Католониядағы алғашқы кездесу "Барселонаның" ірі жеңісімен аяқталған еді. Мессидің дублі мен Неймардың голы блаугрананы финалға алып шығуға толықтай жетуі мүмкін. Қызығы мюнхендіктер қалай жауап береді? Жалынды жігермен шыға ма, әлде, әлем сенбейтіні секілді жеңіске өздері де сенбей ме?
Гвардиола Германияда екінші маусымын аяқтағалы отыр. Екі жыл ішінде бірінде мәреге дейін екі ай, бірінде бір ай бұрын Бундеслиганы жеңіп алды. Германия мен Уефа суперкубогі, клубтар арасындағы әлем чемпионаты. Екінші рет Чемпиондар Лигасының жартылай финалында өнер көрсетіп отыр. Былтыр болашақ чемпиондарға жеңілді. Биыл бүгінгі таңда әлемдегі ең үздік клубқа. Иә, осының бәрі белгілі бір түрде Пептің екі сәтсіз маусымын ақтауға жетер-ау. Санасақ, бес трофей. Бірақ...
Қандай жаңалық ұсынды "Баварияға", әлем футболына? Ешқандай! Юпп Хайнкесс кезінен кейін не өзгертті? Ештеме. Бәлкім, әрбір жайтты май шаммен отырып сараптайтын сарапшылар бір позитивті дүние табар. Бірақ, қандай? Иә, испан футболының жұрнағын көрдік "Бавария" ойынында. Бірақ, неміс футболы-техникаға сүйенетін футбол емес. Физикалық дайындық, темірдей тәртіп, бүге-шүгесіне дейін ойластырылған тактика. Осы футболдың арқасында "Бавария" екі жыл бұрын жартылай финалда "Барселонаны"(мейлі осал болса да) тас-талқан етіп Чемпиондар Лигасында топ жарды. Былтыр Германия ұлттық құрамасы Әлем чемпионы атанды.
Жарақат алып, емделіп жатқан футболшылар көп болды дерсіз. Иә. Бірақ, топ-клуб деген атаққа сай, екінші құрамдағы футболшылар да осал болмауға тиіс еді. Орталық қорғаушыларды қараңыз. Данте, Боатенг. Екеуі де жоғары деңгейде ойнауға жаратылмаған футболшылар. Бразилияда сапалы орталық қорғаушының аз туатының былтырғы Әлем чемпионатының жартылай финалында көзіміз жеткен. Баварияның орталық қорғанысы өте осал екеніне дау жоқ. Ал, оған кім кінәлі? Данте, Боатенгтер "Майнц", "Падерборн", "Шахтерға" қарсы, қарсылас анда-санда бір айып алаңға жақындап тұратын ойындарда жақсы ойнар. Бірақ, "Портуға", "Барселонаға" қарсы ойындарда шынайы бет-бейнелері ашылды. Қапталдағы мықты қорғаушыларды табу өте қиын, бірақ орталық қорғаушылар әлемде жеткілікті. Ал, екі жыл ішінде Роббен мен Рибериді алмастыра алатын футболшыны таппағанына кім кінәлі? Риберидің енді өз бабына оралуы екіталай, Роббен де жас емес. "Баварияға" қалай болмасың, команданың бірнеше позициясын жаңарту керек. Әйтпесе, жыл сайын Бундеслига мен жартылай финады қанағат тұтып жүре бермек. Ал, "Баварияның" мақсаты осы ма?!
Берлиндегі финалға жолдама алуға мүмкіндік.. "Бавария" бүгінгі "Барселонаны" 4:0, 5:1 талқандайды дегенге кім сенеді? Соңғы жеті ойында 25 гол салып, қақпасына бірде-бір гол өткізбеген "Барселонаны". Иә, 1/8 және 1/4 финалдарда өз алаңында "Шахтер" мен "Портуны" жермен-жексен етті. Бірақ, ол "Шахтер" мен "Порту". Иә, осы маусымда Чемпиондар Лигасының аясында "Альянс-Аренада" өткізілген барлық бес кездесуде жеңіске жетті. Бірақ, "Барселона" секілді алыпты қонақ еткен жоқ. "Блауграна" алғашқы минуттардан "Порту" секілді өз айып алаңында тығылмайды. Ашық футбол ойнайды. Жарайды, тығылғанның өзіңде Месси бастаған жігіттердің қарсы шабуылы қандай қауіпті екенін білеміз. "Барселонаның" ең үздік қарсы шабуылдайтын команда екенін де тілге тиек ете кетейін. Католондықтардың алаңнан голсыз кетпеуі мүмкін емес. Егер де, "Бавария" сөз басында айтқандай жалынды жігермен, жаралы арыстанша қаһарлы кейіпте шықса ғана немістерде мүмкіндік болады. Алғашқы 15-20 минутта жылдам гол салып үлгерсе. Әйтпесе, ойынның 25-ші минуттарында есеп 0:0 болса, теледидарға да, миға да тыным беріп ұйқыға кеткен жөн. "Барселона" Берлиндегі финалға жолдама алды дегенді, таңертең ғаламтордан оқып, жаңалықтан естіп аласыз.
Ал, Мюнхендегі матчтың тікелей эфирін сейсенбі күні "КТК" телеарнасынан сағат 00:45-те тамашалай аласыздар.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