"Камп Ноуға" келген қарсыласының "екі аяғын бір етікке тығатын" "Барселона" қайда?

20.02.2017, 17:11
"Камп Ноуға" келген қарсыласының "екі аяғын бір етікке тығатын" "Барселона" қайда?
_sgq_rgwhj4Испания Примерасының 23-турында каталондық "Барселона" өз алаңында "Леганесті" қабылдады. "Реал Мадридпен" арадағы ұпай айырмашылығын ескерсек, каталондықтар үшін әр ойын финал іспеттес. Бір ойында жеңілсе, биылғы чемпиондықтан үміттерін үзсе де болады. Себебі, "корольдік клуб" мына қарқынымен оңайлықпен ұпай жоғалта қоймасы анық. Чемпиондар лигасының 1/8 финалында қонақта "Пари Сен-Жерменге" оңбай ұтылған соң әлі естерін жинай алмағаны көрініп тұр. "Барселона" үшін босаңсыйтын кез емес. Тез арада естерін жыймаса, қарсыластары қарап қалмасы анық. Ал енді түндегі ойынға келер болсақ, "Барселона" әдеттегідей ойынды қарқынды бастады. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ есепте алға шықты. Сол қанаттан асырған Суарестің пасынан кейін Месси есепті ашты. Осы голдан кейін бәрі "Барселона" қарсылас қақпасын голға толтырады деп ойлағаны анық. Бірақ ойынның 71-минутына дейін таблода осы есеп жанып тұрды. Серхи Роберто болмайтын жерден қорғаныста қателесіп қарсыластың оңай гол соғуына алып келді. Сонымен, есеп тең. Қос тарап алма-кезек шабуылдап жатты, бірақ 90-минутқа дейін гол көрмедік. Ойын аяқталуға жақын қалғанда Неймар қарсыластың айып алаңына кірген сәтте "Леганес" ойыншысы Неймарды ережеге сай емес әдіспен тоқтатты. Төреші ойланбастан 11 метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге Месси келді. Мессидің мүлт кетпейтініне ешкім күмәнданбады. Месси каталондық жанкүйерлердің үмітін ақтады. Есеп қайтадан "Барселона" пайдасына. Төреші қосқан бес минутта ештеңе өзгерген жоқ. Мессидің қос голы "Барселонаға" жеңіс сыйлады. Каталондықтар аса ауыр болған ойында үш ұпайды қанжығалады. 23 турда жинаған ұпайлары 51-ге жетті. Чемпиондық үшін таластағы басты қарсыластары "Реал Мадридте" 52 ұпай, бірақ олардың әлі ойналмаған екі ойыны бар.

                                                                                                    Марғұлан ЖАҚЫП

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×