
24–25 мамыр күндері Қазақстан Премьер-лигасының оныншы туры өтеді. Осы орайда тур алдында әр матчқа тоқталып көрдік.
24 мамыр
«Қайрат» – «Оқжетпес»
Уақыты: 18:00
Қазақстан чемпионы саналатын «Қайрат» клубы өткен аптада алғаш рет жеңіліске ұшырады. Семейдегі соңғы минуттағы гол турнир кестесіне де әсерін тигізіп, 2-орынға сырғыды. Енді өз атақтарын қорғап қалғысы келсе, еш босаңсымауы тиіс. Себебі, чемпиондыққа қарсылас саналатын «Ақтөбе» клубының алдағы демалыста жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне алматылық ұжымның сұрмергені саналатын Дастан Сәтпаев кейінгі турларда көзге түсе алмай жүр. Бірінші лигадан көтерілген «Оқжетпес» әзірше маусымның басты жаңалығы болып тұр. Кіммен болса да, соңына дейін жанын салып ойнайды. Бұл сәтті ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев те елеусіз қалдырмай, алғаш рет кеңейтілген тізімге Дамир Марат, Дәурен Жұмат, Алияр Мұхамед енді. Десе де, алаң иелерінің жеңіске жету мүмкіншілігі жоғары.
«Ордабасы» – «Ұлытау»
Уақыты: 19:30
Командалардың қазіргі жай-күйі мүлдем басқаша деңгейде. Маусымның басында шымкенттіктер турнир кестесінің соңында болса, қазір 4 жеңіс сериясының арқасында 6-орынға көтерілді. Бұл ұжымның жоғары орындарға ұмтылатындығын ескерсек, алдағы турда ұпайдан шашау шығармауы керек. Ел чемпионатында бірнеше бапкер отставкаға кетіп үлгерді. Алайда 6 жеңіліс сериясымен келе жатқан жезқазғандықтардың тарапынан әзірше бапкер ауыстыру жайлы ақпарат естілмейді.
«Астана» – «Жеңіс»
Уақыты: 19:30
Елордалық дерби үнемі көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Қос ұжым жақында ғана Қазақстан кубогының 1/4 финалында жолығып, «Жеңіс» сенсациялық түрде келесі айналымға өтіп еді. Енді «Астананың» өзіндік қайтаратын есесі бар. Оның үстіне олардың өткен турда ойындары жүрмесе де, Назми Грипшидің шеберлігі кездесу тағдырын шешіп кетіп еді. Сондықтан матчтың фавориті кім екендігін айтпаса да түсінікті. Ал бапкерін ауыстырған «Жеңіс» әзірше чемпионаттағы жеңістің дәмін тата алмай жүрген санаулы ұжымның бірі. Бұл сәтсіздікті тоқтатуға тырысатындығы анық.
25 мамыр
«Жетісу» – «Ақтөбе»
Уақыты: 16:00
Бір қарағанда ақтөбеліктердің айқын фавориті екендігі анық. Біріншіден, кейінгі 5 турда 5 рет жеңіске жетіп, 2 гол ғана жіберді. Екіншіден, турнир кестесінде көш бастап тұр. Үшіншіден, ойыншылар деңгейі әртүрлі. Бірақ 2024 жылғы маусымда да дәл осындай жағдай болса да, талдықорғандықтар күтпеген жерден 2:1 есебімен жеңіп кетіп еді. Гол соғу жағынан мәселе болғанымен, бұл ұжымның қарымта шабуылы қауіп тудыратынын естен шығармауға тиіспіз.
«Қызылжар» – «Елімай»
Уақыты: 18:00
Нақты фаворитті айту өте қиын. Қос клуб 10 күндей бұрын ғана Қазақстан кубогының ширек финалында күш сынасып, петропавлдықтар пенальти сериясымен басым түскен еді. Ел чемпионатының кейінгі 5 турында бір мәрте ғана есе жіберді. Өткен турда «Елімай» ел чемпиондарын жеңіп, кішігірім сенсация жасаған еді. Тіпті Андрей Карповичтің кетуі жайлы сыбыс тараған. Бірақ қазір де босаңсуға болмайды. Тәртіпке жүгінетін қос ұжымның арасындағы жеңімпаз 1 голмен ғана анықталып кетуі әбден мүмкін.
«Атырау» – «Қайсар»
Уақыты: 18:00
Өткен турда жеңіліс сериясын тоқтатқан «Атыраудың» кезекті рет ұпай алуына жақсы мүмкіндік. Алаң иелері соңғы рет тек 1 наурызда ғана жеңіске жеткен. Бір жағынан өткен турдағы тең ойын бұл ұжымды қаншалықты дағдарыстан шығара алғанын бақылау да ққызығушылықты тудыратыны сөзсіз. «Қайсар» Қызылордада жанкештілік көрсеткенімен, биылғы маусымда сырт алаңда әлі ұпай алып көрмеді. Статистикаға көз жүгіртсек, командалар көп жағдайда тең тарқасады және көп гол соқпайды.
«Тұран» – «Тобыл»
Уақыты: 20:00
Турдың ең қызықты ойындарының бірі. Көп шабуылдауды ұнататын командалардың арасында көп голға да куә болуымыз мүмкін. Өткен турда Қызылордада білгендерінен жаңылған «Тұран» қателіктерінен сабақ шығарды ма екен? Статистикаға көз жүгіртсек, түркістандықтар өз тарихында әлі «Тобылды» жеңіп көрмеген. Қазір де фаворит қонақтар.
Біздің серіктес: FONBET