Кәрім Адейеми - Холандтан кейінгі жарық жұлдыз

12.12.2021, 22:47
Неміс футболшысы норвегиялық шабуылшының жолымен жүріп келеді.
Кәрім Адейеми - Холандтан кейінгі жарық жұлдыз

Футбол әлемінде әр маусым сайын көптің назарын өзіне аудартқан жас ойыншылар пайда болуда. Мысал ретінде леверкузендік «Байерде» өнер көрсететін Флориан Вирцті айтсақ болады. Бірақ назар аударуға тұрарлық тағы бір жас футболшы бар. Бұл - «РБ Зальцбург» шабуылшысы Кәрім Адейеми.


19 жастағы шабуылшы қазірдің өзінде топ-клубтардың трансферлік нысанасына айналды. Бұл тинейджер Эрлинг Холландтың жолымен жүріп келеді. Норвегиялық шабуылшы да дәл осы жаста австриялық клубтан «Боруссия Дортмундқа» ауысқан еді, ал қазір әлемдегі ең қымбат ойыншылардың бірі саналады. Бірақ екі футболшының өмір жолы екі түрлі өрбіді. Бүгін біз неміс футболшысына тоқталатын боламыз.

Адейеми 2002 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Әкесі Нигериядан, анасы Румыниядан. Кәрім дүние есігін Мюнхенде ашты, сондықтан Германия азаматы болып табылады. Ол футболмен бала кезінен айналыса бастады. 8 жасында футбол әліппесін үйрену үшін «Баварияның» академиясына түсті, бірақ онда бар болғаны 2 жыл өткізді. Клуб басшылығында жас ойыншының болашағына күмәнмен қараған адамдар болды. Нәтижесінде, Кәрім мюнхендік клубпен байланысын үзді.

2011 жылы Адейеми «Форстенрейдке», бір жылдан кейін «Унтерхахинг» командасына ауысты. Бұл Мюнхеннің шетіндегі клуб, қазір бұл команданы Сандро Вагнер жаттықтыруда. Дәл сол жерде жас шабуылшы өзінің ең жақсы, яғни бомбардирлік қасиеттерін көрсете бастады. 2017/18 жылғы маусымда ол U-17 және U-19 командаларында 22 матч өткізіп, 16 гол соқты. Мұны байқаған «РБ Зальцбург» клубы футболшыны 2018 жылдың шілдесінде 3,5 миллион еуроға сатып алды.

Бірақ «бұқалар» оны бірден «Лиферинг» деп аталатын фарм-клубына жалға жіберді. 2018/19 жылғы маусымда футболшы Австрия чемпионатының екінші дивизионында 20 матч өткізіп, 6 гол мен 2 нәтижелі пасты өз еншісіне жазды. Неміс шабуылшысы келесі маусымның екінші жартысында «Зальцбургке» оралды. Ал 2020 жылдың 3 маусымында австриялық клубтағы дебютін жасады. Форвард «Рапидке» қарсы матчта 22 минут ойнап, нәтижелі паспен көзге ілікті.

Кәрім «бұқалар» үшін алғашқы голын 2020 жылдың 1 шілдесінде «Штурммен» болған ойында соқты. Сол маусымда Адейеми Еуропа лигасындағы дебюттік ойынын «Айнтрахт Франкфуртқа» қарсы өткізді. Сонымен қатар шабуылшы УЕФА жастар лигасының әрбір дерлік матчында нәтижелі әрекеттерімен ерекшеленді.

Кәрім өткен маусымда «Зальцбургтің» негізгі ойыншысы болған жоқ. Адейеми қосалқы құрамнан шығып жүріп, Австрия Бундеслигасында 29 матчқа қатысты. Аз ойнаса да 7 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Содан кейін жас шабуылшы Чемпиондар лигасындағы алғашқы голын соқты («Локомотив» қақпасына).

Неміс футболшысы биылғы маусымда бұдан да жақсы өнер көрсетуде. Нақтырақ айтсақ, ол ел біріншілігінде 14 кездесуде 11 гол соғып үлгерді.


Дәл қазір Адейеми Австрия чемпионатының үздік бомбардирі болып табылады. Ол орта есеппен 88 минут сайын 1 ​​голдан соғады. Бұл лигадағы ең жақсы көрсеткіш. Чемпиондар лигасында да Кәрімнің ойыны жүріп тұр. Кәрі құрлықтың басты додасының 5 ойынында төбе көрсетіп, 3 гол соққан. Осы уақытқа дейін Кәрім «РБ Зальцбург» жейдесінде 73 кездесу өткізіп, 25 гол мен 17 нәтижелі пастың авторы атанды.

2018 жылдың ақпан айынан бастап Адейеми Германия жастар құрамасында өнер көрсетіп келеді. Елдің басты командасы үшін дебюттік ойынын 2021 жылдың 5 қыркүйегінде Армения құрамасына өткізді. Форвард алаңда 18 минут қана өткізгенімен, гол соғып үлгерді. Солтүстік Македониямен болған текетіресте нәтижелі пасымен көзге түсті. Шабуылшы Флик баптайтын «неміс мәшінесінде» небәрі 48 минут ойнады, бірақ соның өзінде 2 нәтижелі әрекет жасады. Сонымен қатар Кәрім соғыстан кейінгі кезеңде Австрия чемпионатынан Германия құрамасына шақыртылған алғашқы ойыншы атанды.


19 жасында Адейеми Германия жастар құрамасымен бірге Еуропа біріншілігінде топ жарды, екі дүркін Австрия чемпионы, екі дүркін ел кубогінің иегері атанды. Сондай-ақ шабуылшы Германияның үздік жас футболшыларына берілетін Фриц Вальтер медалін жеңіп алды. Осындай талантты футболшыға «Ливерпуль», «Бавария», «Арсенал», «Боруссия Дортмунд», «Барселона» және ПСЖ командалары қызығушылық танытуда.


Инсайдерлік мәліметтерге қарағанда, Кәрімге «Боруссия Дортмунд» ұзақ мерзімді келісім-шарт ұсынып үлгерді және шабуылшы үшін австрриялық клубқа 35 миллион еуро төлеуге дайын. Эрлинг Холандтың мансабына бір үңілсе, Адейеми бұл ұсыныстан бас тарта алмайды. Оның үстіне, норвегиялық футболшы жазда командасын ауыстыруы мүмкін, бұл жағдайда Кәрім «Боруссия Дортмундтың» негізгі шабуылшысына айналады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×