
Бүгін ел чемпионатының 13-туры аясындағы тағы 2 ойын өтеді.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Ұлытау» (Жезқазған)
Басталуы: 17:00
Өтетін орны: Ғани Мұратбаев атындағы стадион (Қызылорда)
Бұған дейін кездеспеген
Бүгінгі ойын күні көпшіліктің назары Ақтөбеге ауып, Қызылордадағы матчқа айтарлықтай көңіл бөлмеуі мүмкін. Себебі, командалар турнир кестесінің соңғы бөлігінде орналасқан. Бірақ бір қызығы, «Қайсар» 4 жеңіліссіз сериясымен келе жатса, «Ұлытау» 3 мәрте қатарынан қарсыластарын жеңуде. Ал енді Ғани Мұратбаев атындағы стадионда қайсыбір ұжымның есе жіберуі әбден мүмкін. Қызылордалықтар аздаған басымдыққа ие болғанымен, нақты фаворитті айту қиын. Алаң иелері осы маусымда өз жерінде тек «Тұранды» ғана жеңіп, басым ойындарын тең есеппен аяқтаған. Жезқазғандықтардың сырт алаңда гол соғу көрсеткіші өте төмен. Бірақ кейінгі жеңістері оларға үлкен сенімділік береді. Матчта көп гол көре алмайтын шығармыз. Өйткені командалар 34 градус ыстықта доп теппек.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Астана» (Астана)
Басталуы: 20:00
Өтетін орны: Қобыланды батыр атындағы стадион (Ақтөбе)
«Ақтөбенің» жеңісі – 12
«Астананың» жеңісі – 28
Тең ойындар – 13
Осы турдың ең қызықты ойыны. Букмекерлер қонақтарды фаворит ретінде есептейді. Неге? Біріншіден, елордалықтар биылғы маусымда түзде әлі жеңілмеді. Екіншіден, «Астана» 4 жеңіс сериясымен келе жатыр. Егер олар бүгінгі матчта жеңіске жетсе, көшбасшы орынын қайтарып қана қоймай, ақтөбеліктерден 7 ұпайға ұзап кетпек. Бірақ өткен ойындардың тарихына көз жүгіртсек, алаң иелері 2021 жылдан бері жеңілмей келе жатыр. 13 мың жанкүйердің алдында еш қарсылықсыз жеңіле салу «Ақтөбеге» тән қасиет емес. Еурокубок алдында дәл осындай қарсыласты жеңу алаң иелеріне психологиялық басымдық беруі тиіс.
Біздің серіктес: FONBET