Финалға дайынсың ба, «Қайрат»?

20.04.2011, 21:28
Финалға дайынсың ба, «Қайрат»?
Осы айдың 29-ы мен мамырдың 1-і аралығында Алматыда шағын футболдан УЕФА кубогының финалдық турнирі өтеді. Басқаша айтқанда, «Үздік төрттік» атауына ие бұл турнирге Алматы қаласының, соның ішінде «Қайрат» шағын футбол клубының дайындығы туралы аталмыш команданың президенті Қайрат Оразбековтен сұраған едік. – Осы айдың 25-інен бастап, турнир басталғанша біз футболшыларымызға карантин жарияламақпыз. Яғни, жаттығулардың бәрі жабық өтеді. Журналистермен де кездесуге шектеу қойылады. Ал оған дейін көпшілікті қызықтырған барлық сұрақтарға жауап беруге дайынбыз. Ал негізі, «Үздік төрттік» финалына дайындықты ақпан айының бірінші күнінен-ақ бастап кеткенбіз. Құрамымызға жаңа ойыншылар қосып, команданы толық жа­сақтап болдық. Финалдық кезеңге 14 футболшы қатысады. Оның бесеуі – өз өрендеріміз. – Ал команда сапында жарақаттанған ешкім жоқ па? – Бүгінде бір футболшымыз жарақатын емдетуде. Ол – УЕФА кубогының негізгі кезеңінде командамыздың финалға шығуына зор үлесін қосқан бразилиялық легионеріміз Лео. Лео сол кездегі турнирде де жарақатымен ойнаған болатын. Дегенмен алдағы дүбірлі додаға бұл футболшыны толық дайын қылып шығарамыз деген ойдамыз. – Қарсыластарыңыз туралы толық мағлұмат жинап үлгерген боларсыздар. Олардың әлеуетін қалай бағалайсыз? – «Монтесильваноға» келер болсақ, бұл клуб тұңғыш рет осындай додада ойнау мәртебесіне ие болып отыр. Физикалық тұрғыда мығым команда. Ұжымында алты бразилиялық легионер, үш аргентиналық және үш итальяндық футболшысы бар. Бұлармен осы күнге дейін кездеспесек те, әлеуеттері қаншалықты екенін білеміз. Негізі, Италия чемпионаты мықты клубтарға кенде болған емес. Ал «Бенфикаға» келер болсақ, бұл ұжыммен екі мәрте кездескенбіз. Біріншісінде, 2006 жылы солардың алаңында, яғни Лисабонда УЕФА кубогының негізгі кезеңінде кездесіп, 3:3 есебімен тең түстік те, финалдық кезеңге жолдама алғанбыз. Екіншісінде біз бұл ұжымды 5:0 есебімен ойсырата жеңгенбіз. «Спортингпен» де екі мәрте ресми ойын өткізіппіз. Бірақ екеуінде де жеңіліп қалған едік. Біріншісінде 1:3 есебімен ұтылсақ, екіншісінде 2:3 есебімен жол бергенбіз. Жалпы, Португалияда шағын футболға өте зор көңіл бөлінеді. Бұларда үлкен футболдың клубтық бюджетіне қанша қаржы аударылса, соның 10 пайызы шағын футбол­ға жұмсалады. Мәселен, үлкен футболдан «Бенфиканың» жылдық бюджеті жылына 140 мың евроны құрайды екен. Сәйкесінше, соның 14 миллионы «Бенфика» шағын футболына тиесілі. Сол сияқты, «Спортингтің» бюджеті 13,6 миллион евроны құрап отыр. – Ал «Қайрат» шағын футбол клубының жылдық бюджеті қанша? – Біздің бюджетіміз олардыкімен салыстыруға келмейді ғой. Биылдыққа бізге 2,5 миллион евро қарастырылған. Дегенмен шағын бюджетпен де алпауыт командаларға қарсы ойнауға болатынын дәлелдегіміз келеді. Ең бастысы, өз жанкүйерлеріміздің алдында абыройлы болып қалуды көздейміз. Бізге мыңдаған қазақстандықтар сенім артып отыр. Солардың сенімін ақтасақ дейміз. Кім біледі, енді қашан «Үздік төрттік» финалын қабылдарымызды. Сондықтан мұндай мүмкіндікті бос жібермеу керек. – Футболшылардың алдына қандай міндет, қандай тапсырма жүктеп отырсыздар? – Тағы бір рет үздік үштіктен көрінуді мақсат тұтамыз. Ал егер сәті түссе, бас жүлдеге де таласуымыз керектігі туралы айттық. Өйткені осы турнирді жеңіп алсақ, Қазақстан шағын футболына демеушілердің де қызығушылығы артар еді. – «Үздік төрттік финалының» жартылай финалында «Қайрат» Португалияның «Спортингімен» ойнайды. Жеребе Алматының клубына «Спортингті» қосқанда қандай сезімде болдыңыз? – Алғашында көңілім түсіп кетті. Бірақ артынан сараптай келе, үш клубтың ішінде ең қолайлы қарсылас осы «Спортинг» екенін түсіндім. Өйткені «Бенфика» машина сияқты бір оталса, тоқтамайды. Ал «Монтесильвано» біз үшін жұмбақ команда. Сондай-ақ бұлардың жоғалтары жоқ. Еш нәрседен тайсалмайтын ұжым. – Әңгімеңіздің соңында финалдық кезеңнің билеттерінің бағасы жайында айтсаңыз... – Біз Балуан Шолақ спорт сарайына жанкүйерлер лық толады деген үміттеміз. Өйткені футболшыларға көрермендердің қолдауы өте қажет. Ал билет бағасы 2 мың теңгеден жоғары. Ең қымбаты 10 мың теңгеге дейін ғана барады. Сатылымға шығып қойды. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×