Футбол Меккесі - "Маракана"

26.06.2014, 10:35
Футбол Меккесі - "Маракана"

Бразилияда нөмері 1 спорт - воллейбол. Иә, бұл сөзді естігенде көп адамның таңданыс тудыратыны түсінікті. Футбол қайда сонда? Әлемнің 5 дүркін чемпионы болып, қаншама даңқты футболшыны шығарған елде футбол өнері неге алғашқы орында емес дейсіз ғой?! Біз бұл жерде спорт жайлы айтып тұрғанымызды аңғарыңыз. Ал футбол бұл мемлекетте спорттың дәрежесінен асып кеткен. Бұл халықтық, ұлттық дәрежеде дәріптелетін ойын. Футбол Бразилияда дінге айналған. 200 миллион халық тұратын, жер аумағы әлемде 5-орынды алатын алып мемлекетте котолик дінімен бірге, футбол деген де дін бар. Алып шіркеулерінің қасында міндетті түрде, соншалықты үлкен стадион бар. Ал ұлттық құрама команданың ойынына барып, алаңға шыққан 11 футболшыға тілеулес болып, солардың тілеуін тілеу мұнда әрбір азаматтың парызы іспеттес. Неймар секілді футболшыны аспанға көтеріп, оның жейдесін киген азаматтарда есеп жоқ. Неймар кәдімгі табынатын, культке айналған.

Оған мен Бразилия мен Камерун арасындағы ойынның кезінде көзімді жеткіздім. Белу-Оризонти қаласындағы қонақүйде матчты енді бастап көре бергенім сол еді, Неймар гол соғып 15 қабатты ғимаратты дүр сілкіндірді. Қасымыздағы зәулім үйлердің де терезелерінен не түрлі айқай естілді. Осы жағдайдан кейін мен амалсыз жақын маңдағы футбол барына бардым. Ондағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір бұрыштан орын алып, қаптаған сары жейдедегі бразилиялықтармен бірге болыса бастадым. Камерун гол соғып есепті теңестіріп кетті. Араның ұясындай гулеген кафенің ішінде тым-тырыс мүлгіген тыныштық орнады. Бір адам аузын ашып, ләм-мим демеді. 1 минуттық үнсіздік "селесао" шабуылшыларының кезекті щабуылы бұзды. Гол соғатын мүмкіндік мүлт кетті. Жанкүйерлер де жанталасып, "аһ" ұрды. Үлкен монитордың алдына тізерлей отыра кетіп, алақанын жайып, жаратқаннан гол тілегендей болған бір жанкүйер мені тіпті таңқалдырды. Ойынның бірінші таймының бел ортасы, әлі ештеңе де жоғалтылған жоқ. Дегенмен де, айналамдағы адамдар күйіп-пісіп, дегбірі қашуда. Қарсыластың қателігін пайдаланған Неймар ортамен өтіп, екінші голды соққанда жанкүйерлер "баж" ете қалды. Іле-шала отшашулар атылып, аспан тегіс қызыл-жасыл шоққа оранды. Бұл ойынның небәрі 35-минуты еді. Қызықтың бәрі алда екені түсінікті болды. Екінші таймда алаң иелері тағы екі гол соғып 4-1 есебімен жеңісті тойлады. Жеңіске жеткен футболшыларға қарағанда, көшедегі қарапайым тұрғындар қатты тойлатты. Мен отырған кафенің іші бірден матч аяқталысымен, кішігірім карнавалға айналды. Бір-бірін құшақтап билеп, әсем әуен көшені басқа көтерді.

Айтпақшы, бразилиялықтардың футболдан кейінгі екінші құндылығы ол - би. Самба, румба, паса-дубль, ча-ча-ча секілді билер бірінің артынан бірі жалғасып кетіп жатты. Біздің тойда тойбастар болса, мұнда бассанова, капуэро.

Алғашқы күннің әсерінен арыла алмаған мен ертесіне кешеуілдетіп әлгі жанкүйерлер ордасына қайта бас соқтым. Сөйтсем, тағы да қызу футбол және ас ішу жүріп жатыр екен. Қазақтар жылқы етін қалай жесе, бұлар сиыр етін солай жақсы көреді. Сиырдың етінен жасалынатын ең дәмді тағам пиканья деп аталады. Шамамен, қамырсыз бешпармақ. Бұл жолы тамақ астында олар Уругвай мен Италия матчын тамашалауда екен. Асықпай байқасам, бәрі Италияға болысып отыр. Бұл неліктен деген ой келді. Керісінше, көрші жатқан Уругвайға болысуы керек емес пе? Латын Америкасы Еуропаға қарсы шығып жатыр емес пе? Оның мәнісін осындағы даяшы досым Нилтоннан білдім. Бразилиялықтар үшін Уругвай бітіспес қарсылас екен. Сол кезде ойыма сап етіп бір жәйт түсе қалды. 1950-жылы Бразилия алғаш рет Әлем чемпитонатын ұйымдастырған кезде "Маракана" стадионында өткен финалда бразилиялықтар Уругвайға жеңіліп қалған. Бұл оқиға футбол тарихында "Маркана көз жасы" деп аталып кеткен. Демек, Бразилия мен Уругвайдың футболдағы тіресі баяғы біздің "Қайрат" пен "Пахтакордың" жайындай болды ғой деп іштей топшыладым. Өйткені, ешбір бразилиялық Уругвай ойынын жақтыртып отырмады. Және бір қызығы Уругвай соңғы минуттарда гол соғып, жеңіске жетейін деп жатқанда кафедегі бір даяшы шыдай алмай теледидарды өзге арнаға ауыстырып та тастады. Оған қарсы болып, дау айтатын да ешкім табылмады. Осындай жағдайларды көз көрген соң бразилиядағы футболдың рөлі жайында өзгеше ойлай бастадым. Олардың бес дүркін чемпион болғандығының сыры осында екен ғой.

