«Тараз» тізгіні ЛЮБКОда

24.12.2011, 01:15
«Тараз» тізгіні ЛЮБКОда
[caption id="" align="alignleft" width="240" caption=""Су жаңа" жаттықтырушы Любко Петрович (ортада), клуб президенті Анатолий Савченко (сол жақта)"][/caption]

Кеше «Тараз» футбол клубына жаңа жаттықтырушы келді. Бұрынғы бапкер Воит Талгаев өз өтініші бойынша орнын босатқаннан кейін, жанкүйерлерді бас бапкерлік қызметке кімнің келетіні қатты қызықтырғаны жасырын емес. Ұзынқұлаққа сенер болсақ, «румын, хорват елдерінің азаматтары «Тараз» тізгінін ұстамақ» деген алып қашпа сыбыстар тарағаны бар. Кеше сол әңку-әңкі әңгімелерге нүкте қойылды. Желтоқсанның 20-ы күні кешкісін клуб президенті Анатолий Савченко ресми түрде бас бапкерді таныстырды. Енді алдағы көктемнен басталатын кезекті футбол маусымында «Тараз» командасын серб Любомир (лақап аты Любко) Петрович жаттықтыратын болады. Любко 1947 жылы Босния және Герцеговинада туған. Өз ойынының басым көпшілігін «Осиек» клубында өткізген ол өткір шабуыл шебінде ойнаған. Бапкерлік тарихында біршама белестерді де бағындырған. Атап айтқанда, «Спартак» клубында бірінші лига жеңімпазы (1989 ж.), «Црвена Звезда» командасында Югославия чемпионы (1995 ж.), Кубок иегері (1996 ж.) атанған. Сондай-ақ, 1991 жылы Еуропа чемпиондарының Кубогын жеңген. «Литексті» Болгария чемпионы (2001 ж.) қылса, аты баршаға белгілі «ПАОК», «Эспаньол», «Олимпиакос» сынды клубтарды да жаттықтырған. 28 жыл бойы бапкер болған Любко «Тараз»-бен біріншіліктің алғашқы кезеңіне дейін келісім шартқа отырды. Ол алғашқы алтылыққа енуді жоспарлап отыр екен. Оның шоқтығы биік шәкіртерінің бірі деп Хорватия құрамасының капитаны болған Давор Шукерді атауға болады. «Тараз» командасының толық құрамын Любко Түркияда өтетін оқу- жаттығу жиындарынан соң, яғни 28 ақпаннан кейін жарияламақ.

http://kultobe.kz/?p=1694

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×