1-бөлiм
2012 жылғы футболдан Еуропа бiрiншiлiгi Польша мен Украинада өтетiнi баршамызға аян. Финалдық турнирге жолдама алған 16 команда анықталып, жеребесi тартылып қойғанынан барша футбол сүйер қауым хабардар болса керек.
Ендi осы финалдық кезеңге дейiнгi iрiктеу кезеңiндегi қызықты статистикалық мәлiметтердi саралап көрсек.
1.Iрiктеу кезеңi аясында өз тобындағы барлық кездесулердi жеңiспен аяқтап, бiрде-бiр Ұпай жоғалтпай 100 %-дық көрсеткiшпен шыққан екi команда бар. Олар, Испания және Германия.
2. Немiстер орта есеппен әр ойында 3,4 гол соққан. Ал, испандардың көрсеткiшi немiстерден сәл төмендеу 3,25 голдан соғып отырған.
3.Польша мен Украинаға ең бiрiншi болып жолдама алған Германия құрамасы болды. Бұл 2 қыркүйекте аустриялықтарды 6-2 есебiмен тас-талқан еткеннен кейiн мәлiм болды.
4. Iрiктеу кезеңiнiң соңғы турында өз алаңында 3-1 есебiмен Шотландияны ұтқан Висенте дель Боске шәкiрттерi ресми ойындарда қатарынан 14 рет жеңiске жетiп, Франция мен Нидерландияның рекордын қайталады.
5. Егер соңғы турда Швецияға 2-3 есебiмен жол бермегенде Германия мен Испанияның қатарына Нидерландия да қосылар едi. Берт ван Марвейк шәкiрттерi iрiктеу кезеңiнiң ең нәтижелi ұжымы болды. Олар орта есеппен әр ойында 3,7 гол соққан. Голландиялық шабуылшы Клаас-Ян Хунтелаар 12 гол соғып iрiктеу кезеңiнiң ең үздiк мергенi атанды.
6. Сондай-ақ, Сан-Мариноны 11-0 есебiмен Ұтқан голландтықтар iрiктеу кезеңiнiң ең iрi жеңiсiне қол жеткiздi.
7.Сан-Мариноны венгерлер мен финдар да аямады. Олар Сан-марино қақпасына жауапсыз сегiз доптан соқты. Жанкүйерлер бұдан басқа бiрнеше кездесуде сегiз голдан көрдi. Олар:
Бельгия - Австрия 4:4
Германия - Австрия 6:2
Нидерланды - Венгрия 5:3
Португалия - Кипр 4:4
Португалия - Исландия 5:3
8. Iрiктеу кезеңiнде бiрде-бiр ұпайға қол жеткiзе алмаған екi команда бар. Олар, Андорра және Сан-Марино. В тобында өнер көрсеткен Андорра құрамасы қарсыластар қақпасына бiр ғана гол соғып, 25 гол жiберiп алған. Дегенмен, Сан-Марино көрсеткiшi бұдан да төмен. Олар қарсыластарынан 53 гол жiберiп, бiрде-бiр гол соға алмаған екен.
Шалқар ӘБЕНОВ