ҚАЗАҚТА ЖАНКҮЙЕР ЖОҚ ДЕП ОЙЛАЙ МА?

21.07.2011, 16:08
ҚАЗАҚТА ЖАНКҮЙЕР ЖОҚ ДЕП ОЙЛАЙ МА?

Бұрнағы күні қазақтың футболсүйер қауымы ішкі біріншілікте тек «Астана» командасының ойыншыларын ғана танитын деңгейге жетті. Неге? Себебі, апта сайын ұлттық арнадан тек «Астананың» ойындарын ғана көрсетеді. Қазақ футболына деген мұндай ала-құла көзқарас дамудан гөрі кері кетудің пайдасына пәрмен беріп жатқан секілді. 

Өткен жылы талай жылғы төгілген еңбектің арқасында қостанайлық «Тобыл» ел чемпионы атанған еді. Оған біреулер тақиясын аспанға атып қуанса, біреулері кәдімгідей өкініш білдірді. Өйткені, чемпиондар лигасының әудем жеріне бармаса да, баспалдағымен еңсесін көтеріп келе жатқан «Ақтөбе» секілді «Тобыл» Еуропа төрінде келелі ойын көрсете алмайды деп шешті. Әрине, салмақты пікірлердің бірі. Себебі, басшысынан бастап аяқ уқалаушысына дейін жаңарған «Тобыл» ұжымы бір жылдың ішінде абыройдан жұрдай болды. Еуропаның тәжірибелі клубтарын жеңбек түгілі, ішкі біріншіліктің өзінде ақсап тұр. Өткен жылы «Тобыл» ұжымының арасында үлкен дау-дамай туындап, арты төбелеске дейін ұласқан болатын. Нәтижесінде, ұстазын шәкіртімен қосып Қостанайдан қуып шықты. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпады. Енді сол ұжымның жетекшілерін қайта жинап, атқа қайта қонбақ. Жақында Словакияның чемпионы «Слован» мен «Тобыл» арасында чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі өтті. Алайда, Братиславада болған кездесуді қазақ жанкүйерлері көре алмады. Неге? Өйткені, Германия арқылы келуі тиіс бейнекөрініс техникалық үзілістердің кесірінен ұлттық арнаның уысынан шығып кетіпті. Осыдан бір апта бұрынғы телебағдарламаларды ақтарып, 13 шілдеге ауған түні 00.05-те «Қазақстан» ұлттық арнасы «Слован»-«Тобыл» арасындағы кездесудің тікелей көрсетілімін ұсынады дегенді көзіміз шалды. Бірақ күткеніміз елеске айналды. Ішімізден, бұл кімді алдағаны деп күйіндік. Тіпті, кешкі жаңалықтардан да сүйінші сұрағандай, көпшілікті бір қуантып еді. Алайда, түн жарымына дейін күткен көрермен бір күн бұрынғы өткен «Тур де Франс» велотурын көрсетіп, көштің соңында келе жатқан «Астана» велокомандасын жарнамалаумен болды. Бұрындары «31»-телеарна чемпиондар лигасының әр ойынының тікелей көрсетілімін көрсететін кездері, Қазақстандағы рейтингі ең жоғары арналардың бірі болған екен. Теледидарға телмірген қазақ жанкүйерлерінің қаншалықты көп екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл бірінші рет емес. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда өнер көрсеткенде елдің барлығы ғаламторда ойынның нәтижесін онлайн мәтін арқылы біліп отырады. Мәселен, өткен жылғы Украинамен өткізген ойын, жақында Белорусь құрамасымен өткізген жолдастық кездесу. Тізе берсек, өте көп. Қазақ футболы неге дамымайды дегенде алдымызға жан салмаймыз, бірақ сол футболды өзіміз осындай немқұрайлықпен тұншықтырып отырғанымызды білмейміз. Әлде, қазақта жанкүйер жоқ деп ойлай ма? Елімізде соңғы жылдары бірнеше арналар ашылды. Барлығы орыстың бағдарламаларының тігісін жатқызып, өңін аударып халыққа ұсынумен айналысып келеді. Ал нағыз керек дүниеге қол сілтеп, тек ақшасын ғана төлегендердің дүниесін жарнамалаумен айналысады. Қазақ футболы ақшаның арқасында дамиды деген жай сөз. Футбол идеологиялық тұрғыда дамуы тиіс. Ал оған өлшеусіз үлес қосатын отандық арналар.

Асхат ҚОСЖАНОВ, Қызылорда облысы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×