ГВАРДИОЛА

24.12.2011, 16:49
ГВАРДИОЛА

Хосеп Гвардиола – жай бапкер емес. Оның бойында, бүгінгі таңда көп кездесе бермейтін, адамагершілік, бекзаттық және кішіпейілдік қасиеттері тоғысқан. Хосеп кейде жаттықтырушы кейпіне еніп алып күрделі миссия орындап жүрген Джеймс Бондқа ұқсай ма дейсің. Өйткені, кез келген қарсыласын таң қалтырарлық жеңілікпен жеңе жүріп көзге түспеу кейде бондиана кейіпкерінің де қолынан келмейді.

Гвардиоланың әртістік шеберлігі болғанымен ол кино кейіпкері емес. Олай дейтінім – бапкер үшін ешкім сценарий жазбайды. Барлық табыстары мен жеңістері оның өз қолдары мен ақыл өрісіне тиесілі: келесі жолы қай белесті бағындырары жалғыз өзіне ғана аян. Гвардиолаға қиыс қарайтындардың бір-ақ нәрсеге реніші бар. «Барса» бапкері ешкімнен рұқсат сұрамай, ешкіммен санаспай «әлем футболы» атты сахнаға еркін шығып өз шарттарын қоя бастады.

Жұрт арасында «Гвардиола «Барсаны» каталондық La Masia-ның ең үздік түлектерінен құралып тұрған «дайын» күйінде алды» деген сөз жиі естіледі. Мұны тек «Барселона» десе қыржия қалатын «Реал» жанкүйерлері ғана емес, каталондық клубтың өнеріне оң көзбен қарап футболды тәп-тәуір түсінетін мамандар да айтады. Бәлкім, елді өнеріне иландыру үшін көптеген сатылардан өткен ақбас шалдың яки тәкаппар сүйкімсіздің кейпіне ену керек па еді? Болар еді… Алайда, «Барселона» бапкерінің жоғарыда аталған категориялардың ешқайсысына қатысы жоқ.

«Marca» атты испандық медиахолдинг Marca-toons деген қысқаметражды мультфильмдердің төртінші маусымын эфирге шығармақ. Мультфильм кейіпкерлері «Реал» мен «Барса» ойыншылары. Бас бапкерлері де шет қалған жоқ. Күлкілі әрі көруге қызықты жасалған картина. Кейіпкерлер де үнемі әр түрлі шытырман оқиғалар ішінде жүреді. Бірақ, қай сериясын көрсең де Гвардиола онда беталбаты оттай беретін топас секілді суреттеледі. Мультфильмде Гвардиола қылықтарына екі жақ ойыншылары да күліседі. Мауринью тіпті келемеждейді: «Алло, Гвардиола ма?!» – «Қарық бопсың…» дегендей.

Бұл сериал Гвардиола намысына еш тимейді, қайта өзі де қызықтай қарайды екен. Қалай болғанда каталондық бапкер, қытығын келтіріп ар-намысына тигісі келетіндерге асқан байсалдылықпен лайықты жауап қайтарып келеді.

Бәріміз пендеміз ғой, оның да қаны басына шабатын сәттері болады. Бірақ Пеп ешқашан кейбіреулер секілді бетпақтық пен дөрекілікке салынған емес. Оның атына өмірде бір-ақ рет күйе жағылған. Оқиға XXI ғасырдың басында, футболшы карьерарсын аяқтамай тұрып болған. 2001 жылы А сериясының «Брешия» командасына өнер көрсетіп жүрген кезінде оған нандролон қабылдаған деген жала жабылып ойындардан төрт айға шектеу орнатылып 50 мың еуро айыппұл салынған. Толықтай ақталу үшін Гвардиола сегіз жыл соттасты. Ал сот Хосепті толықтай жазықсыз деп танығанша ол «Барсаны» шыңға шығарып үлгереді.

Бүгінгі таңда 40 жасар бапкердің «Барселонамен» ұтқан 13 атағы бар. Ол Испания чемпионы (3 рет), Испания Кубогы (2 рет) мен Суперкубогының (3 рет) иегері, Чемпиондар Лигасының жеңімпазы (2 рет), Еуропаның Суперкубогын (2 рет) жеңген, клубтар арасындағы әлем чемпионы (2 рет). Осының барлығына ол өмірінің небәрі 3,5 жылын жұмсады.

Қоскөйлер сонда да мұның бәрі сәттіліктің арқасы деп есептейді. «Барсаның» кезекті жеңісінен кейін барлығы Месси, Хави мен Иньястаны мақтай жөнеледі. Ал Гвардиола жайлы… былай ғана, атүсті айтылады. Неліктен? «Алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» демекші, Роналдинью, Дзамбротта, Эдмилсон, Тюрам, Декулерді командадан кетіріп орнына Даниэл Алвес, Пике, Кейта секілді жұлдыздары жанбай жүрген ойыншыларды алып «темір» қорғанысты құрған Гвардиола болмап па еді? Хави мен Иньеста ше? Екеуінен ұқсастық байқап, ойын мәнерлерін жөндеп, қос күшті бір арнада тоғыстырған да Гвардиола емес пе. «Жеңіс» деген кімге бұйырарын өзі таңдайтын қырсық қыз секілді. Ал Гвардиола өте қысқа мерзімде «арман-командасын» құрып, сынақсыз-ақ бірден шыңдарды бағындыруға ұмтылған өжет бапкер ретінде танылды. Сондықтан да «фортуна» ханым дәйім Хосептің маңынан табылып жүрген болса керек. Олжас НҰРАЗХАН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×