
Қазақстан Премьер-Лигасының 25-туры аясында өткен кейінге шегерілген матчта қызылордалық «Қайсар» өз алаңында Жезқазғанның «Ұлытау» командасын қабылдады.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері басымдықты қолға алғанымен, қауіпті сәттер ұйымдастыруда қиындыққа тап болды. Ал қонақтар болса қарсы шабуылда сәтті ойнап, 17-минутта Жасұлан Молдақараев алыстан төменгі бұрышты дәл көздеп, есеп ашты.
36-минутта «Ұлытау» ойыншысы Хосе Карильо Мансилия тікелей қызыл қағаз алып, командасын азшылықта қалдырды. Бұған қарамастан, жезқазғандықтар қорғаныста сәтті ойнап, ұзақ уақыт өз қақпаларын қорғап бақты. Алайда матчтың аяқталуына аз қалғанда, 87-минутта Нұрдәулет Ағзамбаев есепті теңестіріп, «Қайсарға» бір ұпай алып келді. Есеп: 1:1.
Осы нәтиже бойынша «Қайсардың» еншісінде 13 ұпай болса, «Ұлытау» 12 ұпаймен турнирлік кестенің төменгі бөлігінде қалып отыр.
«Қайсар» — «Ұлытау» 1:1 (0:1)
Голдар: Молдақараев 17’ (0:1), Ағзамбаев 87’ (1:1)
Қызыл қағаз: Мансилия, 36 минут («Ұлытау»)
Біздің серіктес: FONBET