«ЕУРОЛИГА НЕ ТЕҢІМ, СТАДИОНДЫ УАЙЫМ ЕТЕМІН»

27.11.2014, 19:56
«ЕУРОЛИГА НЕ ТЕҢІМ, СТАДИОНДЫ УАЙЫМ ЕТЕМІН»

«Еуролига не теңім, стадионды уайым етемін»

Шымкентте «Ордабасы» Еуропа лигасына шықты деп бөркін аспанға атпаған жанкүйер жоқ шығар, сірә. Қуанбағанда ше? Біріншілік басталуға бір күн қалғанда команда басшылығы бас бапкерді ауыстырды. «Өткелде ат ауыстырған» жігіттер жеңіске жете алмай біраз кібіртіктеді. Тек соңғы сәтте ғана Ширмялистің шәкірттері Қарағандының «Шахтері» мен Қызылорданың «Қайсарын» сырт алаңда ұтып, ойламаған жерден 4-орынға топ ете қалды. Былтыр чемпиондар лигасында жақсы ойнаған «Шахтерді» артқа тастап, Еуропа лигасына жолдама алды. Дегенмен, жерлестеріміз бұл қуанышты толық сезінбейтін сыңайлы. Өйткені, Шымкенттегі Қажыұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион УЕФА талаптарына сай емес.
Бұл стадионның «жыры» ел еңсе тіктеп, әлденген 2000 жылдары басталған. Сонау ХХ ғасырдың 60 жылдарының соңында салынған стадионның алаңы әлі бір рет толық ауыстырылмаған. Орындықтары, футболшылар киім ауыстырып, жуынатын бөлмелер де талапқа сай емес еді. Жарық түсіретін прожекторлар жұмыс істемейтін. Журналистердің жұмысына ыңғайлы орын да дайындалмаған. Ал, оператор жігіттер жауын-шашынның астында дірдектеп, камераларына тас кенеше жабысып қиналатын. Қысқасы, стадион өте ескірген-ді. Осы олқылықтарды жою үшін он жылдан астам уақыт бұрын стадионды күрделі жөңдеуден өткізіп, қайта жасақтау мәселесі қаралды. Қаржы бөлінді. Жобалық-сметалық құжаты жасалды. Бастапқыда біраз жұмыстар атқарылды. Футболшылардың алаңға шығатын орны, орындықтар жаңартылды. Алаңның қоршаулары сырланып, ғимараттар әрленді. Пластик орындықтар орнатылды. Бұл жұмыстың өзі ұзаққа созылып бара жатыр еді, сол тұста Шымкентке Елбасы келетін болып, орындықтар өте қысқа мерзімде дайын болды. «Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кірер» деген осы шығар бәлкім. Стадионның жаңа кейіпке ене бастағанына жанкүйерлер де қуанып, «Шіркін-ай, «Ордабасымыз» еурододаларға шықса ғой» деп армандады. Ол орындалды да. 2011 жылы «Ордабасы» ел кубогін жеңіп алып, Еуропа лигасына жолдама алды. Бірақ, біздің басшылар «ретке келтірілді» деген стадионымыз Еуропа лигасының бастапқы кезеңдеріндегі кездесулерді қабылдауға да жарамсыз болып шықты. Оның үстіне 2012 жылы премьер-лига кездесулерінің бірінде дауыл салдарынан прожектор шамы құлап, көрермендердің өміріне қауіп төндірді. Ұлттық футбол лигасы бұл оқиғаға байланысты қатаң шара қолданып, «Ордабасы» айыппұл төлеуге мәжбүр болған.  Сол жылы да тура биылғыдай «стадионды сәуір айына дейін ретке келтіруге мүмкіндік бар, тиісті қаржы бөлінсе, халықаралық ойындарды өзіміздің Шымкентте қабылдаймыз» деген сөздер естілген. Алайда бұған басы қатып, балтыры сыздаған ешкімді көрмедік. Нәтижесінде «Ордабасы» Еуропа лигасындағы екі кездесуін де Алматыдағы орталық стадионда өткізді. Стадионды жалға алғаны үшін клуб бірнеше миллион теңге төлегені туралы бейресми ақпаратты да естідік. Сол оқиға айна-қатесіз қайталанғалы тұр. Нәтижесінде, «Ордабасы» Еуролига кездесулерін Астанада немесе Алматыда өткізуі мүмкін. Жанкүйер үшін бұдан асқан қорлық бар ма? Неге шымкенттіктер футбол көру үшін басқа қалаға сабылуы керек? Бір жыл бұрын стадионды жөндеу жұмыстарына 49,9 млн. теңге бөлініп, орындықтар алмастырылып, біраз жұмыстар атқарылғанын білдік, шенеуніктерден. Биыл да тиісті қаражат қарастырылып, стадионды бекітілген стандарттар мен нормаларға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілетіні айтылған-ды. Қайда сол қаражат? Қайда ойнатылған тендер? Қайда шатыр мен