Футболшыларды жақтайсыз ба, әлде басшылықтікі дұрыс па?

20.09.2011, 18:26
Футболшыларды жақтайсыз ба, әлде басшылықтікі дұрыс па?
Футболдан Қазақстан бірінші лигасы бір клубынан айырылуы мүмкін. Басшылығының әрекетіне наразылық танытып отырған Қарағандының «Гефест» футбол клубының ойыншылары «егер жағдай түзелмесе, матчтарға қатыспаймыз» деп алаңға шығудан бас тартып отыр. Осымен екінші матч қатарынан «Гефест» алаңға шыққан жоқ. Енді үшінші ойынды да жіберсе, онда ҚФФ регламенті бойынша бірінші лигадан аластатылып, төменгі топқа түсіріледі. Алдымен команда Бірінші лиганың 27-ші туры аясында 10 қыркүйек күні өтуі тиіс болған ойынға қатысқан жоқ. Клуб Көкше жерінде жергілікті «Оқжетпеспен» ойнауы керек болатын. Алайда команданың алаң­ға шыққаны былай тұрсын, Көкшетауға барған да жоқ. Көрсетілген уақытта матч инспекторы Геннадий Камчатин мен бас төреші Александр Алиев «Гефестің» ойынға қатыспағаны туралы рапорт толтырды. Артынан осыған байланысты Қа­з­ақстан футбол федерациясының тәр­тіптік бақылау комитетінің отырысы өтіп, «Оқжетпес» – «Гефест» кездесуінде қара­ғандылықтарға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазылды. Бұған қоса, клубқа 600 мың теңге айыппұл салынып, аталмыш матчты қабылдауға әуре болған «Оқжет­пестің» шығынын толтыру керектігі туралы шешім қабылданды. Бірақ «Гефестке» бұл жаза да еш әсер етпеді. Сөйтіп, 13 қыркүйек күні өтуі тиіс болған «Қызылжар» – «Ге­фест» кездесуіне де барған жоқ. Енді, міне, Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында 20 қыркүйек күні өтуі тиіс «Гефест» – «ЦСКА» (Қарағанды) матчының да өтпейтіні туралы ақпарат жарияланды. ҚФФ баспасөз қызметі бұл ақпаратты «Ге­фест» клубынан келген хаттан кейін жария­лап отырғанын да айта кетейік. Ал Қа­зақстан футбол федерациясының регла­менті бойынша, үш ойынды жіберген команда біріншіліктен аластатылып, төменгі топқа түсіріледі. «Гефест» футболшыларының алаңға шығудан бас тартып, өзге қалаға баруды былай қойғанда, өз жерінде өтетін ойындарға қатыспауына не себеп? Бұл сұрақтың жауабын футболшыларының осы айдың басында клуб президенті Руслан Қаржаубаевқа жазған хатынан іздеп көрген едік. Ендеше, тек қазақстандық спорттық сайттарды ғана емес, ресейлік ғаламтор ресурстарын да жайлаған хаттың үзіндісіне көз жүгіртіп көрелік. «Құрметті Руслан Айтбекұлы!» деп басталады қазақша аударғанда әлгі хат. Ары қарай оқыңыздар: «Командадағы келеңсіздіктер бізді мүлдем қанағаттан­дырмағандықтан, сізге хат жазып отырған жайымыз бар. Біріншіден, командада штаттағы дәрігер болуы керек. Егер ұжымда аталмыш маман болғанда, онда жарақат­танған ойыншылар жарақатынан тезірек айығар еді. Оның үстіне, Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік регламентінде де бұл жайында жазылған», – деп бірінші талаптарын қойса, «Жаттығу жұмыстары мен біріншілік ойындары кезінде жарақат алған ойыншылар неліктен өз ақшасына емделуі тиіс? Жарақат алған футболшылар сақтандыру полистерінің қаржысына ем­де­луі керек, ал бізде сақтандыру полисі деген­деріңіз мүлдем жоқ», – деп тағы бір мәселенің шетін шығарған. Сондай-ақ футболшылар клуб президентіне хат жаза отырып, Руслан Қаржаубаевтың өзінің де адамдық қасиеттеріне тоқталып өткен. «Көпшіліктің алдында масқарамызды шығарып, балағаттайтыныңыз да бар. Тек кәсіби тұрғыда ғана емес, жеке басымызды қорлайтын сөздер де айтылып жатады. Тіпті өмірімізге қауіп төндіретіндігіңіз жайлы қоқан-лоқы жасауыңыз да шектен шығады. Біздің ойымызша, сіз секілді қызметтегі адам мұндайға жол бермеуі керек. Қарамағындағыларға «спартандық» өмір жүйесін көрсету жоғары қызметтілерге жараспайды», – деп жазған. Футболшылардың Руслан Қаржаубаев­қа жазған хатына сүйенсек, клуб басшысы әр сәтсіз матчтан кейін ойыншыларына жаза ретінде шектен тыс ауыр болатын жаттығуларды жасауға міндеттейді екен. Тіпті жеңісті ойындардан кейін де футбол­шылары әлгіндей жаттығуларды орындауға міндетті көрінеді. «Біздің ұжымның ойын­ша, шектен тыс ауыр жаттығулар келесі ойынға дейін өз-өзімізге келуге кері әсер етеді. Оның үстіне, тамақтандыру жағы да клубта дұрыс жолға қойылмаған. Қаржы аз бөлінеді», – деп бұл жайында да атап өтіп­ті. Бұлардан бөлек, клуб басшылығы фут­болшыларға біраз уақыттан бері жа­лақысын төлемей келгенге ұқсайды. Хатта жазылған жайтқа сенсек, жеңісті ойындар үшін де сыйақы әлі күнге дейін берілмеген. Хат соңында футболшылар егер жоға­ры­дағы мәселелер 10 қыркүйекке дейін шешімін таппаса, онда біріншіліктің ойын­дарына қатыспайтындықтарын атап өткен. Иә, байқағандарыңыздай, футболшылар сөздерінде тұрып, алаңға шығудан бас тартып отыр. Ал «Гефест» клубының төңі­регіндегі келеңсіздіктерге басшылығы не дер екен? Шынын айтсақ, «Гефест» клубына теле­фон шалып, Руслан Айтбекұлына хабарласа алмадық. Арғы жақтан телефон тұтқасын көтерген хатшы қыз Қаржаубаевтың теле­фон нөмірі ауысқанын, жаңа нөмірін білмей­тінін айтты. Ал бас бапкер Илья Меланич артық ауыз сөз айтып қоюдан сескеніп, «ештеңе білмеймін, кешіріңізге» басты. Алғашында команда басшысы да тартыншақтаған. Бірақ оқырмандарды клуб төңірегіндегі жағдаймен таныстыруды жөн деп тапты. Нұрлан ОРАЗБЕКҰЛЫ, «Гефест» клубы командасының басшысы: – Өзім әлі жағдаймен толық таныс емеспін. Бәрі тынышталсын, сосын айтар­мын. Бірақ хатта жазылған жағдайларға сенбеулеріңізді сұраймын. Біріншіден, мен Руслан Айтбекұлын жақсы танимын. Қызметтік бабымыз бойынша араласып тұра­мыз. Ешқашан аузынан боқауыз сөз­дерді естімеппін. Өте мәдениетті адам. Әлбет­те, бастық болған соң команданың жеңі­сіне күйінеді, ашуланады. Сол кезде футболшыларға ұрсып та алады. Бірақ жаман пиғылмен емес. Қай басшы ақша құйып отырып, ақшасының желге ұшқанын қалайды дейсіз?! Бұл жерде кінә футбол­шыларда. Ойнағылары келмейді. Жатты­ғу­дың ауырлығын сылтауратып жүр. Еш­қан­дай ауыр жаттығулармен қинап жүрген жоқ. 17 команданың ішінде 16-шы орынды иемдену қай басшыға ұнай қойсын. Иә, «Гефест» қазір 16-орында тұр. Масқара сол емес пе?! Тағы бір айтарым, клубтың өзінің жеке дәрігері де бар. Білікті маман. Бұл туралы ҚФФ-ға тиісті құжаттармен хат жолдап та қойғанбыз. Енді алда не боларын біл­меймін. Әзірге бұлыңғыр. Автор: Әзиз Оразбай
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×