
Бүгін отандық бапкерлер арасында ҚПЛ клубына бас бапкер болған ең жас маман Ринат Алюетов «Ертіс» тізгініндегі алғашқы кездесуін өткізеді.
Бірінші лиганың 9-турының аясында 35 жасар маманның «Ертісі» ақтаудың «Каспийін» қабылдамақ. Ақтаулық ұжым дәл қазір Бірінші лигада көш бастауда. Жалпы, клуб жақсы серияда келе жатыр – «Каспий» қатарынан үш ойынды жеңіспен аяқтады. Сондықтан, Ринат Алюетов үшін бүгін нағыз сынақ болғалы тұр. Оның үстіне «Каспий» Ринат Мұратұлының бұрынғы командасы екенін де қоса кету керек. Ринат Алюетов бапкерлік мансабын «Жетісу Б» командасымен бастады. Талдықорғандық клубпен жемісті өнер көрсетіп, тәуір нәтиже берген болатын. Осыдан кейін Ринат Мұратұлы 31 жасында «Жетісудың» басты командасын тізгіндеді. Сол кезеңде ҚПЛ-дегі ең жас бас бапкер есептелген маман, кейін тағы түркістанның «Тұранын», елордалық «Жеңіс», семейдің «Елімайын» жаттықтырды. Соңғы жұмыс орны ақтаулық «Каспий» болды.
«Ертіс» Бірінші лиганың 8 турынан кейін 18 ұпаймен екінші сатыға жайғасқан. «Ертісті» маусымға Қайрат Нұрдәулетов дайындап, бірнеше тур бойы табысты жаттықтырған болатын. Алайда маусым басында аяқ-астынан қызметінен өз еркімен кеткен еді.
Біздің серіктес: FONBET