ФУТБОЛ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

09.11.2013, 03:41
ФУТБОЛ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Республикалық маңызы бар үшінші шаһар болып табылатын Шымкент тағы да екі спорт кешенімен толықты. 
Оңтүстікте  алғаш рет  еліміз  бойынша әлемдік аренаға сай  Қажымұқан атындағы орталық стадионның аумағынан садақ ату кешені салынып, ел игілігіне берілді.  Сонымен қатар,  «Цементник»  стадионы қайта жөнделіп, «Ордабасы» футбол клубының  жасөспірімдер құрамасына арналған футбол орталығына айналды. Садақ ату спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері  Григорий Кимнің айтынша, еліміз бойынша  тұңғыш рет Шымкент қаласында салынған  садақ ату кешенінде спортшылар халықаралық дәрежеде дайындық жасай алады. Мергендер  мұнда жылыдң төрт мезгілде  де жаттығу  жасай алады. Әлемдік талапқа сай бой түзеген спорт нысанында ұлттық құраманың садақ атушылары  ашылып-жабылатын терезелер арқылы нысананы көздейтін болады. Айта кетерлігі, дүниежүзінде  мұндай  кешен Қытай мен  Жапония елдерінде  ғана бар көрінеді. Оңтүстікқазақстандық спортшылар мен бапкерлерге  қуаныш сыйлаған спорт кешеннің ашылуына арнайы қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов осындай кешендер ел мүддесін қорғауда әсіресе, спортшы жастардың ықпалы зор екендігіне тоқталды: – Күні бүгінге дейін Оңтүстік өлкесінен намысты қолдан бермейтін садақ ату шеберлерінің көптеп шыққаны белгілі. Мәселен,  садақ атудан Сидней олимпиадасында  ұлттық құрамамыздың сапында сынға түскен  халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Ли, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы шымкенттік Ерман Мұсабеков пен Азия чемпионатының жүлдегері Ойбек Сайдиев талай мәрте жеңістің  шыңын бағындырды. Жаңадан ашылған спорт кешені қазақстандық мергендердің дайындығын арттырып, оларды әлемдік деңгейде өтетін жарыстарға қатысу үшін тиянақты дайындықтар жүргізетін кешен болары анық, – деді  А.Исабекұлы. Облыс әкімінің қолдауымен салынған бұл кешенде бір мезетте 60-тан астам  садақ атушылар  шеберліктерін шыңдайды. Мұнан соң облыс басшысы бастаған топ облыс орталығындағы  жаңадан күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, бүгінде Шымкенттің «Ордабасы»  кәсіби футбол клубының жасөспірімдер құрамасына арналған  футбол орталығына ат басын бұрды. Жиынға қатысқан Қазақстан футбол федерациясының  техникалық директоры Евгений Булгаков  отандық футболды дамыту ең алдымен жасөспірімдер футболынан басталатындығын көпшілікке жеткізді: – Қазір  дүниежүзі бойынша кең тараған футболды өркендетуге ешбір ел бей-жәй қарамайды. Республикамыз бойынша миллиондаған жанкүйерлердің жүрегінен орын алған спорттың қарқынды дамуы барысында еліміздің футбол федерациясы жаңаша реформа жасады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек,  көптеген мемлекеттерде футбол академиясы жұмыс істейді. Осы орайда, Шымкентте ашылған  бұл футбол орталығы келешекте  еліміздің түкпір-түкпірінен жас футболшылардың тәжірибелерін шыңдайтын үлкен орталыққа айналуы тиіс, – деді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов әлеуметтік мәселелерге қарамай спорт пен дене шынықтыру саласына қаржы бөлініп отырғанын да тілге тиек етті. Ал, «Ордабасы» футбол клубының президенті Берік Омарбеков жас аяқ доп шеберлеріне арналған бұл футбол орталығынан бөлек, Сайрам ауданында  шымкенттік футболшылар үшін оқу-жаттығу базасы салынып жатқандығы жайлы айтты. Ал, облыс спортының басшысы Әлібек Нұртаевтың сөзіне қарағанда, футбол  орталығының құрылысының бас жобалаушы мекемесі «Сити  Инжиниринг» компаниясы болса,  құрылысты жүргізген «Ай құрылыс» ЖШС-гі екен. Садақ ату спорт кешеніне облыстық бюджеттен  127 миллион теңге бөлінсе,  футболшы жастар  жиі бас қосатын орталыққа  қазынадан 282,1 миллион қаржы бөлініпті.  Қыруар қаржыны шашпай-төкпей игеріп, спортшылардың игілігіне берген  шымкенттік «Kaz imau»  мердігер құрылыс  компаниясының мамандары жарады. Айқын-ақпарат
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×