Еуропа Лигасының финалистері де белгілі болды

15.05.2015, 15:44
Еуропа Лигасының финалистері де белгілі болды
Еуропа Лигасындағы басты тосын сый украиналық "Днепр" болды. Топтан әзер шыққан "Днепр", 1/16 финалда "Олимпиакосты", 1/8 финалда "Аяксты", ширек финалда "Брюггены" жеңіп, жартылай финалда күш сынасуға мүмкіндік алған еді. Бірақ, қарсыласы-"Наполи". Италияда "Ювентустен" кейін  алпауыт саналатын ұжым. Өткен кезеңде "Вольфсбургты" қонақта (4:1) жермен-жексен еткен болатын. Дегенмен, Мирон Маркевич баптайтын ұжым Неапольдан олжалы қайтып, Киевтегі стадионда Селезнев голының арқасында қарсыластан басым түсіп, финалға жолдама алды. Бұл-Украина футболының тарихына алтын әріптермен жазылатын күн екені түсінікті. "Днепр"-"Динамо" емес, "Шахтер" емес. Турнирдің басынан аяғына дейін бір құраммен өнер көрсетіп, шешуші ойынға дейін жету нағыз ерлік. Егер де финалда жеңіске жетіп жатса, бүкіл Украина осы ұжымды алақанында тербететініне күмән жоқ. «Днепр» - «Наполи» 1:0 (0:0) Гол:Селезнев, 58 (1:0). Ал, финалда Мирон Маркевич командасы Еуропа Лигасының нағыз кәрі қасқырына қарсы ойнайды. Былтырғы чемпиондар қатарынан екінші жыл финалға шығып отыр. Испанияның "Севильясы" екі ойын қорытындысы бойынша "Фиорентинаны" тас-талқан етті. Алғашқы ойын Андалуссияда өтіп Эмери жігіттері 3:0 есебімен жеңсе, Италиядағы қарымта ойында да 2:0 есебімен айла асырды. Былтырғы финалдағы қарсыласы "Бенфика" болған еді. Ол кезде Эмери шәкірттері драмаға айналған финалда матч соңындағы пенальтиден басым түскен болатын. «Фиорентина» - «Севилья» 0:2 (0:2) Голдар:Бакка, 22 (0:1), Каррису, 27 (0:2) Финалды Польшаның астанасы Варшава шаһары күтіп отыр. 27-ші мамыр күні жергілікті "Ұлттық стадионда" "Днепр" мен "Севилья" Еуропа Лигасының жеңіспазы атағына таласады.  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×