Футболға революция жасаудың қажеті бар ма?

ФИФА қазірдің өзінде бұл ережелерді сынап көруде.
Футболға революция жасаудың қажеті бар ма?

ФИФА ойын ережесіне үлкен өзгерістер енгізе отырып, футбол жүйесін өзгерткісі келеді: испаниялық Mundo Deportivo басылымының хабарлауынша, басқарушы орган ойынды жақсарту үшін революция жасауға дайын. Олар қазірдің өзінде "жаңа әдіспен" ойнауға тырысуда - 19 жасқа дейінгі ПСВ, АЗ, "Брюгге" және "Лейпциг" командалары қатысатын Future of Football Cup жастар турнирі жаңа ереже бойынша өтуде.

Жаңа ережелерге жеке-жеке тоқтала кетейік:

30 минуттан екі тайм.

Ойын уақытын 60 минутқа дейін қысқарту бірінші рет ұсынылып отырған жоқ: 2017 жылы IFAB ұйымы Fair Play деп аталатын стратегиясында ойыншының мінез-құлқын жақсартуға, ойынды әділ әрі тартымды ету үшін осы ережені ерекше атап көрсеткен еді. "Көптеген адамдар әдеттегі 90 минуттық матчтың тек 60 минуты ғана қызықты өтетініне қатты ренжіді. Стратегия босқа кететін уақытты азайту және ойынды "жылдамдату" шараларын ұсынады", - делінген құжатта. Ұсыныста сонымен қатар ойыншыға айып соққыларын орындайтын кезде, бұрыштама және басқа да стандарт жағдайларында бас төрешінің уақытты тоқтатып, доп ойынға қосылатын кезде қайта уақытты қосатыны туралы тармақ бар.

2018 жылы "Наполи" президенті Аурелио Де Лаурентис қысқа ойын уақытын құптаған болатын: "Біз футболды құртып жатырмыз. Біз болашаққа сеніммен қарауымыз керек, өйткені жастар қазір бейне ойындарға еніп кетті. Біз тұңғиыққа батып бара жатырмыз. Сегіз жылдан кейін сіз қазір туылған балалардың футболға қызығушылық танытпайтынын көресіз. Себебі 45 минуттық 2 таймдағы ойындар іш пыстырады - көптеген матчтарды көріп отырып ұйқыңыз келеді. Футболшылар бір жарым сағат бойы жоғары қарқынмен ойнай алмайды".

Флорентино Перес те жастарға бейне ойындардың әсері мен ойын уақытының қысқаруы туралы тілге тиек етті: "Жастар уақытын түрлі бейне құрылғылармен өткізуге дағдыланған және олар тым ұзаққа созылатын ойынды көргісі келмейді. Білмеймін, мүмкін матч уақытын қысқарту туралы ойлану керек шығар"

Доп алаң жиегіне шыққан кезде уақытты тоқтату.

Баскетболда да дәл осы ереже қолданылады - футболда бұл ойынның қарқынына жақсы әсер етеді деп есептелуде.

Тағы бір ереже - ойыншы алмастыру барысында ешқандай шектеу қойылмайды. Бас бапкер қанша ойыншысын алмастырамын десе де өзі біледі.

Аутқа кеткен допты ойынға аяқпен қосу

Бұл ұсынысты Арсен Венгер қос қолдап тұрып қолдады. Оның пікірінше, мұндай ереже футболға тек жақсы жағынан әсер етеді. "Мен допты ауттан лақтыру ережесін өзгерткім келеді. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда аут добы командаларға артықшылық беруі керек, бірақ іс жүзінде допты ауттан ойынға қосатын командада тоғыз, ал қарсыласта 10 ойыншы болады. Статистикаға сүйенсек, осындай он жағдайдың сегізінде команда допты жоғалтады. Біз команданың өз жарты алаңында аут добын аяқпен бастауға мүмкіндік беруіміз керек", - деді "Арсеналдың" бұрынғы бапкері

Ал ең соңғы ереже - сары қағаз алған ойыншы бес минутқа ойыннан шығады.

Турнир аяқталғаннан кейін ФИФА ережелердің ойын сапасына қалай әсер ететінін талдайды және оларды әлемдік футболға енгізу мәселесін қарастырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×