Белу-Оризонтиден шығып Риоға жол тарттым. О, Рио, Рио! Атлант мұхитының бұлқынған толқындарын құшағына алып тұрған алып шаһар. Остап Бендер жете алмай, арманда кеткен қала. Ислам дінінде Меккеге барып, тәж етіп, қажылық жасау - парыз. Бразилияда футболдың Меккесі ретінде Рио-де-Жанейродағы "Маркана" стадионы саналады. Мұнда кіріп, футбол көріп, трибунаның тербелісін сезіну, кез-келген бразилиялық үшін қасиетті ұғым. Алаңға шыққан футболшылардың ойын алдындағы толқыныстары да түсінікті. Сол күні мен Ресей мен Бельгия матчын "Мараканада" отырып тамашаладым. 1986 жылы Мексикадағы футбол тойында Валерий Василиұлы Лобановский баптайтын Кеңес үкіметінің құрамасы дәл осы Бельгияға жеңілген. Сол жылы әлемдің мундиальдің фавориті саналған Кеңес командасы 1/8 финалда 4-3 есебімен "қызыл сойқандардан" жеңіліп қалған еді. Соңғы минутты соғылған сол бір доп көптеген Ресейден келген жанкүйердің жадында екен. Және осы ойында да сол бір сценарий қайталанды. Соңғы минуттарда 19-жасар Ориги гол соғып, Бельгияға жеңіс сыйлады. Ресейлік журналистер бұрқан-талқан. Әлем чемпионатындағы жалақыны ең көп алатын Фабио Капелло сынға ұшырады. Ол жанкүйер қызығатын ойынды шетке ысырып, өз басының қарақан қамын ойлапты. Алаңға шығарған ойыншылары қорғанысқа бейімделіп, бапкер тең нәтижені мақсат тұтқан. Ең бастысы топтан шығуды көздеген Дон Фабио ресейлік жорналшылардың ойынша жылы орнын сақтауды ғана ойлап жүр екен. Әрине, жылына 8 миллион ақш доллары бар жалақыны жоғалту оңай емес. Жеңілгенімен де, Фабио бапкер командасының топтық кезеңнен әрі өте алатын мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.

Еуропа мен Латын Америкасының айқасы әлі жалғасуда. Бұл жөнінен Еуропалықтар әзірге артта келеді. Әлем чемпионы Испания мен Италия жарысты аяқтасысымен, футболды ойлап тапқан ағылшындар да отанға қайтуға мәжбүр болды. Күн санап кәрі құрлық командалары жарысты аяқтауда. Көпшілік мұны ауа-райымен байланыстырған. Өзге климат, таулы жер, үлкен қысым кедергі делінді. Бірақ, оның барлығын Италия құрамасының медециналық қызметкерлері жоққа шығарды. Ауа райы аса қатты ыстық емес. Қысым орташа еуропалық деңгейде екен. Оның үстіне бүкіл команда бірқалыпты жағдайда екендігін де тілшілер тілге тиек етті. Иә, Уругвай, Колумбия, Эквадор, Чили секілді құрамалардың барлығының еуропалықтарменен жағдайы тең. Өйткені, аталған командаларды өнер көрсетіп жүрген футболшылар тегіс Еуропада доп теуіп жүргендер.  Англия, Италия, Испания секілді командалардың жарысты ерте аяқтағанымен де, сол елде нәпақа тауып жүрген футболшылар өз құрамаларын алға сүйреуде. Әзірге, бұл себепке бір ғана жауап әзір. Оңтүстік Америкада футболдың халық арасындағы маңызы өте жоғары. Жанкүйерлер сенімін ақтау футболшылар үшін ең басты мақсат.

Бұл біріншілікте жанкүйерлерін бақытты қылған бір команда бар. Ол небәрі 4 миллион халқы бар, Солтүстік Американың ең кішкентай мемлекеті Коста-Рикадан келген команда. Өткен жылы бұл елдің тұрғындары әлеуметтік зерттеу бойынша әлемдегі ең бақытты халық деп саналған болатын. Енді Коста-Рика тұрғындары өздерін одан әрі бақытты санауда. Өйткені, олардың құрама командасы Италия, Англия, Уругвай секілді футбол алпауыттарын артқа тастап, алдыңғы орыннан көрінді. Балықшылардың балалары барша әлемде осы күні өзіне бұрып отыр. Чемпионатта жеңіліп көрмеген команда плэй-офф сатысына шықты. Футбол картасында тағы бір даңқты команданың пайда болуын енді келер аптада болатын матчтардан байқайтын боламыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×