Испан жеңістерінің іргетасын қалаған "батыл адам"

03.02.2014, 17:52
Испан жеңістерінің іргетасын қалаған "батыл адам"

   Егер сіз футбол матчына 22, және оларды ойын барысында алмастыратын футболшылар ғана қатысады десеңіз қателесесіз. Негізінде оларға қоса ойынға, алаңға шықпаса да тағы екі адам, командалардың тізгінің ұстаған жаттықтырушылар да қатысады. Олар 90 минут бойы(кейде одан да көп) жасыл алаңдағы  әр эпизодты, ойынның әр бөлігін назардан тыс қалдырмайды, команданың осал тұстарын тактиканы өзгерту, ойынға тың ойыншы қосу, тіпті кейде бар даусымен айқайлау арқылы толықтыруға тырысады. Жаттықтырушысыз команда-капитансыз кеме секілді.

     Бүгін мен сөз еткелі отқан тұлға, “кәрі құрлықтың” сонау  оңтүстік-батыс нүктесіндегі , Испания атты мемлекетте кіндік қаны тамған, және жалған дүниенің соңғы күндерін де сол жерде өткізген-Луис Арагонес. 1-ші ақпан күні, футбол әлемінің қабырғасын қайыстырған суық хабар Мадридтен келіп жетті. Тарихтағы атақты футбол жаттықтырушыларының бірі, тіпті бірегейі Луис Арагонес дүниеден озды. Арагонес жаттықтырушылық орындықта 1000 ойыннан артық отырған Испаниядағы жалғыз маман. Басым бөлігі “Атлетико Мадрид” жаттықтырушысы ретінде өткен, және бір қызығы ойыншы ретінде де біраз жыл  осы клубта доп тепкен. Бірақ клубтық карьерасы, сол кездері Испанияның 3-ші дивизионында ойнайтын “Хетафе” командасында басталған.  Жылдам, талантты, болашағы бар жартылайқорғаушыға “корольдік клубтың” скауттары назар аударған болатын. “Реалға” келгенімен  жас Луис, бәсекелестікте аңыз Ди Стефано, Хенто, Пушкаш, Риаль, Сантомария сияқты футболшыларға жол беріп,  тек екінші команда да ғана ойнайды. “Реалдан” кетіп, бірнеше клубтарда өнер көрсеткеннен кейін, 1964-ші жылы Атлетикоға келіп, келесі 10 жылын осы клубта өткізеді. Бұл командада өткізген жылдары нәтижелі болады. 3 рет Испания чемпионы, 2 мәрте Испан кубогінің иегері атанады.  Еуропа чемпиондарының кубогінің (қазіргі Чемпиондар лигасы) финалына дейін жетіп, Баварияға ғана жол береді. Ал, 1974-1975 маусымда, 37 жасында оны клуб, жаттықтырушысы орындығында көргісі келетіндігін айтады. Арагонес өз келісімін берді. Жарты жыл өтпей-ақ бірінші жеңісін тойлайды. Және қандай десеңізші? Клубтар арасындағы әлем чемпионаты.  Еуропаның атынан “Бавария”  турнирге қатысуы керек болғанымен, немістер бас тартып, бұл құқыққа “Баварияға” финалда жеңілген “Атлетико” ие болады. Финалда аргентиналық “Индепендьентені” сан соқтырған Арагонес шәкірттері турнир жеңімпазы атанады. Міне, жаттықтырушы ретіндегі ұзақ жолы осылай басталған еді,  испандық бас кейіпкеріміздің. 35 жылын испан футболына арнайды. Оның 11 жылын Атлетикоға, 4 жыл уақытын ұлттық құрамаға. Сонымен қатар, “Бетистің”, “Мальорканың”, “Севильяның”, “Эспаньолдың” тізгінің ұстайды. “Атлетикомен” Испания чемпиондығын, екі мәрте Испан кубогін, Суперкубокті және “Барсамен” Испан кубогін еншілейді. Ал, 2004-ші жылы, 66 жасында Испания ұлттық құрамасын жаттықтыру үшін, Испан  футбол федерациясының ұсынысын қабыл алады. Ол кезде Испанияның жағдайы қиын еді. Команда 2 жыл бұрынғы әлем чемпионатында ширек финалда жеңіледі, ал Португалиядағы “кәрі құрлық” біріншілігінде де тіпті, топтан шыға алмай,  жолы болмайды. Луис Арагонестің мақсаты, 2006-шы жылғы Германияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алып, нәтижелі ойын көрсету болатын. Іріктеу кезеңінде де, неміс елінде де топтық турнирде де жеңілмей, тек 18 финалда болашақ финалистер,  Зидан бастаған жігіттерге жол береді. Әлем біріншілігінен кейін, отставкаға кетуге ұсыныс жасағанымен, Испанияның футбол федерациясы, ұлттық құрама дұрыс бағытта келе жатыр деген шешімге келіп, Луис Арагонес ұсынысын қабылдамайды. 2008 жылы, Еуропа чемпионатында Арагонес,  тас қамал қорғанысты, жартылайқорғанысы мықты, допқа ойынның кем дегенде 70 минутында  иелік ететін команданы құра біледі. Әлем чемпионы Италияны, неміс машинасын тізе бүктіріп, 1964-ші жылдан бері, Испания сонша аңсаған жеңіске қол жеткізеді. Бұл жеңістен кейін Луис Арагонес орнынан кетіп, түркиялық “Фенербахче” клубын бір жыл көлемінде жаттықтырады. Мүмкін, біз көрген, көріп жүрген 2010-шы жылғы  Әлем чемпионы, 2012-шы жылғы Еуропа чемпионы Испанияны құрған,  Дель Боске болып көрінер. Әрине, оның да еңбегі бары сөзсіз. Бірақ, 4 жыл бойы Испанияны жаттықтырып, өздеріне сенімді ұжымды құрған-Луис Арагонес екенін ұмытпаған жөн. Мүмкін біз көрген, көріп жүрген “Барселонаны”-Гвардиола құрған болып көрінер. Бұл жерде де, әрине Гвардиола еңбегі зор. Біреулер Испанияның футболы-“Барселона” футболы дер. Қателеседі, керісінше Барселона футболы-тура,  Арагонес құрған Испания футболы.  2008-ші жылы Испания Еуропа чемпионы атанғаннан кейін, сол жылдан бастап “Барселонаның” “гегемониясы”  басталады. Бұл, жай ғана сәйкестік емес. Испан тарихында, Луис Арагонес есімі алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Испан футболына тың серпіліс, сенімділік еңгізген, болашақ жеңістердің іргетасын қалаған-Луис Арагонес. Ол болмаса, Испания бұндай жетістіктерге қол жеткізпеген болар еді. Себебі, іргетассыз үйдің де салынбайтыны анық. Футбол үшін жанын берген, әр таңын футбол деп атқызған, әр күнің футбол деп өткізген ірі тұлға келмеске кетті.  Жаны жәннәтта болсын!   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×