"Барселона"-Чемпиондар Лигасының финалында. "Альянс-Аренадан" фотошолу

13.05.2015, 08:27
"Барселона"-Чемпиондар Лигасының финалында. "Альянс-Аренадан" фотошолу
Мюнхендегі қарымта кездесуде "Бавария" 3:2 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, Испаниядағы алғашқы ойынды ескерсек, немістердің финалға жолдама алуына мүлде жетпейтін есеп. "Блауграна" екі ойынның қорытындысы бойынша үздік шықты. Финалдағы қарсыласы ертең Мадридтегі "Реал"-"Ювентус" кездесуінен кейін анықталатын болады.  Керемет көрініс __________________________________________________________________________________ "Альянс-Аренаның қызу" қолдауымен "Бавария" футболшылары ойынды белсенді бастаған еді. Бұрыштама добынан кейін, қорғаушы Мехди Бенатиа есеп ашып, ғажайыптың орын аларына әлемді бір сәтке сендірген. Бірақ... __________________________________________________________________________________ Келесі шабуылда-ақ Неймар таблодағы есепті теңестіріп, немістердің үмітін біржола сөндірді. Месси бастады, Суарес қостады, Неймар аяқтады.  __________________________________________________________________________________ "Бавария" тағы шабуылдап, бір-екі қауіпті сәт ұйымдастырғаны сол еді, "Барселона" екінші голды салды да тастады. Тағы да Неймар. Тағы да сол ескі әндегідей. Месси-Суарес-Неймар... ГООООООООООООООЛ! __________________________________________________________________________________ Иә, екі ойында да "Баварияның" қорғанысы, әсіресе орталық шебі "Хетафе", "Гранаданың" деңгейінде ойнады. "Блауграна" екі голды да жаяу жүріп салды.  __________________________________________________________________________________ фото Matthias Hangst (Bongarts/Getty Images) Екінші таймда "Барселона" алаңда болмады десем қате айтпаспың. Маусымдағы ең сүреңсіз 45 минутын өткізді Энрике шәкірттері. Әрине, оларды да түсінуге болады. Түсінеміз. Кешіреміз. Ал, мюнхендіктер финалға шықпаса да, испандықтарды жеңуге әбден тырысты. 59-шы минутта Левандовский Маскераноны ұршықша айналдырып, Тер Штеген қақпасын дәл көздеді. __________________________________________________________________________________ Басқа берілсе де, Мюллер аяғына дейін шайқасады. Томас әлем футболына тәй-тәй басқан кезінен-ақ бізді осыған үйреткен. Осы жігіттің жанкештілігіне, батырлығына, қайсарлығына риза болмасқа болмас. Жеңісті гол осы жігіттің атында. Бірақ, ойынның аяғына дейін ойнау жазбады. Гвардиола бір апта бұрынғы әдетіне басып матч соңына қарай Гетцеге алмастырды. _________________________________________________________________________________ "Барселона" XXI ғасырда төртінші рет Чемпиондар Лигасының финалына шығып отыр. Алдыңғы үш финалда да жеңімпаз атанды. Бұл жолы қалай болады? Жауабын 6-шы маусым күнгі Германия астанасындағы финалдан кейін білетін боламыз.    Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×