"Газпромның" көксегені кімнің мүддесі?

29.11.2012, 19:03
"Газпромның" көксегені кімнің мүддесі?
Бұл әлі бас изеп, қол қойылған мәселе емес. Ешқандай келісім болған емес, құжаттармен реттелген жоқ. Бірақ, жел болмаса шөптің басы қозғалмайтыны рас қой ?! Ресей тарапы бастаған бұл әңгіме ертең шындыққа айналатын болса, Қазақстан футболы қандай бағытты ұстанбақ?!
Осыдан бір жыл бұрын Ресей футбол одағының сол кездегі президенті Сергей Фурсенко ТМД елдерінің басын қосып, ортақ біріншілік өткізейік деген ұсынынысын білдірген болатын. Енді сол бастаманы "Газпром" басшысы Алексей Миллер  қостап, ұмытылып бара жатқан ұсынысты қайта жаңғыртты. Ресейлік басылымдарға берген сұхбатында Алексей мырза: "Мен бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінің басын қосып, ортақ чемпионат өткізетін болса, қос қолымды көтеріп құптаймын" деп кесіп айтқан болатын. Енді Миллердің айтқаны күшін енетін болса, біз де сырт қалмаймыз деп белоруссияның "БАТЭ" футбол клубы төске ұрып отыр. "Миллер мырзаның ТМД мемлекеттерінің ортақ біріншілігін ұйымдастыралық деген пікірінен соң, біз де бұл жобаны құптайтынымызды білдіргіміз келеді. ТМД мемлекеттерінің чемпионатын ұйымдастыру өте қызықты болар еді.  Оның үстіне, Кеңес Одағының футбол додасы да қызықсыз өткен емес. Бірақ УЕФА бұл жобаға қалай қарайды, Еурокубоктық додаларға кім жолдама алады деген  бірнеше сұрақтың басын ашып алуымыз керек. Егер, бұл мәселе реттелетін болса, беларусь футболы мен біздің команда үшін бұл жүйе өте қолайлы болар еді" деген мақала жарық көрді "БАТЭ-нің" ресми сайтында. Қазақстан да бұрын Кеңес Одағының құрамында болды, қазір ТМД мүшесіміз. Сондықтан, бұл жерде таяқтың бір ұшы бізге де тиюі мүмкін. Иә, бұл әлі бас изеп, қол қойылған мәселе емес. Ешқандай келісім болған емес, құжаттармен реттелген жоқ. Бірақ, жел болмаса шөптің басы қозғалмайтыны рас қой ?! Ресей тарапы бастаған бұл әңгіме ертең шындыққа айналатын болса, Қазақстан футболы қандай бағытты ұстанбақ?! Ортақ чемпионат Қазақстанға тиімсіз.  Неге? Біріншіден. Хоккейде ҚХЛ, ҰХЛ, баскетболда ҰБА, ВТБ лигасы сынды ортақ біріншіліктер бар. Бірақ, футбол үшін бұл тиімсіз. Себебі, әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрінен ортақ чемпионат өткізу туралы идея тарихта көп емес. Тіпті, футболмен тыныстаған Ұлыбританының төрт мемлекеті өз біріншіліктерін жеке-жеке өткізеді. Тек, ағылшын премьер-лигасында бірді-екілі клубтары өнер көрсетеді демесеңіз, әр мемлекет Чемпиондар лигасына өз мықтыларын қатыстырады. Екіншіден. Футболда үлкен ақша айналымда жүреді. Ал, Қазақстандық клубтар бұл жоба іске қосылса, үлкен шығынға батуы мүмкін. Үшіншіден. Бұл жоба дүниеге келіп жатса, Қазақстан клубтарының посткеңестік клубтармен тайталаса алатынына, сөйтіп, Еурокубоктық додаларға қатыса алатынына кім кепіл?! Бұл жас әрі жергілікті ойыншылардың мүлдем азаюына соқтыруы мүмкін. Себебі, Ресей, Украина, Белоруссия клубарының деңгейіне жетеміз деп, онсыз да көп легионерлер саны арта түсуі ғажап емес. Төртіншіден. Егер бұл идея іске асатын болса, алдыңғы шепте кімдердің жүретіні айдан анық. Сондай-ақ, футболымыз ортақ болса Кеңес Одағын қайта тірілтуді көксейтін Ресей тарапының  ойы қандай болмақ?! Бұл да болашақтың еншісіндегі мәселе. Бірақ, әр елдің өз чемпионы, әр ұлттың өз батыры болғанға не жетсін?! Алексей Миллер ресейлік алпауыт компания "Газпромды" басқарады. Ал, "Газпром" Ресей, Германия, Англия біріншіліктеріндегі бірнеше командаға қаржы құйып, Чемпиондар лигасының қазына қалтасын қомпайтын отырған демеушілердің бірі.  "Газпромның" ең сүйікті "ұлы" "Зенитке" қатысты даудың қалай өрбіп жатқанынан хабардарсыздар. "Динамомен" өткен кездесудің 36-ы мнутында матч тоқтатылып, "Зенит" техникалық жеңіліске ұшырады. Бұған себеп, стадиондағы жанкүйерлердің оқ-дәрі заряды бар жарылғыш затты алаңға лақтыруы еді. Осыдан соң, Ресей футбол Одағына доқ көрсеткен Миллер мырза бұрынғы бастаманы жаңғыртуға кірісе бастаған сыңайлы... алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×