Еуропа төріндегі аяқ алысымыз қалай?

18.08.2011, 19:21
Еуропа төріндегі аяқ алысымыз қалай?
Еурокубоктік бәсекенің плей-оффтық іріктеу турнирі де басталып кетті. Өкінішке қарай, бұл кезеңге Қазақстан клубтары жете алмады. Дегенмен айта кету керек, Еурододаға биылғы жорығымыз жылдағыдан әлдеқайда сәтті болды. Рейтингімізді жоғарылатып, қоржынымызға салған ұпай санын көбейттік. Бірінші рет бір емес, екі бірдей командамыз Еуропа лигасы іріктеу турнирінің бірінші кезеңінен сәтті өтті. Жалпы, мақтауға лайық өнер көрсеттік. Осы орайда біз Еурододадағы қазақстандық клубтардың жорықтарын аз-кем қорытындылап жібергенді жөн көрген едік. Еуродода бәсекелерінде Қазақстанның барлығы он клубы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының (УЕФА кубогы) тоғыз маусымына қатысыпты. Барлық командамыз жалпы алғанда 90 ойын өткізіп, оның 26-сында жеңіске жеткен болса, 19-ында тең түсіп, 46-сында жеңіліппіз. Гол айырмашылығы 90:140. Еуродода бәсекелерінде Қазақстан командалары 24 елдің барлығы 42 командасымен кездесіпті. Осылардың ішінде бәрінен де Исландияның Хабнарфьордюр клубына қарсы сәтті ойнаппыз. 2009 жылы бұл команданы «Ақтөбе» екі матчтың қорытындысы бойынша 6:0 есебімен тізе бүктірген. Ал Норвегияның «Русенборгінен» «Астана» 1:3, 1:7 есептерімен жеңілген. Биылға дейін 42-орында келген Қазақстан 40-орынға көтерілді. УЕФА-да клубтардың тек  соңғы бес жылдағы ұпайларын санайтын болғандықтан, бұл тұрғыда еншімізде 5,333 ұпай бар. Биылға дейін Еурододада ең көп матч өткерген ойыншы ретінде Нұрбол Жұмасқалиев пен Данияр Мұқановтың (21 ойыннан) есімдері аталып келген-ді. Алайда бұл жолы оларды Самат Смақов пен Петр Бадло басып озды. Ал үздік сұрмергендер өзгерген жоқ. Еуродода бәсекелерінде Қазақстан клубтарын осы уақытқа дейін 20 жаттықтырушы бастап шығыпты. Оның 11-і – шетелдік мамандар. Әзірге ең сәтті бапкер ретінде Владимир Мұқановтың есімі аталып жүр. Дегенмен Владимир Алексеевичтің үшінші іріктеу кезеңінен аса алмай жүргеніне біраз болып қалды. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×