Йохим Лев: «Қазақстан құрамасынан қорықпаймыз, бірақ сыйлаймыз»

22.03.2013, 16:56
Йохим Лев: «Қазақстан құрамасынан қорықпаймыз, бірақ сыйлаймыз»
Әлем біріншілігіне іріктеу аясындағы Қазақстан мен Германия арасындағы матч алдындағы немістердің бас бапкері Йохим Левтің тілшілерге берген сұхбаты. Соңғы екі апта біз үшін өте ауыр болды. Өйткені біз жарты жылдан бері енді жиналып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз Қазақстанмен өтетін екі кездесуде 6 ұпайды қоржынға салу. Қазақстанға келгенімізге өте қуаныштымыз, жігіттердің барлығы да жақсы көңіл-күйде, - деп бастады сұхбатты бас бапкер.  - Командаңыздағы ойыншылардың барлығы да Қазақстанға келді ме? - Жоқ. Астанаға тек 17 ғана ойыншы келді. Жаттығулар барысында бірнеше ойыншы жарақат алды. Мен ол ойыншылардың орнына ешкімді де шақырмауды жөн деп санадым. Сондай-ақ, Подольски, Хедира және Швайнштайгерде де аздап жарақат болды. Дегенмен, ол ойыншылар Қазақстанға келді. - Алматы қаласында тамаша стадион бар. Бұл ойынды сол жақта өткізгенде дұрыс болар еді ғой. Сіз қалай ойлайсыз? - Негізі біз басында бұл ойынды Алматыда өткіземіз деп жоспарладық. Бірақ, кейін Қазақстан Футбол Федерациясы матчты Астанаға ауыстырды. Бізге қай жерде ойнағанымыз маңызды емес. Бізге қалай ойнағанымыз маңызды. Сондықтан да, мен Астанадағы алаңнан ешқандай проблема көріп отырғаным жоқ. Оның үстіне біз осыдан екі жыл бұрын «Астана-Аренада» бір кездесу өткізгенбіз. - Жуырда еуропалық басылымдардың біріне берген сұхбатыңызда Германия құрамасы Қазақстанмен екі кездесу өткізгені дұрыс емес. Мұндай құрамалар негізгі іріктеуден бөлек, қосымша іріктеуден өту керек деген болатынсыз. Бұл туралы не айтасыз? - Қазақстан жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған ел. Мен бұл сұраққа екі түрлі көзқараспен жауап беремін. Бірінші - футбол сарапшысы ретінде, екіншісі бапкер ретінде. Бапкер ретінде айтатын болсам Қазақстан мен Германияның арасы ұзақ. Менің ойыншыларым шаршап қалады. Сондықтан да, екі кездесу өткізбеуге де келісемін. Ал, сарапшы ретінде әрине, Қазақстанға Германия сынды мықты құрамамен жиі кездесулер өткізіп, тәжірибе жинауы қажет. - Қарсыластарыңыз, яғни Қазақстан құрамасы туралы не айта аласыз? - Негізі менің зерттеуім бойынша, Қазақстан құрамасы «Астана» командасынан және бір-екі шет елден келген футболшыдан жасақталған екен. Біз бұл құраманы мұқият зерттедік. Команда қорғаныста жақсы ойнайды. Ирландиямен өткізген матчты қарадық. Бұл кездесуде сіздердің құрамаларыңызға шамалы ғана сәттілік жітіспей қалды. Жалпы, жақсы кездесу өткізген. Соңғы уақытта деңгейі біршама өскен. Әрине, алдағы кездесуде біз Қазақстан құрамасынан қорықпаймыз. Бірақ біз Қазақстан құрамасын сыйлаймыз! Астанадан арнайы Уалихан Қосанбай
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×