Германияда футболдан бундеслига жарысы басталды

09.08.2011, 03:51
Германияда футболдан бундеслига жарысы басталды
Жаңа маусымға тыңғылықты дайындықпен келген Мюнхеннің Бавариясы бірінші турды өз алаңында өткізді. Менхенгладбахтың Боруссиясын қабылдаған Юпп Хайнкес командасы күтпеген жерден 0:1 есебімен ұтылып қалды. Алғашқы таймда басымдық байқатқан Бавария футболшылары қанша белсенгенімен, қақпа кілтін таба алмады. Кезекті шабуылдардың бірінде Тони Кроос қақпаны нысанаға алған. Алайда Марк-Андре Стеген қырағылық танытып, сенімді ойнады. Үзілістен кейін қонақтар есеп ашты. Мюнхендік клубтың қатарына биыл қосылған қақпашы Мануэль Нойер допқа талас кезінде қателік жіберіп, жаңа команда сапындағы алғашқы кездесуін сәтсіз аяқтады. Игор Де Камарго қарымта шабуылды түйіндеп, Боруссияға жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп:0:1. Бавария бундеслиганы ұпай жоғалтумен бастады. Жүлдеден дәмелі Байер Майнцқа қонаққа барды. Үш ұпайды еншілеп қайтуды ойлаған Леверкузен командасы білгендерінен жаңылып, өз қақпаларын көздеді. 32-ші минутта Байер қақпасын қорғаған Фабиан Гифер өрескел қателік жіберді. Нәтижесінде Майнц шабуылшысы Сами Аллаги мүмкіндікті өз пайдасына шешті. Матч соңына қарай, қонақтардың әдемі ұйымдастырылған шабуылы Леверкузен қорғаушысы Эмер Топрактың көзге түсуімен аяқталды. Өз қақпасына гол соққан футболшы алаң иелерінің жеңіске жетуіне үлес қосты. Есеп:2:0. Майнцтың пайдасында. Нидерланды командалары да футбол маусымын ашты. Алғашқы турды сырт алаңда өткізген Твенте НАК Бреданың осал тұсын тапты. Бірден тізгінді қолға алған қонақтар 18-ші минутта алға шығатын мүмкіндікті мүлт жіберді. Твенте футболшыларының екі бірдей соққысын кері қайтарған қорғаушы Кес Лейкс дер кезінде көмекке келді. 26-шы минутта алаң иелері ойын ережесін бұзып, төреші НАК қақпасына он бір метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиден Марк Янко кезек сұрап, есеп ашты. Екінші таймда алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда бір емес, бірнеше сәтті мүлт жіберген НАК футболшылары бір ұпайға да жете алмады. Есеп:0:1. Твенте жылды жеңіспен бастады. "Хабар агентігі"
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×