Өзім дегенді өзектен теппе. "Сантьяго Бернабеу"-дан фотошолу

14.05.2015, 23:31
Өзім дегенді өзектен теппе.  "Сантьяго Бернабеу"-дан фотошолу
Мората и Видаль, skysports.cоm Финалға шығар мүмкіндігі жоқ деп, жеребеден кейін аутсайдерге баланған "Ювентус" Берлинге жолдаманы былтырғы чемпиондардан жұлып алды. Алғашқы ойындағы жеңістен кейін Испания астанасында тиімді нәтижеге қол жеткізген "кәрі сеньора" Берлинде "Барселонамен" күш сынасады. "Аладоп" сайты Мадридтегі ойынның қызықты сәттерін еске түсіріп, фотошолу жасамақ. "Реал Мадридтің" Чемпиондар Лигасындағы он кубогі. Матч алдында жанкүйерлер командадан жеңісті ғана күтті.. Роналду Мессимен Чемпиондар Лигасындағы гол санынан теңесті. Бұл маусымда да, жалпы тарихта да. Бірақ, аргентиналық футболшы бір айдан соң-ақ қайта озып кетуі мүмкін. Себебі, "Олимпиаштадионда" Роналдуды емес, Мессиді көретін боламыз.  "Ювентустың" қорғанысы тас-қамал болды. Есепті қорғайтын италяндықтар қақпасының кілтін табудан артық қиын жұмыс жоқ. Ал, алғашқы гол, яғни пенальти жеке Кьелинидің кінәсі. Ал, басқа сәттерде қонақтар қорғанысы, Буффон басшылық ететін жігіттер ерлік танытты. Бүкіл матчтың бейнесін беретін фото. Тартысты текетірес Былтырғы ерлік биыл Рамостың қолынан келмеді. Анчелотти сенбеді, Флорентино жанкүйерлердің ырқына көнбеді. Нәтижесінде, Мадридтің түлегі Мадридті мұңаятты. Әлем екінші Раульға теңеген Моратаны былтыр "Реал" басшылығы "Ювентусқа" сатып жіберген еді. Қайтеді, Роналду емес, Бэйл емес, Бензама емес. Қара базарда жейделері минут санап сатылатын. Қос ойында қос гол салып, "Реалдың" жолына бөгет болды. Опық жеді-ау, Флорентино мырза. Чемпиондар Лигасы атауы пайда болып, турнирдің форматы өзгергелі бері аттай 24 жыл өтсе де осы турнирде қатарынан екі мәрте озып шығу ешбір командаға бұйырмапты. "Юнайтед", "Милан", "Барселона", "Бавария".... Жеңістің биік шыңына шыққаннан кейін, келесі жылы міндетті түрде сүрініп жатады. Тарих бізден басталады деген Мадрид те қалыпқа айналға үрдістің алдында дәрменсіздік танытты. Ал, "Ювентусқа" жарайсың-ды жаудырамыз. Қарсылас мықты болса да, өз мүмкіндіктерін толық пайдалана білді. Бастысы, қайсар ұжым екенін дәлелдеді. Қорықпады, саспады. Bravissimo, Juve!   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×