прожектор? Стадионның жан-жағы абаттандырылып, спорт кешендері салынғаны өте дұрыс әрине. Бірақ, жанкүйер үшін ең маңыздысы сүйікті командаларының ойындарын өз алаңында тамашалау емес пе? Сондықтан бірнеше жылдан бері сақалды құрылысқа айналған стадионың мәселесін тез арада қолға алатын кез жетті. Ол үшін жарық түсіргіш прожекторларды жаңартып, жанкүйерлер отыратын триубананың тым құрыса жартысын жабу керек. Жасыл алаңға көңіл бөліп, көктемге дейін қайта түлетіп, журналистер мен операторларға арналған орындарды талапқа сай етіп жасақтаған жөн. Жанкүйерлерге қолайлы жағдай туғызған дұрыс. Сонда ғана УЕФА  басшыларының жүрегі жібитіні анық. Стадион директоры Қ.Өкшебаев та бұл мәселелерден хабардар. Оның айтуынша, бар мәселе қаржыға тіреліп тұр. Жоғарыдағы түйткілдерді шешу үшін аса қыруар ақша кетпейтіні анық. Жуырда облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы И.Шалабаев жыл басынан бері 9 айда 9 млрд. теңгенің игерілмей қалғанын жеткізді. Бұл қаражат қажетті жұмыстарға жұмсалып, игерілетінін де айтты. Ендеше, осы қаржының аз ғана бөлігін неге стадионды жөндеуге бағыттамасқа? Білетіндер қаланың Бас жоспарына сәйкес, Шымкентте заман талабына сай жаңа стадион салынатынын айтады. Дегенмен, оның қайда, қашан соғылатыны әлі нақтыланбай тұр. Дұрыс, ол салынсын. Оған ел бек қуанышты. Алайда жаңа стадионның құрылысы аяқталғанша «Ордабасы» Алматы мен Астананың стадионын жалға алып жүре бере ме? Көршілес Ресей, Қытай, сондай-ақ Бразилия, Катар, Украина, Оңтүстік Африка мемлекеттері түрлі халықаралық додаларды өткізу үшін ондаған стадиондарды салып үлгерді. Ал, Қазақстан тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде жалғыз «Астана-Арена» стадионын соқты. Оның өзі жасанды алаң. Алматыдағы стадион заман талабына сай жаңғыртылды. Ал, үшінші қала болуға ұмтылып жүрген Шымкентте жалғыз «Қажымұқанды» толық күрделі жөндеуден өткізу мұң болып тұр. Доп бар, допты түзу тебетін жігіттер бар, оларға қолдау көрсететін жанкүйер де бар, бірақ сапалы стадион жоқ. Бірі кем дүние дерсіз… Әбдіхалық Әбдірайымұлы, жанкүйер: — Жүздеген әлеуметтік нысандар мен спорт кешендері ашылып жатқан Оңтүстікте бір стадионды дайындай алмау – ұят. Егер жастарымыз Еуропа лигасының кездесулерін өз қаласында тамашаласа, олардың бойында отаншылдық сезімі жалындап, спортқа құмарлығы оянатыны анық. 20 мыңнан астам адам сиятын, елімізге белгілі стадионның жөнделгенін қалаймыз. «Ордабасы» өз жанкүйерлерінің алдында көсілуі тиіс. Жолдас Келдібаев, жанкүйер: —«Ордабасының» кездесулерін Қазығұрт ауданынан арнайы келіп көремін. Стадионның төбесі жабылмағандықтан жауын-шашын, бұршақ жауса қиналып қаламыз. Жұрттың бәрі орындықтарға газет төсеп отырады. Пісте шағып, сусындардың бос ыдысын тастайды. Ал, жанкүйерден тәртіпті талап ету үшін стадионда оларға жақсы жағдай жасалсын. Миллионер қала атанғалы жүрген Шымкентте халықаралық талапқа толық жауап беретін стадион салатын кез жетті. P.S: УЕФА-ның халықаралық турнирлеріне команда қосу елдің беделін көтеріп, танымалдылығын арттырады. Еуропалық жанкүйерлер Шымқаланы тамашалап, Оңтүстіктің тарихымен танысады. Шетелдік журналистер түрлі ақпарат таратады. Өңірімізге келетін саяхатшылар саны артады. Яғни, бір футбол бәсекесінің өзі керемет жарнама мен насихаттың қызметін атқарады. Ең бастысы, негізінен қазақ жастарынан құралған «Ордабасы» өз жанкүйерлері алдында қазақ деген ұлттың жігіттері де допты түзу тебе алатынын дәлелдейді. Қысқасы, келесі жылы Еуропаның мықты командалары Шымкентке келуі тиіс. Жанкүйерлердің тілегі – осы!

 Ғабит САПАРБЕКОВ,  «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×