Винисиус Жуниорға нәсілдік қорлау жасаған 5 адам түрмеге жабылды

22.05.2025, 13:00

2025 жылғы 21 мамырда Испанияның Вальядолид провинциялық соты “Реал Мадрид” шабуылшысы Винисиус Жуниорға нәсілдік қорлау көрсеткен бес адамды бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Бұл нәсілдік қорлау алғаш рет “жеккөрушілік қылмысы” ретінде тіркелді.

Винисиус Жуниорға нәсілдік қорлау жасаған 5 адам түрмеге жабылды

2022 жылғы 30 желтоқсанда Вальядолидтегі “Хосе Соррилья” стадионында өткен “Реал Вальядолид” пен “Реал Мадрид” арасындағы матч кезінде бес жанкүйер Винисиус Жуниорға нәсілдік және гомофобиялық тіл тигізіп, қорлаған. Олардың әрекеттері бейнежазбалар арқылы дәлелденіп, сотта айыптарын мойындап, прокурормен келісімге келген.

Сот шешімі бойынша:

– Әрқайсысы 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

– 3 жыл бойы футбол матчтарына қатысуға тыйым салынды.

– 4 жылға дейін білім беру, спорт және балалармен жұмыс істеу салаларында қызмет етуге тыйым салынды.

– 1080 - 1620 еуро аралығында айыппұл салынды.

– 1 жылға сайлау құқығынан айырылды.

Испания заңдарына сәйкес, егер бірінші рет қылмыс жасаған адамға екі жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ол шартты түрде орындалады.

Ла лига президенті Хавьер Тебас бұл үкімді Испаниядағы нәсілшілдікпен күрестегі маңызды қадам ретінде бағалап, стадиондарда нәсілдік қорлауға жол берілмейтінін мәлімдеді. ФИФА президенті Джанни Инфантино да бұл шешімді оң бағалап, футболдағы нәсілшілдікке қарсы күрестің маңыздылығын атап өтті.

Винисиус Жуниор бұл үкімді барлық қара нәсілді адамдар үшін әділеттілікке жету жолындағы маңызды жеңіс деп санады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×