Испания суперкубогі каталондықтарға бұйырды- 2

19.08.2011, 00:51
Испания суперкубогі каталондықтарға бұйырды- 2
Ғасырға жуық теке-тіреспен келе жатқан қарсыластардың ойыны шынында да классикоға тән өтті. Мадридтегі алғашқы матчта командалар 2:2 есебімен тең тарасқан еді. Барселона алаңында өткен қарымта кездесу де әдемі голға толы болды. Алдымен Каталония командасы есеп ашты. 15-ші минутта Лионель Месси оң қапталдан орталық алаңға қарай құстай ұшты да, алғы шепке ұмтылған Андрес Иньестаны паспен жарылқады. Касильяспен жеке-дара шыққан жартылай қорғаушы допты қақпаның алыс бұрышына қарай асыра салды. Араға бес минут салып, Корольдік клуб лайықты жауап қатты. Кезекті бұрыштан басталған шабуылға дем берген Бензема допты Рамосқа сырғытты. Реал қорғаушысы Роналдоны іске қосып, нәтижесінде Криштиану таразы басын теңестірді. Барселона тайм аяқталуға бір минут қалғанда қайтадан алға шықты. Хавидің сол қапталдың бұрышынан тепкен добы Месси арқылы Пикеге жетті. Аргентиналық шабуылшының қимылын тез ұққан Пике допты бірден Мессидің аяғына салды. Мүмкіндікті мүлт жібермеген футболшы алаң иелерін алға жетеледі. Реал үзілістен кейін есе қайтарды. Екінші таймның соңғы он минутында қос команда да нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. 82-ші минутта бұрыштан келген допты Пепе Бенземаға жеткізіп, француз шабуылшысы қорғаушыларды қапы қалдырып, қақпаның бір бұрышын дәл көздеді. Алайда Барселона соңғы сөзді 88-ші минутта айтты. Жақында ғана Каталония клубының жейдесін киген Сеск Фабрегас оң қапталдан жаңа шабуылды бастады. Лионель Месси арқылы жалғасқан шабуылға Адриано көмектесті. Оң қапталдан ұшқан допқа аяғын тосқан Марадона ізбасары суперкубок тағдырын шешті. Қорытынды есеп:3:2. Барселона суперкубокты еншіледі. Ал Месси осы жарыстағы Раульға тиесілі ең мерген шабуылшы атағына өзгеріс енгізіп, сегіз голдың авторы атанды. (Хабар" агентігі)
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×