«Соңғы сынақ бәрінен ауыр» демеуші ме еді?! Сол рас екен. 2014 жылғы әлем чемпионаты іріктеу додасының қарсаңында соңғы жолдастық кездесуін өткізген футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы қанша тырысса да, премьер-лига легионерлерін жеңе алмады. Қазақстан – Легионерлер 2:2 Голдар: Шабалин, 9. Нұрдәулетов, 81-пен. — Юнузович, 58. Каньяс, 86. Ескертулер: Нұрдәулетов, 83 – Каньяс, 70, Мвесигва, 81. Қазақстан: Сидельников (Логиновский, 46), Энгель (Гурман 46), Мұхтаров (Дмитриенко), Рожков, Киров, Шабалин (Шомко), Мұжықов (Қонысбаев), Нөсербаев (Исламхан), Нұрдәулетов, Коробкин (Шахметов), Остапенко (Гридин). Легионерлер: Эрич, Мвесигва, Мехмедович, Джидич (Василевич), Лазаревски (Арури), Касьянов (Вичюс), Диакате (Говедарица), Семлер, Кетевоама (Арсеньевич), Чагелешвили (Юнузович), Зенькович, (Каньяс). Резерв: Гильерме. Төрешілер: Салий (Өскемен), Васютин, Тергеусізов (екеуі де – Алматы). 15 тамыз. Алматы. Орталық стадион. 15 000 көрермен. Ойын алдында бұл матчтың тартысты өтетініне күмәнданғандар көп болған. «Бір-бірін жақсы танып, өзара етене араласатын футболшылар аса тартысқа бара қоймайды. Әрі жолдастық кездесу болғандықтан жарақат алып қалудан қашады» дегенді алға тартқандар көп болған. Тіпті «легионерлер ойынды бере салады, келісіліп қойылған», деп матч тағдырын алдын ала шешіп қойған «сәуегейлер мен бақсылар» да көбейіп кетті. Алайда Алматыға жеңілу үшін келмегенін легионерлеріміз бірден аңғартты. Рас, бастапқыда аздап алаңға үйренісе алмай, тізгінді ұлттық құрама жігіттеріне беріп қойды. Соның арқасында сол қапталдан Сергей Остапенконың әуелете асырған пасына бірінші болып жеткен Павел Шабалин 9-минутта-ақ Мирослав Беранек командасын алға шығарған. Оның алдында да Қазақстан құрамасы бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, легионерлерді тығырыққа тіреген. Қақпашы Ненад Эричтің жанкештілігінің арқасында ғана алғашқы минуттарда есеп ашылмады. Әйтпесе Мұжықов, Нөсербаев, Нұрдәулетов бастаған жігіттер бір емес, екі-үш голдың басын қайырар еді.
Мирослав БЕРАНЕК, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері: – Өте қызықты ойын болды. Бастысы, көрермендерге шоу сыйлай білдік. Әрі командамның да кемшіліктерін біле алдым. Енді қыркүйек айының басында өтетін Ирландияға қарсы кездесуде осы қателіктерге жол бермеуге тырысамыз. Виктор КУМЫКОВ, Легионерлер құрамасының бас бапкері: – Жолдастық кездесу ғой деп қарамай, легионерлердің бұл ойында барын салғандары үшін ризамын. Олар өздерінің ғана емес, Қазақстанда ойнайтын бүкіл легионерлердің намысын абыроймен қорғады. Мұндай командамен Еурокубокта да жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал Қазақстан құрамасына келер болсам, бүгін бас команда жақсы ойнады. Өз тарапымнан ешқандай да кемшілік көрген жоқпын. – Легионерлер сапында ойнаған футболшылар алдағы уақытта «Шахтерде» өнер көрсетіп қалуы мүмкін бе? – Әлбетте, маған ұнаған ойыншылар бар. Бірақ есімдерін атай алмаймын. Өйткені менің қызығатынымды білсе, ертең ол футболшының клубы жалақысын өсіріп жіберуі мүмкін. Не болмаса, жаңа келісімшарт ұсынып қоюы да ғажап емес. Юсуп ШАДИЕВ, ардагер футболшы: – Өте қызықты матч болды. Қырғызстан секілді ұлттық құрамалармен жолдастық кездесу ұйымдастырғанша, Легионерлерден құралған командамен ойнаған әлдеқайда тиімдірек. Рас, легионерлерде аздап түсіністік болмады. Бірақ мұндай матчты ұйымдастырудың жақсы идея болғанына көзіміз жетті.
Әзиз ЖҰМАДІЛ
алаш арена
КПЛ-ға тиімді ставкалар мен арнайы акцияларды FONBET ұсынады – Қазақстандағы ең үздік VIP-бағдарламасы бар букмекер. Жаңа клиенттерге осы сілтемемен, ALADOP промокоды арқылы тіркелгенде, FONBET алғашқы шотты толықтырғаны үшін 200 000 теңгеге дейін бонус береді: http://www.fonbet.kz/s/21Xe9a