Соңғы турдың салмағы ауыр болғалы тұр

28.10.2013, 20:16
Соңғы турдың салмағы ауыр болғалы тұр
photo_31686Әлем "Эль-классиконы" айтып, жаңғырып жатқанда Қазақстан біріншілігінің 31-туры басталып кетті. Біреулері алтынға, енді біреулері қолаға күресіп жатса, басқа топтар Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалу үшін жанын салуда. Бұл турдағы ойындардың нәтижесі, тартысы кәрі құрлықтың топ-біріншіліктеріндегі кездесулерден кем түспеді. Алдымен екінші алтылыққа, яғни еліміздің жоғары дивизионында қалуға таласып жатқан командаларға тоқталсақ. Бұл топтың айқын фавориті "Тобыл" екінші айналымда қарсыластарын қоғадай қопарып келе жатыр. Өз алаңында Бірінші лигаға жолдама алуға бірден-бір үміткер "Ақжайықты" қабылдаған қостанайлықтар тағы да басымдық танытты. Команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиевтің қос голы батысқазақстандық қонақтардың ұпай алуына ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Оның үстіне Әбдірахманов қызыл қағаз алып, "Ақжайықтың" жағдайын тіпті қиындатып кеткен болатын. Бұл жеңілістен соң, "Ақжайықтың" төменгі лигаға ауысы әбден мүмкін. Ал "Тобылға" келесі жылғы біріншілікке дайындала беру ғана қалды. Биылғы біріншілікті қарқынды бастап, кейін өз ойынын жоғалтып алған "Тараз" Атырауға қонаққа барды. Бүгінде Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатқан қонақтар бұл ойыннан жеңіссіз қайтпауы тиіс еді. Алайда жергілікті команданы тізе бүктіру де оңай шаруа емес екені айқын. Екінші айналым басталғалы "Атырау" өз алаңында жеңілмеген екен. Бұл серияның аяқталғанын қаламайтын мұнайшылар 1:0 есебімен басым түсіп, "Тараздың" жағдайын тіпті қиындатып тастады. Бұл ойында мергендігімен танылған - Голич. Бұл турда гол соғылмаған матч Талдықорғанда орын алды. Бұл күнде бір-бірінің басты қарсыласына айналған "Жетісу" мен "Восток"  түйісті. Турнир кестесінің 10, 11-орындарын бірдей ұпаймен бөліп тұрған ұжымдардың осы ойында жеңіске жеткені жағдайын біршама жақсартып алатын еді. Алайда "Жетісуге" де, "Востокқа" да оңай жеңіс қажет емес сияқты. Енді жағдайдың бәрі соңғы турда анықталатын болады. Енді үздік үштікке енудің қамын жасап жатқан алғашқы алтылыққа кезек берсек. Турдың орталық ойыны сөзсіз Астанада орын алды. Алтынға таласып жатқан "Астана" мен "Ақтөбе" елордамыздың төрінде "алтын" ойын өткізді. Сенбі күнгі "Барселона"-"Реал Мадрид" кездесуінен кем түспеді бұл ойын. Әрине, сарапқа салынып жатқан басқа-басқа емес бас жүлде ғой. 15-минутта соққан Твумасидің голы бұл матчта көп нәрсені айқындап берді. Есеп 1:0 нәтижесімен елордалық клубтың пайдасына шешілді. Демек чемпионды да соңғы турда анықтайтын боламыз. "Астана" қарағандылық "Шахтерды" тізе бүктіріп қана қоймай, "Ордабасының" Ақтөбеде жергілікті клубты жеңуіне тілектес болуы қажет. Теориялық тұрғыда "Астанада" әлі де болса, мүмкіндік бар. Бірақ "Ақтөбе" қол жетім жерде тұрған тарихындағы бесінші алтын жүлдені оңайлықпен бере қояр ма екен?! Ал енді келесі жылы еврокубокке жолдама беретін үшінші орынға таласып жатқан командаларға тоқталсақ. Шымкенттік "Ордабасы" өз алаңында "Ертісті" қабылдады. Қола жүлдеге үміті бар үш команда болса, соның біреуі осы павлодарлық клуб еді. Шымкенттік клуб ештеңеден дәм етпесе де, биылғы бірінішліктегі жанкүйерлерінің алдындағы соңғы ойынын аса үлкен құлшыныспен ойнады. Нәтижесінде Юнузовичтің қос добы мен Беличтің голына павлодарлықтар бір ғана дәл соққымен жауап қатты. Қонақтардың көзайымына айналған - Бақаев. Бұл жеңілістен соң "Ертіс" жағдайын біраз қиындатып алды. Биыл еліміздің брендіне айналған "Шахтер" мен "Қайрат" Қарағандыда күш сынасты. Қос клубтың үшінші орыннан дәмесі зор еді. Сондықтан қос клуб та "не бел кетеді, не белбеу кетеді" деп шықты жасыл алаңдағы майданға. Алдымен Кнежевич оңтүстік астаналықтарды алға шығарды. Алайда, "Қайраттың" қуанышы аса көпке созылған жоқ. Араға 4 минут салып біріншіліктің бас мергені Игорь Зенькович таблодағы есепті теңестірді. Үш бірдей турнирде ойнап жатқандықтан болар, "Шахтер" ойыншылары шаршаңқы көрінді. Бұны ұтымды пайдаланған алматылықтар Кнежевичтің көмегімен тағы да алға шығып алды. Бұл жолы қарағандылықтардың есепті теңестіруіне жол бермеді. Нәтижесінде "Қайрат" "Шахтерді" қола жүлде үшін болып жатқан жарыстан шығарып тастады. Ендігі қарсылас - "Ертіс". Бұл қос ұжым соңғы турда өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Ал "Шахтердің" бар үміті ел кубогінде. Осылайша өткен жексенбі қызықты ойындармен есте қалды. Әркімнің өз міндеті, мақсаты бар. Ал қайсысы өзгелерден оза шабарын соңғы турда анықтайтын боламыз. Ел футболымен бірге болыңыздар! Есет ТӨЛЕШ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×