Еуропа алаңдарындағы сенбі-жексенбінің қызықты ойындары

29.11.2014, 20:51
Еуропа алаңдарындағы сенбі-жексенбінің қызықты ойындары
Еуропа апта ортасындағы еурокубоктердегі матчтардан кейін бар назарын ішкі біріншіліктерге салады. Бұл демалыста бізді көруге тұрарлық, тұрарлық та емес-ау міндетті матчтар күтіп тұр. Жетекші чемпионаттардың бәрінде де, көшбасшы қатарындағы командалар бір-бірімен кездесетін матчтар болады. Ағылшын Премьер-Лигасы. 30-қараша. жексенбі сағ: 19:30 "Саутгемптон"-"Манчестер Сити" Турнир кестесінде көршілес орналасқан екі команда. "Саутгемптонның" екінші орыны көпшілікке таңданыс туғызса, "қалалықтардың" үшінші орыны жаңалық емес. Көп мамандардың пікірінше "Саутгемптон" мықты командалармен кездеспегендіктен, бүгінгде екінші орында дейді. Мүмкін онда шындық та бар шығар. Міне, бүгінгі ойын Куман шәкірттері үшін сол қиын матчтардың бастауы болмақ. Бүгін "Манчестер Сити", келесі аптада "Арсенал", кейін "Челси", "Манчестер Юнайтед", "Ливерпуль".. Тек осыдан кейін ғана "Саутгемптонның" екінші орыны жайлы тұшымды қорытынды айтуға болады. Мықтының мықтылығы мықтымен бәйгеге түскенде анықталады емес пе? "Манчестер Сити" чемпионатта жарқын ойын өрнегін көрсетпей-ақ, қажетті ұпайды еншілеп жүр. Ойыншылардың жеке басының шеберлігі көбіне жеңіcке жетуге көмектесіп жатады. Пеллегрини командасы бүгінде "командалық ойын" көрсетіп жүр деп айта алмаймыз. "Қалалықтар" Чемпиондар Лигасында "Баварияны" жеңіп, топтан шығу мүмкіндігін арттырмаса да, сақтап қалды. Немістерді жеңу үшін біраз күш сарпығаны белгілі. Сондықтан бүгінгі ойынның фаворитін "Саутгемптон" деп санауға да боларлықтай. "Қалалықтардың" шаршауы бар, онымен қоса өз алаңы дегендей. Италия А сериясы 1-желтоқсан. дүйсенбі сағ: 01:45 "Рома"-"Интер" Қонақтардың бүгінгі жағдайына қарамастан, "Рома"-"Интер" текетіресі Италияда ең қызықты ойындардың бірі. "Интер" маусым басында сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп, турнир кестесінде 9-шы орынға түсіп кетті. Нәтижесінде, Маццари орнынан қуылып, Манчиниді бас жаттықтырушы етіп тағайындады. Манчини Англия, Түркия үшін сенімсіз бапкерлердің бірі болып саналғанмен, "Интер" үшін ол сенімділіктің нышаны. Дәл осы бапкердің арқасында "нерадзурри" екі скудеттоны еншілеген болатын. Әрине, екі апта ішінде жаттықтырушы жұмысына баға беру қиын, дегенмен "Интердің" алаңдағы ойынында "тірілу" бар. "Рома" алдына биік белестерді бағындыруды мақсат етіп қояатын команда. Әсіресе, осы маусымда. Италиядағы мақсаты "Ювентустың" үстемдігін тоқтатып скудеттоға қол жеткізу болса, Чемпиондар Лигасында плей-оффқа жолдама алу. "Қасқырлар" ашулы. 3 күн бұрын Мәскеуде соңғы минутта жеңістің қолдан жіберіп алғаны жанкүйерлер есіңде. Бәрі "Манчестер Ситиге" қарсы Римде өтетін матчта шешілетін болады. Роберто Манчинидің "Интерді" екінші мәрте тізгіндеу кезеңінің басы қиын матчтарға дәл келіп тұр. Бірінші ойын дербиге тұспа-тұс келді. Ойын басымдылығы Индзагидің "Миланында" болса да, "Интер" бір ұпайды алды. Екіншісі міне, қонақта римдіктерге қарсы. Әрине, бұл ойынның фавориті "Рома". "Интердің" аты болмаса, заты "Ромаға" қарсы тұра алмайды. Неміс Бундеслигасы 30-қараша. Жексенбі. сағ: 20:30 "Вольфсбург"-"Боруссия М" "Баварияны" ескермесек, бүгінде "Байермен" қоса осы екі ұжым Германияның бетке ұстар командалары. "Вольфсбург" та, "Боруссия" да Еуропа Лигасында сәтті ойнап жүр. Бұл көршілес екеуі "Баварияның" бірінші орнын тартып ала алмаса да, үздік үштікке еніп, келесі маусымда Чемпиондар Лигасында өнер көрсетуге талпынады. Бұл екеуінің басты проблемасы нәтижеде, ойын өрнегінде тұрақсыздығы. Бірде жеңсе, келесіде жеңіледі. Сондықтан кімнің мықты, кімнің фаворит екенін болжап айту қиын. Испан Премьерасы 1-желтоқсан. Дүйсенбі. сағ: 02:00 "Валенсия"-"Барселона" Егер кездесу "Камп Ноуда" өтетін болғанда, мүмкін мақалада бұл матч жайлы сөз айтылмас па еді.  Бірақ, қонақтағы "Барсаның" өз алаңындағы "Барсадан" біраз айырмашылығы бар. Қиындыққа тап болып жатады. Бұған көз жеткізу үшін "Альмериямен" болған ойынды еске түсірек те жеткілікті. "Валенсияның" финанстық тұрғыдан қиындығы артта қалды. Екі-үш жыл үздік төрттіктің маңына жолай алмай, Чемпиондар Лигасына шыға алмай жүрген. Бүгінде, "Атлетико", "Севильялармен" таласып жүріп бұрынғы позициясын қайтарып алуға дәмелі. Команда үшінші орындағы "Атлетикодан" 2 ұпайға, сол "Барселонадан" 4 ұпайға қалып келеді. "Жарғанаттар" үшін бүгінгі матчтың маңызы зор екені түсінікті. Іштей дайындық та ерекше болады. Ал, "Барселона" бар мүмкіндігін қосып, еркін ойнай ала ма? "Месталья" стадионы босаңсуды кешірмейтін жер. Бұнда "Валенсия" ойыншылары алаңның әрбір бөлігіне таласады. Матчтар Астана уақыты бойынша басталады   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×