Қытай біріншілігінде 50 команда бар. Олар төрт аймаққа бөлінген. Біздің өлке «Жансу» деп аталады. Топта 12 клуб өнер көрсетеді. Үздік шыққан үш команда келесі айналымға, яғни финалға жолдама алды. Біз топтан бірінші болып шықтық. Шяндюнде өткен жарыста финалда жергілікті «Шяндюн» командасымен кездесіп, тек қана пенальтиден жеңіліп қалдық. – Сосын бапкерің Қытай елінде де саған «құда түсіп» жатқандардың бар екенін айтты… – Нақты қай команда екенін айтқан жоқ па? – Жоқ. – Бапкерім бір-екі командадан сұраныс келгенінен хабардар еткен болатын. Бірақ, нақты қайдан екенін айтпады. – Командада нөмірі бірінші қақпашысың ба? – Бізде олай бөлінбейді. Осы турнирде үш ойын өткіздік. Соның соңғы екі кездесуінде қақпаны мен қорғадым. – Жейдедегі нөмірің нешінші? – 23. – Өткен жылы да осы нөмірмен келіп едің ғой. Бұның бір құпиясы бар ма? – Болашақта Еуропаның азулы командасының қақпасын қорғайтын боламын деп алдыма мақсат қойғанмын. Сол арманым 23 жасымда орындалса екен деймін… – Тым асыра айтып жіберген жоқсың ба? – Оны уақыт көрсетер. Сіз маған Қазақстаннан команда тауып берсеңіз, Еуропаға жолым ашылар еді. Шіркін, тым болмаса қазір Қазақстанның мықты деген клубында өнер көрсетсем ғой. Атажұртымның жастар құрамасының қақпашысы болар ма едім… – Құдай қаласа, ол күндерге де жетерсің! – Әрине. Осылай әңгімелесіп отырғанда Қазақстан мен Ресей құрамалары арасында өткен финалдық ойыны да тәмамдалды. Жеңіс (4:1) қонақтардың уысында кетті. Қытай елінде мықты команданың бірі саналатын «ШҰАР-93»-тің көшбасшысы Ержет 20 миллион халық мекендейтін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында да абыройға ие. «Аға, көп кешікпей қауышармыз» деген Ержеттің атажұрттан жырақта жүрсе де, Алаштың даңқын аспандатқысы келетіндей көрінді бізге. P.S. Айтпақшы, осы командадағы қалған екі қандасымыздың бірі – Алмас алаңдағы орталық жартылай қорғаушы, ал, Серікхан шабуылшы. Бұлар да: «Егер атажұртта жағдай жасалынып жатса, неге келмеске…» деп отыр. Сондықтан футбол федерациясы мен еліміздегі клуб басшыларының құлағына алтын сырға, осы жігіттерге көңіл бөліп, оларды елімізге шақырту жағын ойластырса жөн болар еді дейміз…

Алмас МАНАП

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×