Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен МОРЬЕНТЕС

24.12.2011, 22:16
Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен МОРЬЕНТЕС

Жәнібек Әбішев

Футболда керемет ойынымен жұлдызы жанған кез-келген шабуылшының көлеңкесінде дәл сондай талантты, бірақ лайықты түрде бағасын алмаған тағы бір шабуылшының болатындығы заңды құбылыс. Бұған анық мысал - Фернандо Морьентес.

Фернандо Морьентес Санчес 1976 жылы Испанияның батысындағы Касерес атты шағын қалашықта дүниеге келген. "Мораның" әкесі полиция бөлімшесінің қызметкері болған. Қызмет бабымен жиі-жиі мекен жайын өзгертіп отыруға мәжбүр болады да, бала Фернандо  алғашқы футбол сабақтарын сол жерлердің жергілікті клубтарынан алған. Сол өңірлердің “Диана”, “Ситроен” сынды командаларында доп теуіп жүрген жерінен оны 1992жылы “Альбасете” клубы сатып алған. Кәсіби футболшылық оған оңай тимеді. Отбасы оның әке жолын жалғастырғанын қалады. Жастайынан темірдей тәртіпке үйренген ол футболшы бомағанда, полицей болуы ғажап емес-ті. Бір жылдан соң 17 жасында осы команда сапында Ла-Лигадағы алғашқы матчын өткізеді. "Мораның" "Реалға" дейінгі жолында "Сарагоса" сапында өткізген екі жылдық сәтті сапар болды. Сол кездегі "Реал" жаттықтырушысы Фабио Капелло бұл форвардтың болашағын болжай білсе керек. Бас бапкердің қалауымен корольдік клуб оны 6,6 млн. еуроға сатып алды. Ол кезде корольдік клуб қатарында Еуропаның үздік шабуылшылары Давор Шукер мен Предраг Миятович ойнайтын. Жас форвард "Реал" сапында алғашқы жылдың өзінде-ақ 12 голмен көзге түсіп, негізгі құрам ойыншысына айналып үлгерді. Ол кезде Морьентеске орталық шабуылшы рөлін Шукермен бөлісуге тура келді. Кейіннен бүкіл футбол әлемі мойындаған Рауль-Морьентес жұбы да осы команда қатарында қалыптасты.

Морьентестің Испания құрама командасындағы дебюті 1998 жылдың көктемінде болып өтті. Ол ұлттық командадағы дебютін дубльмен атап өтті. Содан бері он жыл бойында Испания сапында доп тепті. Шабуылшылықтың қыр-сырын жақсы меңгерген, ұзын бойлы, қос аяқпенде жойқын соққы бағыттай алатын, баспен керемет ойнап, позиция таңдаудағы алғырлығымен ерекшеленетін оны қарсыластың  қорғаушылары қашанда көзден таса қылмауға тырысатын. Оның бойында нағыз шабуылшыға лайық барлық дерлік қасиеттер бар болатын. Жанкүйерлердің оған деген ықыласы да ерекше еді. Футбол фанаттары оған “Мавр” деген ат берді. Мадридтік клуб сапында жарқын жылдарын өткізген "Моро" ұлттық құрамада да керемет ойын көрсетті. 2000 жылдар басында Морьентес өзінің клубтағы, құрамададағы сенімді серігі Рауль екеуі Еуропадағы жұлдызды шабуылшылық жұпты құрады. "Мавр" клубтық дәрежеде барлық дерлік белестерді бағындыра білді. Үш рет чемпиондар лигасын, екі мәрте Испан Ла-Лигасын бағындырды. Корольдік клубқа Флорентино Перес президент болған соң, ол “Галактикос” деп аталатын өз жоспарын жүзеге асыра бастады. Сол бойынша командаға әлем футболының жарқын жұлдыздары бірінен кейін бірі келді. 2003 жылы команда сапын бразилиялық суперфорвард Роналдо толықтырды. Содан бері Морьентес қосалқы құрам ойыншысына айналды. Сол жылғы трансфер маусымы кезінде "Моро" "Барселона"  қатарына ауысуы мүмкін еді. Бірақ, клуб басшылығы оны командада алып қалуды ұйғарды. Келесі жылы ол "Монако" командасына арендаға берілді. “Қолда барда алтынның қадірі жоқ”- демекші, Морьентес сол жылы "Монакомен" чемпиондар лигасының финалына дейін жетті және 1/8 финалда "Реалды" шаң қаптырып кетті. Чемпиондар лигасының сол жылғы маусымында ол 9 гол соқты. Еуропаның үздік шабуылшы атағын жеңіп алды. Дегенмен, Ұлттық құрама қатарында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмады. Белгісіз себептермен Еуро-2000 доп додасынан шет қалды. Содан кейін, "Маврдың" Еуропа аспанындағы жұлдызы сөне бастағандай болды. "Ливерпуль", "Валенсия", "Марсель" - бұлар "Маврдың" футболшылық ғұмырындағы соңғы клубтары болды.

Морьентес футболшылық өмірінде лайықты бағасын ала алмастан 2010 жылы үлкен футболмен қош айтысып  кете барды. Мұндай жоғары дәрежедегі, жас футболшы футболдан ерте кетуінің себебін сұрағанда “Мен футболды футбол мені тастағаннан бұрын қалдырғым келеді”, - деген екен.

Футболдағы жақсы жылдарын өткізген мадридтің "Реалына" үнемі бүйрегі бұрып тұратын жанкүйерлігі де бар. "Реалдағы" жұлдызды шағыңыздан нендей ескерткіш қалды дегенде ол: “Мен Рауль сияқты керемет дос таптым”, - деген екен. Корольдік клуб және Испания құрамасы тарихындағы үздік шабуылшылардың бірі болған ол өмірде өте қарапайым, көппен араласа білетін жан екен. Бос уақытын отбасында, балаларымен бірге өткізгенді ұнатады. Футболдан басқа спорт түрлерінен веложарыс пен жеңіл атлетиканы тәуір көреді. Әр түрлі детективтер мен шытырман оқиғалы романдарды да сүйіп оқиды екен. Морьентес компьютер дегенде ішкен асын жерге қоюға дайын. Интернетте сағаттап отыра беретін әуесқойлығы да бар екен.

Еуропа аспанында “құйрықты жұлдыздай” жарқ еткен бұл шабуылшы көпшілік жүрегінен өзіне тән ойын стилімен орын ала білді. "Мавр" өз мезгілінде лайық бағасын алмаған дара таланттардың кезектісі болып, футбол әлемінен алыстап кетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×