
«Қайсар» қызылордалық кәсіпкерден алған ақшасын қайтармай отыр дейді «Серый CARDINAL» телеграм-арнасы.
Қызылордалық клуб басшылығы бұдан бөлек бапкерлік құрам мен футболшыларға сыйақы беруде қиындықтарға топ болған көрінеді.
«Былтырғы жылы клубқа салынған тыйымды алып тастау үшін, «Қайсар» бір кәсіпкерден шамамен 15 миллион теңге көлемінде қарыз алған. Бұл қарыз ресми келісімшартпен рәсімделген. Алайда, «дала қасқырларының» басшылығы бұл қаржыны қайтаруға асығар емес. Қандай себеппен екені белгісіз. Осындай әрекеттерден кейін «Қайсармен», дәлірек айтқанда қазіргі басшылықпен, демеуші болғысы келетіндер табыла қоюы екіталай. Екінші мәселе – сыйақы төлеу. Біздің дереккөздерімізге сүйенсек, осы маусымда жиналған ұпайлар үшін қызылордалықтар бапкерлер штабы мен ойыншыларға тиесілі бонустарды әлі төлемеген.Үшінші жайт – облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың уәдесіне қарамастан, жазда команда құрамын мықты ойыншылармен толықтыруы екіталай. Себебі, маңызды ойыншылар мұндай мақсаттармен (лигада қалу) және мұндай қаржылық жағдаймен (жалақы шектеуі мен сыйақы жоқтығы) келмейді. Көп жағдайда, жанкүйерлердің наразылығын уақытша басу және уақыт ұту үшін ғана уәде берілген болуы мүмкін», – делінген жазбада.
«Қайсардың» ҚПЛ-дегі сәтсіздіктерінен кейін жанкүйерлер клуб басшылығы мен облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтан жағдайды түсіндіруді талап еткен. Сөйтіп, жауаптылар ситуацияны жуық арада түзейтіндіктерін жеткізді. Қызылордалық ұжым 9 турдан кейін 7 ұпаймен оныншы орынға жайғасқан. Келесі турда «дала қасқырлары» 25-мамырда «Атыраумен» жолығады.
Біздің серіктес: FONBET