Идрис Умаев: «Қазақстан құрамасында ойнау туралы ұсыныс түссе, міндетті түрде ойланатын боламын»

21.09.2021, 16:42
Ресейлік шабуылшы негізгі құрамға жиі енбесе де, «кеншілер» сапында екі гол соғып үлгерді.
Идрис Умаев: «Қазақстан құрамасында ойнау туралы ұсыныс түссе, міндетті түрде ойланатын боламын»

"Шахтердің" ресейлік шабуылшысы Идрис Умаев Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында "кеншілердің" Конференция лигасында "Маккабиден" неге жеңіліп қалғанын, Қазақстан құрамасында ойнау мүмкіндігі және осы маусымда алдына қандай жеке мақсаттар қойып отырғанын айтты.

- Идрис, алғашқы дәстүрлі сұрағымыз: "Шахтерға" қалай ауыстың?

- Команданың бас бапкері Магомед Адиев қоңырау шалып, мені "Шахтерға" шақырды. Мен біраз уақыт ойланып, ауысуға келістім. Алдына міндеттер қоятын командада ойнау әрқашан қызық. Алда еурокубок матчтары мен ел кубогінің ойындары күтіп тұрған еді, команда алдына жоғары мақсаттар қойды. Сондықтан мен қарағандылық клубтың ұсынысын қабылдадым. Бұл мен үшін сынақ.

- Команда сізді қалай қабылдады? Бейімделу процесі қалай өтті?

- Мен командаға тез бейімделдім. Бұған дейін бірнеше ойыншымен алаңда жолымыз түйіскен, "Чайка" сапында Алан Чочиев және Владимир Хозинмен бірге ойнадым. Мені жігерлендіріп, көмектескен жігіттерге алғысым шексіз.


- "Шахтер" еурододада жақсы өнер көрсетті және Конференция лигасының топтық кезеңіне бір қадам жақын болды. Сіздің ойыңызша, командаға топтық кезеңге шығу үшін не жетіспеді?

- "Колоспен" өткен бірінші ойыннің алғашқы таймында 2-3 гол соғуымыз керек еді. Иә, екінші таймда қарсы шабуылдар кезінде алаң иелері гол соғуға жақын болды, бірақ менің ойымша, ойыншымыз алаңнан қуылғанға дейін басымдық бізде болды және ойын барысын бақылауда ұстадық. Екінші матчта екі командада да гол соғатын мүмкіндіктер аз болды. Иә, бұл ойында біз үшін бәрі ойдағыдай болған жоқ. Бірақ қарсылас шынымен де қауіпті сәттер жасай алмады. Матч тағдыры пенальти сериясында шешілді, онда біздің капитан үш соққыны тойтарып, өте жақсы өнер көрсетті.

- Бірақ қос ойынның нәтижесі бойынша "Маккаби Тель-Авивке" есе жібердіңіздер.

- "Маккабиға" келетін болсақ, біз бірінші ойында жақсы әрекет еттік, бапкерлер штабының нұсқауларын орындадық, бізден талап етілгендей гол да соқтық. Бірақ, өкінішке орай, гол соққаннан кейін біз 2 минуттың ішінде екі гол жіберіп алдық. Білмеймін, концентрацияны жоғалтып алған шығармыз. Менің ойымша, екінші кездесуде агрессия жеткіліксіз болды. Біз бірінші таймда жылдам гол жіберіп алдық, бұл шешуші рөл атқарды. Жалпы ойын тұрғысынан біз олардан кем болған жоқпыз.

- Биыл "Нижний Новгород" пен "Химки" сізге қызығушылық танытты. Алайда, "Ахмат" сізді сатудан бас тартты. Неге?

- Шынымды айтсам, бұл клубтардың маған қызығушылық танытқанын білмедім. Маған ешкім хабарласқан жоқ. Мүмкін "Ахматқа" ұсыныстар келіп, олар сатудан бас тартқан шығар.


- Сіздің "Каспийге" қосылатын мүмкіндігіңіз болды. Сіз бұл команданың ойынын көрдіңіз бе?

- Бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын. Мүмкін, клубтар келіссөздер жүргізген шығар, бірақ нақты ұсыныс болған жоқ. Біз бұл командамен әлі ойнаған жоқпыз, сондықтан әзірге ештеңе айта алмаймын.

- Сіздің әкеңіз Қазақстанның тумасы. Демек болашақта сіз біздің ұлттық құрамада ойнай аласыз. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Ұлттық құрамада ойнау - кез келген футболшы үшін үлкен мәртебе. Егер мұндай ұсыныс түссе, мен бұл туралы міндетті түрде ойланатын боламын. Бірақ қазір клубтағы ойыныма көп көңіл бөлемін.

- Сіз үшін Қазақстан чемпионаты болашаққа арналған трамплин болып табыла ма?

- Солай деп ойлаймын. Бірақ, әрине, бұл артқа жасалған қадам емес. Мен мұнда ойнау үшін, прогресс жасау үшін келдім. Қазақстан Премьер-лигасынан Еуропаның мықты чемпионаттарына ауысқан ойыншылардың бар екенін білемін. "Астана" еурокубоктің топтық кезеңінде ойнады, енді "Қайрат" Конференция лигасында өнер көрсетуде, сондықтан көптеген ойыншылар мұндай матчтарда өздерін жақсы көрсетуге және былайша айтқанда, жоғары көтерілуге мүмкіндік алады.


- Болашақта Ресей чемпионатына қайта оралуға ниет бар ма?

- Менің жалдау мерзімім қараша айының соңында аяқталады, сондықтан мен қалай болғанда да Ресейге, "Ахматқа" қайта ораламын. Егер мен осында қалғым келсе, соңғы шешімді "Ахмат" қабылдайтын болады

- Қазақстандық Марат Быстров "Ахматта" өнер көрсетеді. Сен оны білесің бе?

- Біз Маратпен таныспыз және бір қапталда ойнадық. Ол қорғаныста, мен шабуылда өнер көрсеттім.

- Оның ойыны туралы не ойлайсың?

- Өте жақсы жігіт және жақсы футболшы. Өз ойынының және еңбекқорлығының арқасында ол үнемі Қазақстан құрамасына шақыртылады. Мен ол үшін өте қуаныштымын.

- Соңғы сұрақ: "Шахтерде" сіз өзіңіз үшін қандай мақсаттар мен міндеттер қойдыңыз?

- Әрине, мен кез келген шабуылшы сияқты мүмкіндігінше көп гол соққым келеді. Бірақ ең бастысы өз ойыныммен командаға пайдамды тигізуді қалаймын. Біз мықты ойыншыларды жинадық, бізде білікті жаттықтырушылар штабы бар. Турнир кестесінде мүмкіндігінше жоғары көтеріліп, ел кубогінде жетістікке жету үшін бар күшімізді саламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×