ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

12.06.2014, 15:11
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді қорытындылаймыз.   1-орын. БРАЗИЛИЯ-1970 Негізгі құрам: Феликс – Карлос Алберто, Брито, Пиацца, Эвералдо – Клодоалдо, Жерсон, Ривеллино – Тостао, Пеле, Жаирзиньо. Бас бапкер – Марио Загалло.  zagallo Тарихтағы ең үздік команда туралы әркімнің өз тұжырымы болуы мүмкін. Оған таласпаймыз. Алайда арғы-бергі футбол мамандарының ортақ пікірі де, көне таспадағы көріністерді қайталап қарап шыққан біздің ойымыз да 1970 жылғы Бразилия құрамасына келіп түйісті. Қаншама чемпиондардың ішінде тартымды ойын жағынан болсын, футболшылардың жеке шеберлігі жағынан болсын, жанкүйер жанын жаулау жағынан болсын, дәл осындай майталман ұжым бола қоймаған шығар. Мексикадағы чемпионатқа жолдаманы Бразилия құрамасы Жоао Салданьяның жетекшілігімен ұтып алды. Бәрі дұрыс келе жатқанымен, уақыт өткен сайын жұртшылықты бапкердің қызба мінезі көп алаңдата бастады. Ақыры финалдық турнирге иек артар тұста ол орнынан алынды. Команда тізгіні алғашқыда 1958 жылғы әлем чемпионы Дино Саниге ұсынылды. Бірақ ол бас тартты. Сосын 1966 жылы Португалияға 3-орынды алып берген бразилиялық маман Отто Глорияға қолқа салынды. Ол да жауапкершілік қамытын мойнына ілуге құлық танытпады. Осы кезде елдің есіне Марио Загалло түсті. Бразилия футболы үшін ол сәтті бойтұмар іспетті еді: екі рет әлем чемпионатына барды (1958, 1962) – екеуінде де чемпион атанды. Сонымен қатар ол ешкіммен салғыласпайтын, кез келген адаммен тіл табыса білетін сабырлы адам-тұғын. Құрама тізгінін қолына ұстаған күннің ертесіне Загалло өзіне негізгі көмекші етіп күш-қуат дайындығына жауап беретін маман Карлос Алберто Паррейраны алды. Сөйтіп, ол 1966 жылы өзінің ұстазы Висенте Феола жіберген қателікті қайталамауға тырысты. Техникасы ғажап, қиялы ұшқыр бразилиялықтардың Еуропаның үздік командаларынан тек дене күші, шыдамдылық, қуаттылық жағынан осал түсіп жатқанын дәл байқаған ол осы бағыттағы жұмысты тереңірек жүргізуді Паррейраға сеніп тапсырды. Нәтиже күткендегіден де асып түсті! Бразилия бұл чемпионатта барлық қарсыласын екінші таймда талқандаумен болды: 59-минутқа дейін 1:1 есебін ұстап тұрған Чехословакияны 24 минуттың ішінде 4:1 ғып шашып тастады; қорғанысы мығым Англияның сағын да 59-минутта сындыра алды; өздерімен ашық футбол арқылы айқасуға батылы барған Перу әр гол соққан сайын бұлар екі голмен жауап беріп отырды; жартылай финалда да 76-минутқа дейін шыдаған уругвайлықтарды 3:1 ғып жеңді; ал финалда қашанда төзімділігімен мақтанатын Италияға соңғы 20 минутта үш гол соқты. Қысқасы, осы чемпионаттағы 19 голының 12-сін бразилиялықтар екінші таймда енгізген! Яғни, қарсыластың сілесі қатып, тілі салақтай бастағанда бұлардың екінші тынысы ашылып, қарқынды үдете түскен. Загалло мен Паррейраның сұңғыла ғұламалығына бұдан асқан қандай дәлел керек? Топтық турнирдегі ойынына қарап-ақ бразилиялықтардың үшінші алтын үшін келгенін байқау қиын емес еді. Үш қарсыласын да жайратып салған олардың бірінші тұғырға қонуы әділ болды. Алғы шептегі үш шабуылшының бірі – Тостао көп жағдайда кейін шегініп, негізгі диспетчер Жерсонмен қанаттаса ойнады. Яғни, шешуші ойындардағы Бразилияның тактикалық орналасуын 4-4-2 деп қабылдауға да болар еді. Әрине, бұл схеманы әлемнің үздік командалары толығымен 70-жылдары жетік меңгерді, десе де, оның алғашқы көріністері Мексика жасыл алаңдарында-ақ байқалған болатын... Финалда осыған дейін екі реттен әлем чемпионы болған қос дүлдүл кездесті. Италия құрамасы да өте жоғары деңгейде өнер көрсетті, бірақ Бразилияның тегеурініне олар бір тайм ғана шыдас бере алды. Матчтың екінші бөлігінде Загаллоның шәкірттері «Ацтекадағы» 107 мың адаммен қоса дүниенің 73 еліндегі 800 миллион телекөрерменнің есінен кетпес ерекше спектакль қойып берді. Сөйтіп, үшінші рет әлем чемпионы атанған Бразилия құрамасы Жеңіс құдайы бейнеленген «Алтын Никені» мәңгілікке иеленді. World Cup Final 1970. Mexico City, Mexico. 21st June, 1970. Brazil 4 v Italy 1.  Brazil's Gerson beats Italian players  from outside the penalty area to put his side 2-1 ahead in the World Cup Final. Бразилия – Италия – 4:1. Жерсонның соққысы. «Әлем чемпионатында жеңіп шығу үшін ең әуелі ұлы ойыншылар керек, әйтпесе тактикаң да, техникаң да далада қалады, – дейді Загалло. – Командаңда деңгейі өте жоғары бес футболшы болса, қалғанын солардың төңірегіне топтастырып, ұйымшыл ұжым құрып шығуға болады. Бақытыма қарай, 1970 жылы менің қарамағымда жеті жарық жұлдыз болды: Тостао, Жерсон, Жаирзиньо, Карлос Алберто, Ривеллино, Клодоалдо және, ең бастысы, Пеле. Мұндай жампоздардың бойындағы жалынның ұшқыны олармен қатар алаңға шыққан кез келген жас ойыншыны жігерлендіре алады. Сондықтан да мен тактика туралы көп ойлап, бас қатырғаным жоқ. Жігіттерімнің ғаламат талантына сендім. Әсіресе Пеле бәріне үлгі бола білді. Өзінің әлдеқайда жоғары абыройы мен беделіне қарамастан ол команда капитаны болып Карлос Албертоның тағайындалғанына түсіністікпен қарады». браз-70 Бразилия құрамасы үшінші рет әлем чемпионы атанды.   Мамандар 1970 жылғы Бразилия құрамасын әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік құрама санайды. Ал Пеле – үш рет әлем чемпионы атанған тарихтағы әзірге жалғыз футболшы. Пеле-70 Пеле – үш рет әлем чемпионы болған тарихтағы жалғыз футболшы.   Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×